KZ
Өскемен
+9°
пасмурно жел 1,5 м/с, В
478.93 534.96 5.16

Қарызбен күреске кешенді қимыл қажет

26.11.2012, 18:00 112


Бүгінгі таңда Семейде барлық әлеуметтік нысандар және тұрғын үйлер жылуға қосылған, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі. Тұрғын үй коммуналды шаруашылық бөлімі бастығының орынбасары Орынғали Исмаиловтың айтуынша, 1035 тұрғын үйдің 1013-інде жылу бар. Бұл қаладағы барлық үйдің 98 пайызы деген сөз. 95 мың тонна көмір сатып алу үшін ел үкіметі 279 млн.теңге қаражат бөліп отыр. Бұл бір ай көлеміне жетерлік көмір қоры.

Ал қыстан қысылмай шығу үшін 400 мың тонна көмір керек. Жылу маусымымен қатар РК-1, РК-3, Орталық және Орталық жылу пункті қазандықтарында жөндеу жұмыстары жалғасып келеді. Ал «Ғаббасов», «103-103А» және «ЖЭО-1» қазандықтарының жылу жүйелері толық жөнделуден өткендіктен, бұның қаражаты қалалық бюджет есебінен өтелмек. «Жылукомммунэнерго» мамандарының айтуынша, жұртшылықтың қарызы 170 млн. теңгені құрап отыр. 15 қазанда жылу іске қосылды дегенмен қазандықтардан бөлінген жылу тұрғын үйлерге жетпей қалатындығы тағы да бар. Тиісті мекеме өкілдерінің айтуынша Тұрғын үй жекеменшік пәтер иелері кооперативтері яғни ПИК-тер, және тұрғындар жаз бойы үйлерін қысқа дайындамағандықтан осындай кедергілер орын алған. Мәселен, Шығыс кентінде 50 үйдің 5-еуінде ғана техникалық дайындық құжаты бар. Ертіс жағалауындағы ВИРП қазандығы да бүгінгі таңда жылуды толық бере алмауда. Тұрғындар үйлерін дайындамаған. «Дорожник» қазандығына 16 үй қарағанмен олардың бірде бірі техникалық құжатқа мән бермей отыр. Әрине қазандықтан шыққан жылудың үйлерге жеткені абзал. Бірақ өкінішке орай тұрғындар техникалық құжат дегенге мән бере емес. Ал көп үйлерде ПИК-те жоқ. Егер өткен жылы Семей жылу маусымын 1 млрд.300 млн. теңге қарызбен аяқтаса, биыл жағдайдың қалай боларын ешкім әлі болжаған жоқ.

Биыл қарызбен күрес кешенді жүргізіліп, жол полициясы, сот орындаушылар, учаскелік инспекторлар, тіпті еңбек биржасында тұрған мамандар да қарызгерлермен күресуге жұмыла кірісуде. Сондықтан дейді тұрғын үй комуналды шаруашылық бөлімінің мамандары және қала әкімшілігіндегі тиісті сала мамандары биыл қарыз өршіп, тұрғын үй миллион теңгеге бата бастаса біз ол үйді жылумен қамтамасыз етуді тоқтатуға мәжбүр боламыз. Егер көппәтерлі тұрғын үйде 70 пайыз ақы төленіп, 30 пайыз қарыз болса онда жылуға қарызы барларды ғана сотқа тартады және ол үйде жылу беру жалғаса береді. Бір қызығы Семейде қарызы барлар негізінен кәсіпкерлер болып шықты. Қарапайым халық қалтасына түскен тиынынан тұрақты түрде төлеп отыр екен. Биыл қаладағы алты ірі базар иелерімен осы проблемаға орай келіссөздер жүргізілген. Ал «Жылукоммунэнерго» мекемесіндегілердің айтуынша, жылудың тарифі көтерілмей жағдай жақсармақ емес. Қазіргі тариф шығын әкелуде. Антимонополия комитеті бағаны ұстап тұрғандықтан жылу басындағылар көздеген 35 пайызға қол жеткізе алмауда екен. Сондықтан да «Жылуоммунэнергоның» бүгінгі 700 млн. теңге шығыны күн сайын көбейіп барады, ал жұмысшылары екі-үш ай болды жалақы ала алмай отыр дейді қала әкімінің орынбасары Д. Гариков. Осындай қиындықтарға қарамастан қазандықтар 100 пайыз өз жұмыстарын атқаруда. Бұрындағыдай емес, қалаға жеткізілетін көмір үшін арнайы үш қойма бар. Ол жақтан кесте бойынша ғана, көліктер көмірді тиеп тиісті қазандықтарға жол тартады. Былтырғыдағыдай ұрлыққа жол жоқ. 50 шақты бейнекамера іске қосылған.Осылардың барлығы да халыққа сапалы қызмет көрсетуге жол ашып отыр.

Мәлімет көзі: Раушан Нұғманбекова




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив