KZ
Өскемен
+15°
ясно жел 1 м/с, В
441.66 475.14 4.86

Ауылда электронды оқу залы бар

11.06.2013, 18:00 108


Еліміздің ауылдық округтері арасында электронды зал тұңғыш рет біздің облыста, Қалбатау ауылының Жастар үйіндегі кітапханада ашылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Жаңа технологиялармен жабдықталған электронды оқу залына 15 ноутбук, проектор қойылып, Интернет желісіне қосылған. Соның нәтижесінде бүгінгі ауыл кітапханасы жаңа технологиялар көмегімен әркімнің талғамына, ізденісіне сай қызмет көрсете алатын нағыз әлеуметтік-іскерлік ақпараттық орталыққа айналыпты.

Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біздің сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керектігі туралы айтылған болатын. Бұл тұрғыда ақпараттық жаңа технологиялар-дың көпшілік-қоғамдық орындарда кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан ақпараттық-коммуникациялық технологиялар экономиканың тұрақты өсіміне, алға ұмтылған адамның біліктілігін арттыруға ықпал етіп отыр. Ал Қалбатаудағы осындай жобаның іске асырылуы ауыл тұрғындарының білімдерін жетілдіруіне, бірыңғай ақпарат жүйесін құруға даңғыл жол ашып берді.

Кітапхана мамандары келушілерге Интернетті күнделікті өмірімізде қолдану мүмкіндіктері жайында түсіндіріп, оның көмегімен қажетті ақпаратты қалай жылдам табуға болатынын көрсетіп отырады. Бұрын анықтамалық-библиографиялық қызмет көрсетуде кітапхананың өзінің қоры ғана қолданылса, қазіргі таңда Қалбатаудағы кітапхана мамандары қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана ресурстарын, сондай-ақ, шетелдердегі кітапханалар қорларын, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына байланысты ақпараттарды да пайдалануға қол жеткізді. Ең бастысы, электронды үкіметтің онлайн қызметін ұсыну мүмкіндіктерін іс барысында таныстырып, Үкімет пен қарапайым адамдар арасында кітапханашы-мамандар дәнекер-байланысшы бола алатынын көрсете білуде.

– Біздің кітапханашылар ықыласты оқырмандарға электронды каталогтармен жұмыс істеуді, ақпарат іздеуді үйретіп, қашықтықтан қызмет көрсету және тапсырыстар орталықтары қызметін ұсынуда. Ал тұтынушылар өз үйлерінде, жұмыс орнында отырып, кітапхана сайты арқылы күнделікті барлық ақпараттық қажеттіліктерін тауып алуда. Айта кететін жайт, жастар белсенділігін арттыруға баса көңіл бөліп отырмыз. Жұмыссыз жастарға Интернет арқылы қалай жұмыс табуға болатыны жөнінде тренинг ұйымдастырып, қажетті ақпарат алатын сайттармен таныстырдық. Жалпы, мектеп оқушыларынан бастап, жас айырмашылығына қарамастан ауыл тұрғындарының белсенді тобы ақпарат айдынына шығып, ой-өрістерін кеңейте түсуде. Осылайша біздің кітапхана ақпараттық қызмет көрсету нарығында бәсекеге қабілетті бірегей кеңістікке айналды, – дейді Гүлмира Мұқашева.

– Ауданымыздағы тірек ауылдарына арнап алынған компьютерлерді Шар қаласы мен Жарық ауылына апарып орнатып қойдық. Халыққа тегін қызмет көрсетіліп жатыр. Біздің аудандағы кітапханалардың материалдық-техникалық базасы өте мықты. Жоғары білімді мамандармен толықтырылып жатыр. Бір жылға алты миллион теңгенің газет-журналдарын жаздырып аламыз. Жыл сайын 3-4 миллион теңгенің кітап қорын толықтырамыз, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Аманжол Дауытов.

Әлімжан Қадылбекұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив