KZ
Өскемен
+22°
ясно жел 2 м/с, З
481.19 538.45 5.18

Өскеменде білім мейрамы өтіп жатыр

21.05.2013, 18:00 124


Өскеменде көрнекті ұстаз Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен оқушылардың халықаралық олимпиадасы басталды. Аталған олимпиаданың салтанатты ашылуы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде өтті. Биыл Қанипа Омарғалиқызының ұстаздық еңбек жолына – 45 жыл, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-тәжірибелік «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен халықаралық олимпиада биыл алтыншы мәрте өткізіліп отыр. Соңғы екі жылда олимпиада халықаралық деңгейде өте бастады. Олимпиадаға қатысуға Қытай, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан мемлекеттері мен Астана қаласы, Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарынан барлығы 160-тан астам оқушы ниет білдіріпті.

Білімі мен білігін сынауға келген жас дарындарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев құттықтап, облыс басшысының құттықтау хатын оқып берді.

Өскеменде білім мейрамы өтіп жатырАталған хатта ана тіліміздің таза бастауына ат тіреген жас ұрпақтың келешегі кемел болатыны, ұлағатты ұстаздың ерен еңбегі биік құрметке әрдайым лайық екендігі айтылған.

Ермек Көшербаев облыс әкімдігі тарапынан ұлағатты ұстазды ұлықтау мақсатында түрлі іс-шаралар жасалып жатқандығын, аталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, кеңейе түсетіндігін атап өтті.

Облыстық балет мектебінің оқушылары даярлаған сахналық қойылымдардан соң сахнаға Қанипа Омарғалиқызының өзі көтерілді. Алыс-жақын шетелдерге аты шыққан ұстаз «жүрек бар жерде тілдің қажеті жоқ» екендігін айтып, шетелдік және отандық қатысушыларға қазақ тілінде ілтипатын жеткізді.

Өскеменде білім мейрамы өтіп жатыр– Өскеменде білім мейрамы өтіп жатыр. «Дарын» орталығы бұл олимпиаданы бірнеше жыл бойы менің атыма арнап өткізіп келеді. Соңғы екі жылда халықаралық дәрежеге көтеріліп отыр. Сондықтан, білім мерекесін ұйымдастырушыларға, еңбегімді құрметтеген әріптестеріме алғыс айтамын.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әр ұланы көп тілді білу қажеттігін үнемі қозғап келеді. Көп тілді білген бала қыран құстай қанаты шарықтап бүкіл әлемге ұшады. Біз қазақ тілінің негізінде ағылшын тілін, басқа ұлттардың тілін үйренуіміз қажет. Ана тілі басқа тілдердің рухани негізі болуы тиіс. Қазақ тілі – Абай мен Шәкерімнен, Мұхтардан мұраға қалған тіл. 45 жыл педагогикалық ғұмырымда сол ұлылардың мұрасын әрі қарай жалғастырдым. Бала күнімде мұғалім болуды армандадым. Бүгінгі құрметке жетіп отырғаным сол арман-қиялымның нәтижесі шығар. 45 минуттан сабақ өткізіп жүріп, 45 жыл мұғалім болғанымды да байқамай қалыппын, – деді Қанипа Бітібаева.

Халықаралық олимпиада үш күнге созылады. Олимпиада аясында оқушылардың жетекшілері арасында дөңгелек үстел, Қанипа Омарғалиқызының шеберлік сабағы, ұстаздан тәлім алған шәкірттерімен кездесу жоспарланып отыр.

Думан Анаш

Суреттерді түсірген Е.Орынбаев

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив