Аягөз ауданы орталығынан 60 шақырым жердегі Ақши ауылдық орта мектебі жанында 65 орындық интернат жұмыс істейді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Аудан басшыларының айтуына қарағанда, мектептің бір бөлігін алып жатқан интернатта қолайлы жағдайдың барлығы жасалған. Аудандық бюджеттен қаржыландырылатын интернатта 12 маман жұмыс істейді. Күніне төрт мезгіл тамақ, жатар орындары санитарлық қалыпқа сай, өзіндік дайындық жұмыстарын жүргізетін жерлері, демалатын орындарындағы телевизор, басқа да тұрмыс-қа қажетті нәрселердің бәрі бір ғимараттың ішінде.
Спорттық алаңдар да жылдың барлық мезгілдеріне орайластырылып жасалған.
Интернатқа шалғайдағы бірлі-екілі шопандардың балаларымен қатар, кейбір тұрмысы төмен отбасыларының балалары да орналастырылған. Қазір теміржол бекеттерінің балалары да осы Ақши орта мектебіндегі интернатта. Ал оның барлық баланы қабылдау мүмкіндігі шамалы.
Интернат меңгерушісі Құлжабек Сыдықовтың айтысына қарағанда, баласын интернатқа орналастыруға ниет білдірушілердің саны екі есеге артып отырған көрінеді. Оның үстіне ауыл балаларының саны да жыл санап артып келеді.
Ауыл әкімі Бекжан Қасенов интернаттың Ақши ауылдық округінде орналасуы ауылдың инфрақұрылымының жақсы дамуына ықпал етіп отырғанын айтады. Жалпы, әкімшілік тарапынан оқушылардың жазғы демалысын жүйелі ұйымдастыруға қатты көңіл бөлінеді.
Ендігі жерде ауыл тұрғындары мен интернат балаларына арнап жаңадан монша салу мәселесі қарастырылуда.
Аягөз қаласында мұндай интернат әзірше қарастырылмаған, десек те, заманында теміржол айырықтарының балалар интернаты болған екен. Амал қанша?
Аудан бойынша кеңес кезеңінде салынған даңғарадай мектептердің бірнеше интернаты иесіз қаңырап тұр. Демек, күрмеуі шешілмеген шаруаның толғағы жеткен сияқты. Аягөз қаласында келісті интернат ашылса, талай қазақ баласына жасалған нағыз қамқорлық дегеніміз сол болар еді.
Қадырбек Кәкімұлы