KZ
Өскемен
+1°
ясно жел 1,2 м/с, ОШ
479.23 534.96 5.16

Боран ауылында 2012 жылы өзекті жеті мәселе өз шешімін тапқан

20.01.2013, 18:00 170


Күршімдегі Боран ауылында болашағы зор істер көп. Әсіресе, суармалы алқаптарды игеріп, мал бордақылауға бекем бел буған ағайындар мемлекеттің қолдау-көмегінің арқасында шаруасын шалқытып, несібесін еселеп отыр. Ағымдағы жылдағы алғашқы жұмыс сапарын Күршім ауданынан бастаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қара Ертіс пен Бұқтырманың арасын ен жайлаған елдің ішінен осындай игі істердің куәсі болып қайтты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.


Алдымен аймақ басшысы аталған аудандағы тірек елді мекендерінің бірі – Боран ауылына ат басын байлап, жергілікті жерде атқарылып жатқан шаруаларды көзімен көріп, тұрғындармен тілдесті. Боран ауылдық округінің әкімі Мақсат Ағиековтің өткен жылды қорытындылаған жұртшылық алдындағы есептік кездесуіне қатысты, баяндамасын тыңдады.

Ауыл әкімі баяндамасын 2011 жылы борандықтар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалуынан бастады. Оның айтуынша, ел ішінде өзектілігін жоғалтпаған мына мәселелер өткен жылы өз шешімін тауыпты.

Бірінші, Жаңауыл ауылының жоғарғы жағындағы каналдардың түйіскен тұсына бөген орнатылып, балық шаруашылығына арналған қондырғылар қойылыпты.

Екінші, тұрғындар көтерген мәселе – Боран ауылында мәдениет үйінің жоқты-
ғы. Осы клубты қолданысқа беру үшін алдымен жобалық-сметалық құжаттама-ларын жасау керек. Жеке кәсіпкер Жанат Әзімбаев бұл шаруаны өз қаржысына іске асырып, бюджеттен бөлінетін 23 миллион теңге қаржыға биыл ғимараттың құрылысы басталмақ.

Үшінші, жастардың демалысы үшін судың жағасында жеке кәсіпкерлердің 500 мың теңге қаржысына барлық қажеттіліктері ескерілген жағажай жасалған. Сол сияқты 3 миллион 600 мың теңгеге балаларға арнап ойын алаңдары құрылған.

Төртінші, мемлекеттік несиеге қол жеткізу. Бұл орайда ауылдық округте екі адам «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында несие алып, оның бірі көліктерге техникалық қызмет көрсету стансасын ашса, екіншісі наубайхана жұмысын міне бастағалы отыр. Сонымен бірге «Жайлау» бағдарламасы арқылы 100 бас асыл тұқымды қой сатып алыныпты.

Бесінші, ұялы телефон байланысы. Облыс орталығындағы «Билайн» компаниясы филиалының басшылығымен арада жасалған тиісті келісімшартқа сай байланыс өткен жылы орнатылуы керек еді. Ауыл әкімшілігі тарапынан барлық қажетті жұмыстар орындалып, үш баған тұрғызылып, электр желілері де тартылған. Бірақ, «Билайнның» өкілдері мұны 2013 жылға шегеруі себепті, Боранда ұялы байланыс ағымдағы жылы анық болады.

Алтыншы, Игілік ауылына канал тартып, Қарақия каналын тазалау. Аталған екі мәселе де былтыр шешімін тауып, жұрт игілігіне жаратылуда.

Жетінші, жанар-жағармай стансасын іске қосу. «ҚазМұнайГаз» компаниясы өз балансындағы Боранда бұрыннан тұрған жанармай стансасын қолданысқа беруге дайын екенін айтқан. Бірақ, әзірше бұл бизнеспен айналысам деуші жеке кәсіпкерлер табылмай отыр.

Сондай-ақ, ауыл әкімінің келтірген деректеріне қарағанда, өткен жылы 1 миллион 921 мың 650 теңге (4% өсім) салық түсімдері жиналған. Ет-сүт өндіру, қыстық мал азығын жинау жоспардағыдай. Округ бойынша 46,3 миллион теңгенің инвестициялық жобалары іске асырылып, 58 адам жаңа жұмыс орындарына орналасқан. Білім саласына келсек, мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ-дағы орташа балы 73 пайызды құраған.

Биыл жүзеге асатын жобалардың ішінде 2 миллион 800 мың теңгеге бағаланған Кәкім Шәкейдің наубайханасы мен Мырзабай Марқабаевтың жиһаз жасау кәсіпорны ерекше атап өтуге тұрарлық. Соңғысының цехынан шыққан жиһаздар бүгінде ауданның елді мекендерінде кең қолданыс табуымен қатар, көрші Зайсанның ауылдарына да тапсырыспен жөнелтілуде. Бұдан басқа 2013 жылы атқарылатын істердің бір парасы – Боранда мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, ауылдық амбулаторияның жылыту жүйесін ауыстыру (5 миллион теңге), көшелерді жарықтандыру (12 миллион теңге), ауылішілік жолдарды жөндеу (40 миллион теңге), Жиделі, Игілік, Қазақстан ауылдарының көшелерін жарықтандыру және Жаңауыл елді мекенінде мектеп салу.

– Осының бәрі – мемлекеттің қолдауымен істелетін әлеуметтік жұмыстар. Мемлекет бізге көмегін аяп отырған жоқ, еңбек етуге, тұрмысымызды жақсартуға барлық жағдайларды жасап отыр. Енді біз бір уақыт «Өзіміз не істедік, еліміздің экономикасын дамытуға қандай үлес қостық?» деген сауалға ойлануымыз керек сияқты. Ендеше қолда бар мүмкіндікті барынша пайдалануымыз қажет, – деп атап өткен Мақсат Ағиеков округке қарасты төрт каналды қаңсытып қоймай, суармалы жер телімдерін игеруге бағыттайтынын жеткізді.

Боран өңірінде жалпы көлемі 3 мың гектар алқап суармалы десек, қазір соның 1 300 гектары ғана кәдеге жаратылуда. Келешекте бұл шаруаны мықтап қолға алып, егіншілікті дамытпақ. Онымен қоса мал бордақылау, ара өсіру шаруашылықтарының да маңызы артып келеді барған сайын. Ал өнімдерді саудалайтын орын Боранның өзінде болмақ. Яғни, Зайсандағы сияқты үлкен бір толайым сауда орны ашылып, ол жерде арзан бағамен азық-түлік және басқа да тауарлар сатылады. Сауда орталығының іске қосылуымен қосым-ша 21 адамға еңбек орны табылады.

Баяндамашының есебін тыңдаған облыс әкімі ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіру, мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану сияқты кейбір мәселелерге қатысты сұрақтар қойды.

– Ауылдық округте барлығы 56 шаруа қожалығы бар екен. Бұл сіздер үшін өте көп және тиімділігі жоқ. Ұсақ қожалықтарды ірілендіру бағытындағы жұмыстар дұрыс жүргізілмегені байқалады. Ауыл шаруашылық техникаларының саны да аз екен. Әрине, ұсақ шаруашылықтардың техника сатып алуға жағдайы жоқ. Техника болмаған соң егістік көлемін ұлғайту да, мол түсім алу да екіталай нәрсе. Сондықтан ауыл әкімі тұрғындармен сөйлесіп, бәрін түсіндіріп, ұсақ қожалықтарды ірілендіру керек. Әйтпесе, ештеңе өнбейді. Жұртшылыққа түсіндіру, ақпараттандыру жағы жеткіліксіз. Мәселен, «Жұмыспен қамту-2020»-дан басқа «Сыбаға», «Жайлау» бағдарламалары да бар ғой. Оны неге игілікке жаратпасқа?! – деген аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев суармалы жерлерді ұқсату қажеттігін қадап тұрып айтты.

