Өскеменде Маңғыстау облысының шеберлері мен суретшілері өнерлерін ұсынды
Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық филармония ғимаратында Маңғыстау облысының суретшілері мен қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі ашылды. Екі күндік шараға елімізге танымал «Тарбия» сән үйі, «Жаннур жадағай» және «Али kids» брендтері, сондай-ақ суретшілер Б. Құлбаев пен М. Қосанның жұмыстары мен зергер Қайрат Қуандықов пен Дамир Төребайдың туындылары қойылды,-деп хабарлайды Altainews.kz. тілшісі.
Ресми ашылу салтанатында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев көрмеге қатысушылар мен қонақтарға алғыс білдіріп, өңірлер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудың маңызын атап өтті. Ашылу рәсімінде маңғыстаулық сәнгерлер мен зергерлер қызыл кілеммен жүріп, өз бұйымдарының көрсетілімін өткізді, сондай-ақ "Отпан" фольклорлық ансамблі қазақ мәдениеті мен музыкасына толы қойылымдарымен көрермендерді қуантты.
Көрмеде ұлттық нақыштағы күміс алқалар, білезіктер және этностильдегі киімдер ерекше қызығушылық тудырды. Әсіресе, «Тарбия» сән үйінің шапан, камзолдары көрмеге келгендердің көңілінен шықты. Дизайнер Тарбия Айдымбаева бұл шара арқылы ұлттық нақыштағы қолөнерді насихаттауға атсалысатынын, сондай-ақ болашақта Өскемен қаласында сән салонын ашуды жоспарлап отырғанын айтты.
Көрмеде Ақтау қаласынан келген жас зергер Дамир Төребай да өзінің қолөнер туындыларын ұсынды. Бала кезінен сурет салумен айналысқан Төребай үшін зергерлік өнер арғы ата-бабаларынан дарыған шеберлік. Ол зергерлік бұйымдарының дизайнын өзі жасап, қымбат тастарды арнайы тапсырыспен алғызады.
Шараның басты мақсаты – ұлттық бейнелеу өнері мен қолөнерді дамыту, дәстүрлі өнерді жандандыру және халыққа таныстыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме сондай-ақ жергілікті шеберлер мен суретшілердің туындыларын кең аудиторияға ұсыну, креативті индустриядағы кәсіпкерлердің халықаралық деңгейде танылуына ықпал ету мақсатын көздейді.
Көрмеден қалаған затын тапқан өскемендік Назымгүл Тілеубекова сапасына дән риза.
Тағылымды шара Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет басқармасы мен мәдени қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен өтуде.
Айна Бакимбаева
Видео: Жәнібек Ырысбай
фото: Махаббат Ахметжанова