Серебрянка жетім балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін Зырян аудандық ІІБ-нің жол полициясы бөлімшесінің қызметкерлері жол қозғалысының қауіпсіздік күнін өткізді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
«Балғындарға қуаныш сыйла» акциясының аясында интернаттың 30 оқушысына жол полициясының патрульдік көліктерінің шеруі ұйымдастырылды. Зырян ауданының бас жол полицейі Жандарбек Ахметжанов балғындарға патрульдік көлікпен полицейлердің жұмысын көрсетті.
Жол полициясының патрульдік экипаждарымен рация арқылы хабарласқан ол тәрбиеленушілерге полиция қызметкерлерінің Зырян қаласының ғана емес, одан тысқары жолдардағы да жағдайды қалай жедел біліп отыратынын таныстырды. Оқушылар патрульдік көліктердің ішіндегі компьютерлік технологияларды қалай пайдалану қажеттігін де үйренді. Салонның ішінде жас достарға «Жолдос көмекке асығады» анимациялық фильмі көрсетілді. Балалар жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша алған білімдерін қаланың орталық көшелерінде бекітті.
Жол сақшылары «Жас Отан» жастар қанатының өкілдерімен байқаулар мен викториналар ұйымдастырды. «ЖҚЕ білгірлері», «Үздік велосипедші» аталымдары бойынша жеңімпаздар велосипед, скейтборд, стритборд сияқты бағалы сыйлықтармен марапатталды.