KZ
Өскемен
+22°
переменная облачность жел 1 м/с, С
450.79 482.21 5.05

RADIO ALTAY жаңалықтары - 19 қазан 2012 жыл

18.10.2012, 18:00 121


Кешкі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Шығыс Қазақстан облысының Әкімі Бердібек Сапарбаев біздің өңірге Чехия Республикасындағы Плзень өлкесі губернаторының кеңесшісі, қоршаған ортаны қорғау секциясының директоры Петр Смутны бастап келген делегацияны қабылдады. Кездесуде ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, туризм, көлік құрылымы, білім беру және басқа да салаларда ынтымақтастық мәселелері бойынша өзара пікір алмасты.

Шемонайха қаласының Мәдениет үйінде ауданға арнайы шақыртумен келген Лондон Олимпиадасының қатысушыларына қошемет көрсетілді. Сахнаға чемпион Ольга Рыпакова бастаған шығысқазақстандық олимпиадашылар – Данабек Сужанов, Дархан Баяхметов, Гүлжан Исанова, Еркебұлан Қосаев және тағы басқалар, сонымен қатар биылғы «Қазақстан барысы» сайысының күміс және қола жүлдегерлері Шалқар Жоламанов пен Айбек Нұғымаров көтерілгенде жиналған жұрт ду шапалақтап, құрмет көрсетті.

Жарма ауданының Қалбатау ауылындағы Мәдениет үйінде «Ел іші - өнер кеніші» атты республикалық телевизиялық халық шығармашылығы байқауының облыстық іріктеу туры өтті. Байқауды Мәдениет және ақпарат министрлігі мен облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырды. Байқаудың мақсаты - ел арасындағы талант иелерін іздеп тауып, үлкен сахнаға жол ашу. Қазақстанның халық әртісі, қазылар алқасының төрағасы Алтынбек Қоразбаев өнерпаздардың орындаушылық шеберлігінің қаншалықты деңгейде екенін қорытындылады.

Ертең футболдан Қазақстан чемпионаты бірінші лига командалары биылғы маусымның соңғы ойындарын өткізеді. Өскеменнің «Востогы» өз алаңында Семейдің «Спартагын» қабылдайды. Бұл кездесудің востоктықтар үшін маңызы өте зор болып отыр. «Востоктың» премьер-лигаға оралуы осы ойында шешіледі. «Восток» футболшылары соңғы ойында бәсекелестерінен ұтылмаған жағдайда келесі маусымда премьер-лигаға қайта оралады.


Таңертеңгі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

«Қазақстан индустрияны дамыту институты» акционерлік қоғамы Шығыс Қазақстан облысында туризмді дамыту бағдарламасының шеберлік-жоспарын жасау мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен өткен жиынға облыстағы туризм саласының, мемлекеттік органдардың басшылары, Қазақстан туристер қауымдастығының, компаниялардың өкілдері мен аудан әкімдері қатысты.

Шемонайха ауданындағы Первомайка кентінде күнбағыс дәнін өңдеу, тазарту, құтыларға құю зауыты салынып жатыр. Құрал-жабдықтарды орнатумен Қытайдың кәсіпорны айналысуда. Атап өтерлік жайт, мұндағы технологиялық үрдістердің бәрі компьютермен басқарылатын болады. Зауыт биыл қараша айында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Оның жалпы құны 300 миллион теңгені құрайды. Зауыт жұмысын бастағаннан кейін жылына 20-25 тонна шамасында өсімдік майын шығаруы тиіс.

2010 жылы жергілікті жолдарды дамыту бағытында «Тарбағатай жолдары» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны құрылған еді. Оның күшімен бұрнағы жылғы алапат су тасқыны зардаптарын қалпына келтіруде елеулі жұмыстар атқарылды. Айталық, алдыңғы жылы 66 шақырым жол күрделі және ағымдағы жөндеулерден өткізілсе, былтыр 77 млн. теңгенің жол құрылысы жұмыстары атқарылды. Қазір кәсіпорын ұжымы Ойшілік ауылдық округіне қарасты Тана мырза ауылы мен аудан орталығының арасындағы 12 шақырымдық қара жолға көтерме тас жол салуда.

Ұлан ауданы Тарғын ауылындағы әкімшілік ғимаратында оралман ағайындарға арналған «Қазақ әліпбиі» курсы ашылды. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бағдарламасы бойынша жеті айлық оқыту курсын қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Альмира Ахметжанова жүргізуде.





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив