KZ
Өскемен
+27°
переменная облачность жел 6 м/с, ОБ
443.44 480.51 4.88

Күршім ауданында қарбыз фестивалі қызықты өтті

6.09.2012, 18:00 213


Күршім ауданының диқандары өсірген қарбыздың атағы аудан, облыс ауқымынан асып, бүгінде бүкіл өңірдің брендіне айналып отырғаны белгілі. Өзінің дәмділігімен, сапалылығымен, экологиялық жағынан тазалығымен ерекшеленетін осы өнімнің талайлар үшін тұрақты табыс көзі болып отырғаны да шындық, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Аудандық ішкі саясат, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің бірлесе даярлаған жобасы бойынша Күршім ауылының орталық алаңында «Қарбыз фестивалі» деп аталған қызықты да мазмұнды мереке болып өтті. Фестивальды ұйымдастырушылар бақша өнімдерінің маңыздылығын насихаттау, бақша өсіруді дамыту және одан әрі жетілдіру, ауыл еңбеккерінің еңбегін әйгілеу, жаңа фестиваль дәстүрін қалыптастыру, халықтың мәдени-көпшілік демалыстарын ұйымдастыруға жағдай туғызу және халық бірлігі мен ынтымақтастығы дәстүрін жолға қою сияқты мақсаттарды көздеген болатын.

Мереке арнайы шақырылған адамдардың құттықтауларымен және ең жақсы бақшашылар мен фермерлік шаруа-шылықтарды марапаттаумен ашылды. Фестивальға Күршім, Сарыөлең және Қалғұты ауылдық округтерінің диқандары атсалысты. Мереке барысында қарбыздың дәмін татып көріп, түрлі сайыстар өткізіліп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

«Ең үлкен қарбыз» сайысының жүлдесі отыз жылдан астам уақыт осы кәсіппен айналысып келе жатқан белгілі бақшашы Балағазы Қалиолдиннің қарбызына берілді. Ал «Ең дәмді қарбыз» сайысының жүлдесіне қалғұтылық Берік Қабдырашев ие болды. Қарбыздан түрлі шығармашылық туындылар жасауда жұрт сарыөлеңдіктердің шеберлігін бірауыздан мойындады.

Қызық үшін ұйымдастырылған қарбыз жеу сайысында Күршім гимназиясының қызметкері Бейбіт Ахиолдин алдына жан салған жоқ, ал қарбыздың салмағын көз мөлшермен анықтауда күршімдік Әлібек Нағашыбаев үздік шықты.

Ауданда тұңғыш рет өткізіліп тұрған бұл мерекеге жұртшылық риза болды. Оны ұйымдастырушылар мен тамашалаған тұрғындардың «Осы фестиваль жыл сайын өтіп тұратын дәстүрлі мерекеге айналса» деген пікірлері бір жерден шықты.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив