Әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысының бірнеше ауданында бруцеллез ауруы өршіді деген ақпарат тарап, өңір тұрғындары арасында алаңдаушылық тудырды. Әсіресе Алтай және Үлкен Нарын аудандарында 30-дан астам адам ауру жұқтырды, осыған байланысты төтенше жағдай жарияланып, етті сыртқа шығаруға тыйым салынады деген мәліметтер жарияланған.
Алайда Шығыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бұл ақпараттың жалған екенін растады.
"Әлеуметтік желіде тарап жатқан бұл хабарлама шындыққа жанаспайды. Қазіргі уақытта Алтай және Үлкен Нарын аудандарында бруцеллезге шалдыққан адамдар тіркелген жоқ. Медициналық мекемелерден шұғыл дерек түспегенін хабарлаймыз," - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Облыстық санитарлық қызмет тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.