Шығыс Қазақстан облысында жүк тасымалына рұқсат беретін арнайы бланкілердің автоматтандырылған пилоттық жобасы іске қосылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Қазірдің өзінде аталмыш жоба бойынша Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында, Астана мен Алматы қалаларында 1300-ден аса бланк берілген. Халықаралық тасымал үшін берілетін «С» категориясындағы бланктер, әсіресе, Қытайға қатынайтын кәсіпкерлер арасында тапшылық туғызған.
Бұрындары бланктерге қол жеткізу үшін 4 күн керек болса, енді оған бар болғаны екі күн ғана қажет. Кәсіпкерлер бұл жүйе арқылы ешқандай да бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол берілмейді дейді. Қазір бұл қаулы Үкіметте қаралып жатыр. Егерде жоба мақұлданса, арнайы бланктерге электронды портал арқылы да қол жеткізуге болады.
«Жасалған жүйе мәселенің барлығын автоматтандырды. Яғни, қазір жүк тасымалдаушы өзінің электронды цифрлық таңбасымен электрондық үкімет порталына кіріп, құжаттары заңға сәйкес болса, өзіне қажетті өтінішті бере алады. Бланктер халыққа қызмет көрсету орталығына жіберіледі» деді ҚР ККМ Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Бақыт Әбішев.