ШҚО Әкімі аппаратының ішкі бақылау және талдау қызметі жергілікті атқарушы органдар іс-қимылы тиімділігінің осы жылдың тоғыз айындағы болжамды бағасын ұсынды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Аймақ басшысының тапсырмаларын орындау, сонымен қатар бюджет қаржысын игеру және мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша аутсайдерлер қатарына Риддер қаласы мен Глубокое, Ұлан, Үржар, Зырян, Абай аудандары ілініп отыр. Облыс Әкімі аппаратының жетекшісі Ержан Жылқыбаев өткізген кеңес жалпы Шығыс Қазақстанның рейтингісін жоғарылатуға кедергі келтіріп отырған жайттардың себептерін анықтауға арналды.
– Мемлекеттік қызметшілердің орындаушылық тәртібіндегі оң динамикаға қарамастан, жекелеген аудандар мен басқармаларда әлі күнге дейін олқылықтар жойылмай келеді, – деп атап өтті Ержан Жылқыбаев.
Мәселен, Президент Әкімшілігі мен үкіметтік ведомстволардың сұрауларына мәліметті облыстық жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлар, энергетика және коммуналдық шаруашылық, ішкі саясат, экономика және бюджетті жоспарлау басқармалары кешіктіріп берген. Ішкі бақылау қызметінің ақпараты бойынша, аймақ басшысы жүктеген 211 тапсырманың 19-ы уақытында орындалмаған. Төменгі орындаушылық тәртіп Риддер қаласында, Жарма, Көкпекті, Глубокое, Шемонайха және Абай аудандарында байқалуда.
Жиын барысында аталып өткендей, мемлекеттік қызметтерді көрсетуде де бірқатар кемшіліктер орын алған. Осы күнге дейін олардың көбі халыққа қызмет көрсету орталықтарында емес, мемлекеттік органдардың өздерінде көрсетіліп жүр. Өйткені, жұртшылық қай қызметтің қай жерде көрсетілетінін жөнді білмейді, бір сөзбен айтсақ, халық арасында түсіндіру жұмыстары сылбыр жүргізіледі. Басқосуда Семей қаласы жер қатынастары бөлімінің жер пайдалану актілерін беру мерзімін 23 рет өрескел түрде бұзғаны туралы деректер де айтылды.
Бюджет қаржысының игерілу көрсеткіші де аймақтар рейтингісіне айтарлықтай әсер етеді. Қомақты қаражат Өскемен, Семей қалалары мен Ұлан, Зырян, Глубокое, Аягөз, Катонқарағай аудандарында игерілмей жатыр.
Ақпараттық технологиялардың табысты енгізіліп жатқанына қара-мастан аймақтағы тұрғындардың компьютерлік сауаттылығы бүгінде 42,5 пайызды құрайды. Осыған орай ішкі бақылау қызметінің мамандары бұл көрсеткішті 50 пайызға дейін жеткізуді, яғни, қосымша 34 мыңнан астам адамға компьютер меңгерткізуді ұсынып отыр. Сонымен бірге, электронды құжат айналымын ұлғайтуға да көңіл бөлінуі тиіс.
Жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау өлшемдері арасында персоналды басқару, яғни мамандарды іріктеу, кәсіби дайындау, сыбайлас жемқорлық деңгейі де бар. Мемлекеттік қызметшілер жұмысының бұл бағытында да мүлт кетушілік жоқ дей алмаймыз. Айталық, мониторинг нәтижесі бойынша 19 қала мен ауданның тек бесеуінде ғана коррупциялық заң бұзушылықтар орын алмаған.
Жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау өлшемдеріне келесі жылы құқықтық қамтамасыз етілу деңгейінің қосылатыны – маңызды жайт. Мысалы, бүгінгі таңда әкімдіктер жанындағы заңгерлік қызметтер Абай, Бесқарағай және Катонқарағай аудандарында құрылмаған.
– Жыл соңына, яғни, қорытынды шығаруға дейін екі айдай уақыт қалды. Осы мерзім ішінде барлық аты аталған басқармалар, қалалар мен аудандар өз көрсеткіштерін көтере түсуге күш салулары қажет, – деп қорытындылады жиынды облыс Әкімі аппаратының жетекшісі.