Өз сөзінде өңір басшысы Борандағы Құмаш Нұрғалиев атындағы мектепті бастан-аяқ күрделі жөндеуден өткізуге қаражат биыл бөлінетінін, ал ауылдық мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарына 23 миллион теңге облыс бюджетінен қарастырылып қойғанын жеткізді.
Сол сияқты суармалы жер телімдерін жергілікті тұрғындардың, соның ішінде Қытайдан келген қандастардың меншігіне айналдыруға, құжаттарын ресімдеуге көмектесуге тапсырма беретінін айтты өңір басшысы. Мұның сыртында тірек елді мекенін дамыту бойынша былтыр Боранның үлесіне бюджеттен 39 миллион теңге қаржы тисе, биыл 120 миллион теңге бөлініп, ауқымды жұмыстар атқарылмақ.

Кездесу барысында сонымен бірге Құмаш Нұрғалиев атындағы гимназия-мектептің директоры Талант Нұрғалиев өзі басшылық ететін білім ошағының жетістіктері мен білім сапасы, ұстаздардың жемісті еңбегі жайында қысқаша баяндай келе, әуелі елдің жағдайын ойлап, үнемі қолдау білдіріп отырған Мемлекет басшысына және облыс Әкіміне шексіз ризашылығын білдіріп, ауылдың ынтымақ-ырысын нығайтып, әрі ісімен көпшілік ықыласына бөленіп жүрген Мақсат Ағиековтың жұмысына жақсы деген баға берді.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ћәм «Туған жерге – тағзым» акциясы тұрғысында жеке кәсіпкер Ермек Солтанбеков 4 миллион теңге өз ақшасына туған ауылында хоккей қорабын салыпты. Мұз айдынының ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, борандықтарды жаңа нысанның ел игілігіне берілуімен құттықтады. Балғын хоккейшілердің корттағы алғашқы ойынын тамашалады. Бұған қоса аймақ басшысы балаларға спорттық киім-кешек пен құрал-жабдық алсын деп, бір жарым миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Аталған мұз айдыны барлық жағынан талаптарға сай жасалған. Сырты ағаш материалмен қоршалып, балалардың шешініп, киінетін арнайы бөлмелері бар. Одан бөлек бұлшық еттерін жаттықтыруға арналған зілтемірлер, теннис үстелі орналастырылған екен. Бәрі де жаңадан сатып алынып қойылғаны көзге ұрып тұр.

Күршім ауданындағы тағы бір тірек елді мекені – Сарыөлең ауылы. Мұнда да көңіл марқайтар істер көп көрінеді. Солардың бірі – ауылдық мәдениет үйінің заманауи үлгіде күрделі жөндеуден өтуі. Өнер мен мәдениеттің қазанында қайнаған өңірдің жұртшылығы үшін бұдан асқан қуаныш бар ма? «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде рес-публика қазынасынан бөлінген 30 миллион теңгеге 150-ден астам адам сиятын клубтың шатыры жөнделіп, терезе блоктары орнатылып, қабырғалары тегістеліп, жаңа есіктер салын-ған. Қысқасы, іші-сырты самаладай жарқырап тұр. Ғимарат-тың лентасын қиып, ішкі бөлмелерін аралап көрген аймақ басшысы кең сахна төрінде ән шырқаған өнерпаздардың өнеріне қошемет көрсетті.

– Біздің ауылда үлкен қуаныш бүгін. Өйткені, көп жылдар бойы Сарыөлеңде мәдениет үйі болмай, мереке күндері ел-жұрт қайда барарын білмей, аңырап қалатын. Енді міне, клубымыз ашылып отыр. Мұның бәрі әрине, Елбасының, облыс және аудан әкімдерінің ауыл тұрғындарына деген қамқорлығы, – деп ағынан жарылды Жеңісхан апамыз.

Серік Әбілхан

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив