Жарма ауданының Қалбатау ауылындағы Мәдениет үйінде «Ел іші – өнер кеніші» атты республикалық телевизиялық халық шығармашылығы байқауының облыстық іріктеу туры өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Байқауды Мәдениет және ақпарат министрлігі мен облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырды. Байқаудың мақсаты – ел арасындағы талант иелерін іздеп тауып, үлкен сахнаға жол ашу. Бұл байқау басқа өңірлерде тек облыс орталықтарында ғана өткен екен. Ал біздің облыс басшылығының ұйғаруымен Жарма ауданында өткізілуі республика көлемінде тың бастама болып отыр. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өнерлі жандардың жолын ашуға үнемі қамқор болып келеді.
Байқау басталар алдында аудандық кітапхана «Алтай–Ертіс кітапханасы» деп аталған кітап көрмесін ұйымдастырды.
Іріктеу турына біздің облыстың көркем-өнерпаздар шығармашылық ұжымдары мен жеке орындаушылар қатысты. Жарма ауданының әкімі Темірбек Қасымжанов та көрермендер қатарынан орын алды.
Өнерсүйер қауым байқауға ұсынылған 19 нөмірді тамашалады. Орындаушылар ән салып, күй шертіп, көрермендердің ризашылығына бөленді.
Қазақстанның халық әртісі, әнші, сазгер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазылар алқасының төрағасы Алтынбек Қоразбаев өнерпаздардың орындаушылық шеберлігінің қаншалықты деңгейде екенін қорытындылады.
– Ел болғаннан кейін, жұрт болғаннан кейін өнерпаз жоқ деп айта алмаймын, таланттар қай жерде де бар. 14 облыстың ішінде халық аспаптар оркестрін үш облыс-та ғана кездестірдім. Сіздердің «Кәусар» халық ұлт аспаптар оркестрі маған ұнады. Жаңа осы аудандағы мәдениет бөлімінің бастығы Аманжол Даутов мырза оркестрге қатысып отырған 32 адамның бәріне де айлық еңбекақы береміз деп айтты. Бұл, әрине, әкімнің қамқорлығы болар, сізге көп рақмет, – деп аудан әкіміне алғысын білдірді. Оркестр туралы, жеке орындаушылар туралы пікірлерін білдіре келіп, Алтынбек Қоразбаев «Ай қаракөз» ансамблінің орындауындағы халық әні «Сары түйені» бірінші рет естігенін, әні керемет екенін және халықтың ішінен шыққан, ұмытылып кеткен әнді айтып берген әншіге алғысын айтты. Сондай-ақ бағдарламаның барлық жөн-желісі бойынша 15 жастан 35 жасқа дейінгі әншілер қатысатынын және 15 адамға ғана қаржылай көмек болатындығын ескертті.
Өскемен қаласындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінің сегізінші сынып оқушысы Алпыс Жақиянов он жасында Астанада өткен IV халықаралық “Ақ көгершін» фестивалінде дәстүрлі ән бойынша бас жүлдені иеленген. Биыл да Алматыда болған «Асыл мұра» халықаралық байқауында жеңімпаз атаныпты.
– Алпыс, сен келешекте үлкен ақын-жырау боларсың. Семейлік Ершат Қайырқанов гитарамен өте сауатты, кәсіби деңгейде екі ән айтты. Гитарасының да, өзінің дауысы да бәрі орнына келіп тұр, - дей келіп, Алтынбек Қоразбаев Өскемен қаласынан Айсарбек Ақияшев шерткен Мүкейдің күйі «Қосбасқанды» өте жақсы күй деп бағалады. Семей қаласынан Нартайдың термесі «Илигайды» айтқан Айнұр Әбілқасымованың, Мырзаның күйі «Мерекені» орындаған Өскемен қаласының «Жігер» ансамблі туралы, Зайсан ауданынан келген Бақыт Қыдырханова орындаған «Құстар» әні жайында пікірлерін білдіріп, ақыл-кеңестерімен байқауды қорытындылаған ол жиналған қауымның тілегі бойынша екі ән орындады.
Өз тарапымыздан «Сұлуым» тобына жұртшылықтың ықыласы ерекше екенін аңғардық. Өнер жолында өзіндік өрнекпен, ерекше нақышпен, тыңнан жол салу үшін үнемі ізденісте жүретін өнерлі ұжым.
Әнді дауыспен емес жүрекпен шырқау, кез келген шығарманы өз мәнінде орындау үшін туындының тұнығына бойлап кіре білу керек. Тағы бір айта кетерлік жайт, осы байқауда би номинациясы көрінбеді.