KZ
Өскемен
-1°
ясно жел 1,3 м/с, В
479.23 534.96 5.16

Биылдан бастап ауыл шаруашылығы саласына берілетін субсидиялардың көлемі артады

3.02.2013, 18:00 97


Биылдан бастап ауыл шаруашылығы саласына берілетін субсидиялардың көлемі артады. Мәселен, былтыр картоп өсірген шаруаның әр гектарына 20 мыңнан төлесе, биыл 50 мың теңгеден, рапс үшін бұрынғыдай 5 мың емес, 10 мың, бақша дақылдарына да 10 мың теңгеден субсидия берілетін болды.

Бұл жағымда жаңалық Үржар ауданында өткен ауыл шаруашылығы саласы мамандарының семинар-кеңесінде айтылды.

Семинар-кеңеске облыс әкімінің орынбасары Владимир Кошелев, өңірдің ауылдық округінің әкімдері мен шаруа қожалықтарының, серіктестіктердің басшылары қатысып, көкейде жүрген көптеген мәселелер талқыланды.

Жиында «Қазагроқаржы», «Қазагромаркетинг» АҚ, Ауыл шаруашылығын қолдау қорының өкілдері биылғы несие, субсидия алу тәртібімен таныстырды. Бұл ретте «Сыбағадан» бөлек «Егін-жай» және тағы басқа да бағдарламалар іске қосылған. Пайыздық мөлшерлемелері де төмен. Алайда, шаруа қауымын алаңдататын бір мәселе бар. Ол – осы несиені алу жолында қағазбастылықтың көптігі.

Өткен жылы ауданның шаруа қожалықтары 298 дана әртүрлі ауыл шаруашылық техникаларына қол жеткізді. Соның ішінде «Қазагроқаржы» АҚ арқылы 24 шаруа қожалығы 39 дана техниканы лизингке алған. Сондай-ақ, аудан бойынша өткен жылы бас көтерген аусыл, сарып, тағы басқа да мал ауруларына қарамастан төрт түлік санының өскендігі байқалады. Атап айтқанда, ірі қара – 2033, сауын сиыр – 676, қой мен ешкі – 4108, жылқы 640 басқа артқан. Бұл 2012 жылдың басы мен биылғы жылдың қаңтарына дейінгі көрсеткі. Кеміген малдың орнын толтыру мақсатында ауданда былтыр 477 бас ірі қара, 4120 ұсақ мал сатып алынған. Ал «Алғабас» шаруа қожалығы 500 бас, «Еламан» 300 бас асыл тұқымды ірі қараны сатып алуға құжаттарын өткізіп, осы бірінші тоқсанда алып келуге дайындалуда.

Бүгінде ауданның барлық округтерінде қолдан ұрықтандыру пункттері жұмыс істеп тұр. 2011 жылы 3923 сиыр қолдан ұрықтандырылса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 6731 басқа жеткен. Сөйтіп, барлық 29329 бастың 22 пайызы осындай жолмен ұрықтандырылған.

Бұдан өзге ауданда 15 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Биыл тағы 1000 басқа арналған алаң салу жоспарланған.


Берікхан Тайжігіт

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив