KZ
Өскемен
+4°
туман жел 1 м/с, С
478.93 534.96 5.16

Құрбан айт мерекесін қайырымды істермен өткіздік

27.10.2012, 18:00 160


Биылғы Құрбан айт қасиетті жұма күнімен тұспа-тұс келді. Қатар жеткен қос бірдей ерекше күнді жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбетіне лайықты дәрежеде атап өтті. Осынау ұлық та, ұлағатты мереке көптеген ұлыстар мен діндердің өкілдері татулықта тіршілік құрып жатқан Өскемен қаласында да өз деңгейінде тойланды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Алтайдың асқар тауларынан алтын шапақты күннің дидары қылаң бере облыс орталығында абыр-сабыр басталды. Жұрттың бәрі Ертістің сол жағалауында бой көтерген жаңа мешітке қарай ағылып жатты. Көлікке мінгендері бар, автобуспен жүргендері бар, жаяу-жалпысы бар, бәрі жаңадан салынған облыстық мешітте бірінші рет өткелі тұрған Құрбан айт намазына асықты. Жүрегінде иманы, тілінде «кәлимасы» бар мұсылман жамағаттан бөлек мұнда бауырластарын діни мейраммен құттықтауға, жүрекжарды тілектерін жеткізуге православ сеніміндегі жерлестеріміз де көптеп жиналды. Бұл Григориан күнтізбесі бойынша 2012-ші ұлу жылының 26 қазаны, ал Хижра жыл санауындағы Зул-хиджаның 10-шы жұлдызы еді.

Айт намазы дәл осы күні таңғы сағат 8.00-де оқылды. Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни бас-қармасының Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы, облыстық мешіттің бас имамы Нұрлан қажы Байжігітұлы намазхан жұртшылыққа Құран Кәрімнің аят, сүрелерін келтіре отырып тартымды уағыз айтты. Бір қуантқаны, иманға ұйығандардың дені жастар екен, екіншіден, мың жарым адамдық мешіттің кең намазханасы аузы-мұрнынан шыға лық толды,
сыймағандарға бас имам екінші қа-баттағы әйелдерге арналған балконға жайғасуға рұқсат етті. Уағыз айтылып болған соң облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ өңір тұрғындарын қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтау сөзін бірінші орынбасары Ермек Көшербаев жеткізді. Өйткені, бұл кезде аймақ басшысы сонау Чехия елінде іссапарда жүрген-ді.

– Адамдардың бір-бірімен жақын болуын, қайырымдылық пен ізгілікті, тату-тәтті өмір сүруін насихаттайтын ислам діні әрдайым бейбітшілікті көз-дейді. Бұған тәуелсіздік туын тіккеніне жиырма жылдан асқан Қазақстан мем-лекетінің ұстанған саясаты айқын дәлел бола алады. Халқымызда «Иманды ел – берекелі елі» деген мақал бар. Ендеше, біздің ынтымақта, бірлікте болуымыз еліміздің одан ары дамып, өркендеуіне ықпал ететіні хақ. Қасиетті Құрбан айтта шалған құрбандықтарыңыз бен тілеген тілектеріңіз қабыл болсын! – деді облыс басшысының құттықтауын жеткізген бірінші орынбасары Ермек Көшербаев.
Исі мұсылман жұртына ақ тілегін арнау үшін Өскемен қалалық мәслихатының хатшысы Владимир Головатюк сөз алды.

Түстен кейін де облыс орталығында бірқатар маңызды шаралар өтті. Орталық мешітте шалынған құрбандық малдарының еттері дорбаларға салынып, мұқтаж
жандарға үлестірілді. Мұндай қайырымды-лыққа жүзден аса адам ие болды. Сол сияқты «Үлбі» орталығында соғыс және еңбек ардагерлеріне, қала тұрғындарына, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға, әртүрлі науқас балалардың ата-аналарына арнап дастарқан жайды.

Ал облыстық Достық үйінде қоғамдық ұйымдардың, этномәдени және діни бірлестіктердің өкілдерінің басын қосып, ақ дастарқан жайылды. Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Еркінбек Аязбаев дінаралық және ұлтаралық татулықты нығайтып, ел ішіндегі ауызбіршілікті сақтау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жайында баяндап өтті. Шара барысында облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Фрунзе Жақсылықов бастаған бірқатар адамдар жиналғандарды діни мерекемен құттықтап, тілектерін жеткізді.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив