KZ
Өскемен
+21°
небольшая облачность жел 4 м/с, З
478.96 533.03 5.22

Семей өңірінің тұрғындары Біріккен Ұлттар Ұйымының гранттарын ұтып алды

12.03.2013, 18:00 114


БҰҰ-ның түрлі әлеуметтік бағдарламаларды қолға алып, озық тәжірибелерді шартарапқа тарататын ұйымының біршама жұмыстары Семей өңірінде де жемісті жүргізілуде. Осыдан біраз бұрын БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Стивен Тулл бастаған шетелдік үйлестірушілер қалаға қарасты Шүлбі кенті мен Гранитный ауылдарында болып, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған тұрғындардың жобаларымен танысып қайтты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Ауыл адамдары бұған дейін де БҰҰ-ның көптеген гранттарын ұтып алған болатын. Себебі, бұл ұйым ауылдық жерлерде бизнесті бастауға немесе оны кеңейтуге ұмтылушыларға ерекше көңіл бөледі. Себебі, қазіргі күні жұмыссыздықтың үлкен бөлігі ауылдық жерлерде қалыптасып отыр. Әрине, ауылда тұратын халықтың барлығы жұмыс-сыз емес. Өйткені, олардың қолдарында малдары, егін немесе бақша саларлықтай шағын да болса жерлері бар. Дегенмен, ауылдағы көптеген адамдар өздерінің осы тірліктерінен тұрмыстың қажетті сапасын қамтамасыз етерліктей кірістер ала алмай отыр. Гранитный ауылына келген БҰҰ мүшелері осы елді мекенге 2009 жылы ҚХР-дан көшіп келген оралман Дәулетхан Егінханұлының шаруашылығында болып, еңбек адамының бүгінгі аяқ алысын көздерімен көрді. Оның айтуынша, алғаш рет азын-аулақ қой мен сиыр малынан бастаған шаруалары бірден оңға басып, бүгінде ірі қара санын 65, қойдың санын 50-ден асыруға мүмкіндік туған.

Оған қоса БҰҰ-ның оралмандар үшін қабылдаған арнайы бағдарламасының арқасында 10 гектар жер алып, қорадағы малына қажетті жемшөп мәселесін де осы арқылы шешіп отырған көрінеді. Жаз мезгілінде бордақыланған мал еттерін қалаға саудалап, күн кешіп жатқан жайы бар. Жергілікті әкімшіліктің қолдауымен ауылда баспана салып, келер жылы Қытайдан келер бауырларын тосып отыр. Әзірге шаруашылықты ағасы екеуі жүргізіп отырған Дәулетхан облыс пен қала әкімдігіне ризалығын білдірді. «Ендігі мақсат – қолға алған ісімді одан әрі жандандырып, кәсібімді дөңгелете беру, БҰҰ-ның біз сияқты қарапайым еңбек адамдарын қолдағанына рақмет» дейді ол.

БҰҰ бірлескен бағдарламасының кеңесшісі Жанна Жибраевамен бірге алыстан ат арылтып жеткен қонақтар Шүлбі кентін аралады. Кездесу барысында қонақтар кенттегі тұрғындарды үш бірдей жаңа жобамен таныстырды.

Алдымен сөз алған кент әкімі Лилия Гребельная кенттің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстыра келе, ірі су қоймасы орналасқан жердің туризм саласын дамыту үшін өте қолайлы екендігін айтты. Кенттегі халықтың 60 пайызын орыс ұлтының өкілдері, 34 пайызын қазақтар, қалғандарын татар, неміс ағайындар құрайды.

Ауыл әкімі Лилия Гребельнаяның баяндауынша, кентте құрылыс саласы да ойдағыдай дамып келеді. Әлеуметтік салада да айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Жұмыспен қамту мәселесі де өз шешімін тапқан. Соңғы кездері БҰҰ-ның Даму бағдарламасына орай Шүлбі кенті дамудың жаңа сатысына көшкен. Бұл ретте табиғат-ананың өзі сыйлаған сұлулықтың демалушыларға таптырмайтын орын екендігін айтқан кент әкімі сонымен бірге балалар лагерін, сауықтыру орындарын ашу оң нәтиже беретіндігі айдан анық деді.

Ал 1998 жылы зейнеткерлердің күшімен құрылған «Шүлбі біздің үйіміз» қоғамдық бірлестігі алғаш рет БҰҰ бағдарламасымен танысуға 2004 жылы мүмкіндік алған екен. Содан бері кенттің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге күш салатын бірлестік бірнеше мәрте БҰҰ ұйымдастырған гранттарға қатысып, оны жеңіп алған. Соның арқасында қоғамдық бірлестік Шүлбі кентіндегі дәрігерлік амбулаторияны медициналық құнды қондырғыларымен жабдықтауға, облыстық балалар үйіндегі жылыжай жұмысының іске қосылуына қол жеткізген.

Кентте орналасқан облыстық балалар үйі мен «Таирландия» қоғамдық бірлестігі бірлескен жобалары да кент тұрғындарының алғашқы жетістіктері.

Раушан Нұғманбекова

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив