ШҚО полициясы тонаушыны 30 минутта тұтқындады
Зырян ІІБ қызметкерлері мен ШҚО ІІД жол-патрульдік полициясының шапшаңдығына Жаңа Бұқтырмадағы дүкен сатушысы куә болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
25 шілде 12 сағат шамасында сатушының шағымы бойынша жедел-ізкесуші топ тоналған дүкенге жеткен. 32 жастағы сатушы әйел полиция қызметкерлеріне тонаушының түр-тұлғасын шамалап қана сипаттап берген екен. Арада 30 минут өткенде қарақшының кім екенін анықтап үлгеріпті ізкесушілер. Ол 33 жастағы ер адам, жергілікті тұрғын болып шықты. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп тапқан дүниесінің біразын ғана қажетіне жаратып үлгерген көрінеді ол. Осылайша жол-патрульдік полиция батальоны бірлесе отырып, қылмыскерді ізін суытпай құрықтады. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталып та кетті.
Айта кетейік, үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында жергілікті полиция 1,4 мың қылмыстың бетін ашқан.