Өскемен қаласында титан слябын дайындап, өңдегеннен кейін титан қаңылтыры мен құбырын шығаратын зауыттың құрылысы жүріп жатқаны белгілі. Бұл зауытты Оңтүстік Кореяның «POSCO» компаниясы мен «Өскемен титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамы бірлесіп құрған «PJSUK Titanium» кәсіпорны салып жатыр.
Жоба индустрияландыру картасына енгізілген. Нысанның бастапқы бағасы 50 миллион АҚШ долларымен бағаланған. Кореялық өкілдің айтуынша, қазір сомасы 60 миллионға дейін ұлғайтылған. Құрылыс кейбір техникалық жағдайдың күрделілігіне байланысты белгіленген кестеден сәл кешіктірілген. Дегенмен де олар белгіленген мерзімде өндірісті іске қоспақшы.
Корейлік мамандар қазақстандық әріптестеріне мәселелердің барлығы ойдағыдай шешіліп жатқанын айтып, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТАН жаңадан келетін қызметкерлерді тіркеуге көмек көрсетуді сұрады. Аймақ басшысы бұл жобаның индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылатынын, Мемлекет басшысының жеке бақылауында тұрғанын жеткізіп, зауытты мерзімінде іске қосу бағытындағы жұмыстарда үзіліс болмайтынына сенім артатынын білдірді.
Әлімжан Қадылбекұлы