KZ
Өскемен
+25°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СБ
479.05 534.57 5.17

Мешіт құрылысына өзге ұлт өкілдері де өз үлестерін қосты

18.08.2012, 18:00 149


Мешіт құрылысы мәреге жетер межелі күн де жақын қалды. Күн санап емес, сағат санап өсіп келе жатқан ертегідегі Алпамысқа ұқсаған ғибадат үйінің асарына бұл жолы Өскемендегі этномәдени бірлестіктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қатысты.
Аудандардан келіп, атсалысқан ағайындардың легі әлі де таусылмақ емес. Өткенде ғана Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ұжымы бұл құрылысқа қажетінше көмек көрсетіп кеткен. Енді, міне, құрылыс алаңына Достық үйіндегі 15 этномәдени бірлестіктің мүшелері білек сыбана келіпті.
Асарлата келген ағайынның дені ақсақалдар екен. Тұрғызылып жатқан құрылыс мешіт болған соң еңсерілетін еңбек кәрінікі, жастыкі деп бөлінбесе керек, барлығы бұл жұмысқа бір кісідей кірісті.
– Бұл құрылыс, ең алдымен, қала мен даланы жақындастырды. Жер шалғай демей, сонау алыс аудандардан ат терлетіп келген ағайын мешіт құрылысына ізгі ниеттерімен көмектесті. Кейде сенбілік немесе басқа да қоғамдық жұмыстарға жұрт амалдың жоқтығынан қатысып жатады емес пе?! Мен бұл асардан халық көңіліндегі руханиятқа деген шынайы ықыласты байқадым, – дейді «Алтын арқау» қоғамдық бірлестігінің директоры Сағынбек Ақанов.
Көкке мойын созған крандар биіктіктегі күмбездерді қойып болып, мұнара құрылыстарын аяқтап қалыпты. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары үлкен қарқынмен атқарылып жатыр. Мешіттің кіреберіс тұсындағы аумағы атшаптырым жерді алып тұрған баспалдақтарға қойылып жатқан мәрмәр төсеніштер, ішкі күмбезден төмен түсіп тұратын люстралар уәделі күнге дейін орнатылып бітуге дайын.

– Бұл мешіт облыс орталығының шырайын аша түседі, мұндай ауқымды рухани-мәдени сәулет туындысының құрылысына қатысып жатқаныма қуаныштымын. Біз қазір бір жылдық немесе он жылдықтың құрылысын емес, ғасырлардан ғасырларға жалғасатын ғимарат көтеріп жатырмыз, – дейді белорус мәдени орталығының жетекшісі Владимир Магазинщиков.

«Қасиетті бірлік» қоғамдық қоры-ның директоры Есентай Сембиновтің айтуынша, бұл жерде қазір 40-тан астам мекеме таңғы сағат 6-дан бастап қас қарайғанша бір минут та тоқтамай еңбектеніп жатыр екен.
– Су және жылу жүйелерін толықтай енгізіп болдық, қазір жоғары кернеулі трансформаторды іске қосамыз, жұмыс өте қауырт. Білікті мамандар жетіспей жатыр. Мекемелердің көбі өзіне жүктелген тапсырмаларды ойдағыдай орындап, дайын болған бөлмелерді тапсырып беруде. Бірнеше күнде мешіт құрылысын бітіреміз деп отырмыз.

Күмбездерге материалдың жетпей қалғаны рас. Ресейге қайта тапсырыс бердік. Сәтін салса, материалымыз алдағы күндері дайын болады. Бүгінде 500-ден астам адам мешіттің ішінде жұмыс істеп жатыр, – дейді ол.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив