Шығыс Қазақстанның аумағында жаяу жүргіншілердің қатысуымен 152 жол-көлік оқиғасы тіркелді, бақытсыз оқиғалардың салдарынан 12 адам қаза болып, 156 адам жарақаттанды, деп хабарлайды Аltaynews.kz.
Жол полициясы басқармасы апта сайын «Жүргінші» шарасын жүзеге асырып келеді. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар ересектер мен қоса балалардың да қолдауына ие болды.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы ұйымдастырған «Ради жизни на земле, изучаем ПДД» айлығының аясында мектеп оқушылары жол сақшыларымен бірге қаланың көшелеріне шықты.
Балалардың өздері жасаған ақпараттық-ағарту материалдары мазмұны терең болумен қатар әсем безендірілген. Тұрғындарға арнап дайындаған кітапшаларын балалар қалалықтарға тапсырды.
ШҚО ІІД-нің жол полициясы инспекторы Ермек Сансызбаевтың айтуынша, осындай бірлескен іс-шаралар өте қажет және қоғамның назарын өзіне бірден аударады. Тек барлық құрылымдар жұмыла қимылдағанда ғана жолдағы қауіпсіздіккке қол жеткізуге болады.
А. Атудинова