KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 2 м/с, З
489.36 533.45 4.99

RADIO ALTAY жаңалықтары - 11 қазан 2012 жыл

10.10.2012, 18:00 153


Кешкі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Бородулиха ауданындағы Жезкент кентіне жұмыс сапарымен барды. Кездесулерде 2013 жылға қарай байқалуы мүмкін әлемдегі экономикалық дағдарыс толқынының алдын алу шаралары жайында да сөз болды. Сонымен қатар облыстық әкімдік пен «Қазақмыс» корпорациясы арасында бекітілген меморандуға сәйкес жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан әлеуметтік нысандар да аймақ басшысының назарынан тыс қалған жоқ.

Облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев облыста тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының жүзеге асыру барысын талқылаған селекторлық кеңес өткізді. Селекторлық кеңесте аталған бағдарламаны жүзеге асыру кезінде кеткен кемшіліктерді жою, бөлінген қаржыны мерзімінде игеру, жұмсалған қаражатты қайтару жолдары қарастырылды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Норвегия Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Оле Йохан Бёрнойды қабылдады. Кездесу барысында екіжақты әріптестік мәселелері, кәсіби және техникалық білім берудегі тәжірибелер алмасу, түрлі салалар бойынша алдағы уақытқа жасалған жаңа жоспарлар барысы кеңінен әңгіме болды. Кездесу соңында облыс басшысы елшіге Шығыс Қазақстан жайындағы кітапты естелік ретінде сыйға тартты.

Егемен еліміз үшін 60 жылдығы аталып өтіп жатқан Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің орны бөлек. Бұл білім ордасы мемлекетіміздің экономикасы мен мәдениетінің дамуына белсене араласып отыр. Сонау егемендікке қол жеткен жылы Өскемен педагогикалық институты қазақтың ілім-ғылымының дамуында өзіндік орны бар Ережеп Мәмбетқазиевтің мұрындық болуымен университет дәрежесіне жеткен-ді. Содан бері оның аты ғана емес, заты да өзгеріп, білім берудегі жаңашылдығы да сан есе артқанын уақыт көрсетіп келеді.


Таңертеңгі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Семей қаласындағы «Турист» қонақ үйінің алдындағы алаңда Бородулиха ауданының ауылшаруашылық тауарын өндірушілер жәрмеңке өткізді. Олар қала тұрғындарына ет, сүт, бал, көкөніс, өсімдік майы сияқты жалпы құны 17 миллион теңге тұратын тауарларды ұсынды. Жәрмеңкеге 19 ауылдық округ қатысты.

Күршім ауылындағы «Немере» дәмханасында Күршім аудандық мәдениет бөлімін жиырма жыл үзіліссіз басқарған белгілі ақын-сазгер Қабдолда Тұраровты еске алуға арналған кеш өтті. Ол облыстық «Ақындар мектебіне» жетекшілік жасаған жылдарда көптеген жас дарындарды іздеп жүріп тауып, олардың таланттарына нұр сеуіп, армандарына қанат байлаған еді.

Ақын, халықаралық сыйлықтың иегері, марқұм Нұрлан Мәукенұлының атына Зайсан қаласынан берілген көшенің ашылу рәсімі болды. Нұрланның студенттік жылдарда бірге оқыған достары келіп қатысып, естеліктерін ортаға салды. Нұрланның туып өскен ауылы-Жамбылда ақынға арналып, саябақ ашылып, арнайы тақта орнатылған.

Бородулиха ауданында жүйкелік ауытқуы бар кембағал балалар мен 18 жастан асқан жарымжан жандарға қамқор болып отырған әлеуметтік қызметкерлердің кезекті семинары болды. Бұл семинар мүгедектерге қызмет көрсету түрлерін қамтып, әлеуметтік қызметкерлердің әдістемелік қоржынын молайтты.

Күршім аудандық Мәдениет үйінде ардагерлердің «Туған жерге тағзым» атты концерті болып өтті. Орындалған әндер мен күйлер көрермендер тарапынан жоғары бағаға ие болды

Таиландта волейболдан 18 жасқа дейінгі қыздар арасында Азия чемпионаты мәреге жетті. Қазақстандық волейболшылар Азия құрлығында жетінші орын алып тұңғыш рет осындай жетістікке жетті. Еліміздің құрама командасының сапында өскемендік волейболшылар Әлия Батқолдина мен Екатерина Сахарова өнер көрсетті.





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив