KZ
Өскемен
+14°
ясно жел 1 м/с, С
467.29 501.03 5.35

Өскемендегі «Алтай» технопаркінде салтанатты жиын өтті

29.11.2012, 18:00 125


Өскемендегі «Алтай» технопаркінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай «Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпкерлікті дамытудағы тұңғыш Президенттің рөлі» атты салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен өткен шараға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Ернар Нұрғалиев, облыс кәсіпкерлері мен өңірдегі бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

Бір кездері базар саудасынан басталған Қазақстандағы кәсіпкерлік бүгінде басқаша сипат алып, ел экономикасының басты буынына айналып отыр. Шарықтап дамып келе жатқан шағын және орта кәсіпкерлік отандық өндірісті өркендетумен бірге халықтың жұмыспен қамтылуына үлкен мүмкіндік тудырып келеді. Жиынды ашқан облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев Елбасы мән беріп отырған бизнестің болашағы бүгінгіден де жарқын болатынын жеткізді.

Өңірдегі шағын және орта кәсіпкерліктің даму барысын баяндаған облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының бастығы Шәкәрім Бұқтұғұтов Елбасының тапсырмасымен кәсіпкерлікті өркендету бағытында түрлі жобалар жасалып, бұрын-соңды болмаған қаржылай көмектер көрсетіліп отырғандығын нақты деректер келтіре отырып әңгімелеп берді. 90-жылдардың соңындағы кезеңмен салыстырғанда қазіргі күні шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы субъектілер саны үш есе артып, олардың шығарып отырған өнімі 12 есеге көбейген. 2010 жылы облыстың шағын кәсіпкерлік саласында 340 млрд. теңгенің, биыл 365 млрд. теңгенің өнімі шығарылған. Осы саладан мемлекет қазынасына 52 млрд. теңгенің салығы түсіп, оның 20 миллиарды жергілікті бюджетке құйылған.

Президенттің халыққа Жолдауында атап көрсеткеніндей, экономиканы алға бастыруда алдымен шағын және орта кәсіпкерлікке бәс тігіліп отыр. Экономиканы жаңғыртып, жаңа технологияларға негізделген өндірістерді көптеп ашып, өнеркәсіпті инновациялық жағынан жетілдіру мақсатымен «Индустрияландыру картасы» жасалып, қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Біздің облыста Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша осы уақытқа дейін 612 млрд. теңгенің 39 инвестициялық жобасы жасалып, жүзеге асса, алдағы жылға тағы да 26 жоба ұсынылып отыр.

«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Ернар Нұрғалиев Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті дамытуға байланысты алға қойып отырған тапсырмаларын одан әрі саралай келе қаладағы, ауылдағы кәсіпкерге қай жағынан болса да мүмкіндік туғызып, жаңа кәсіп көзін тауып, табыс түсіруге жағдай жасап отырған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының біздің облыста күткендегідей нәтиже беріп, жемісті жүргізіліп жатқандығын, сонымен бірге кәсіпкерлерді қолдауға арналған бұл бағдарламаның әлі де жетілдіріле түспек екенін жеткізді.

– Шығыс Қазақстан облысында бизнестің 35 салалық және аймақтық, басқа да әртүрлі қауымдас-тықтары бар. Президенттің ресми сайтында «Бизнесті президенттік қорғау» деген арнайы бөлім құрылып отыр. Осы бөлім жұмысын бастаған алғашқы айдың өзінде ғана облыстың кәсіпкерлерінен 40-тан астам арыздар мен өтініштер келіп түскен. Осы шағымдардың бәрі жедел назарға алынып, әрқайсысы бойынша шұғыл шара қолданылды.

Президенттің тікелей бастамасымен кәсіпкерлікті дамыту бағытында елімізде жеті бірдей үлкен бағдарлама жасалып, жүзеге асуда. Мемлекет басшысының шағын және орта бизнесті тексеруге әр жылдары жариялаған мораторийі біздің өңірдегі кәсіпкерлік субъектілерінің де кедергісіз жұмыс істеуіне ерекше септігін тигізді, – дейді «Атамекен» Одағы» Қазақстан Ұлттық экономикалық палатасы облыстық филиалының директоры Игорь Щацкий.

Жиын соңында бір топ облыс кәсіпкерлері облыс Әкімінің, «Атамекен» Одағы» Қазақстан Ұлттық экономикалық палатасының грамоталарымен марапатталды.

Жанаргүл Мұқатай
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив