KZ
Өскемен
+21°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
479.05 534.57 5.17

Өскемендегі сәулетті жаңа мешіт 21-тамызда ашылады

8.08.2012, 18:00 168


Өскемендегі ел болып, еңсесін тіктеп жатқан сәулетті мешіттің 21 тамыз күні ашылу салтанаты болады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бүгінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқан алып құрылыстың қалған уақытта да қарқынды жұмыс істейтіні анық.

Тамыз айы басталғалы бұл құрылыстың екінші тынысы ашылды. Мешіт құрылысында күн құрғатпай жұмыс істеген адамдардың саны 400-ден төмендемеуі осы сөзіміздің айғағы. Оның үстіне көмекке келген аудандар да жалқы күн емес, екі күн қатарынан еселі еңбек етуде.

– Қазір мешіт құрылысы ерекше қарқынмен жүріп жатыр. Бұл мешіт – тек діннің ғана емес, барша Шығыстың беделі. Алла қаласа, ұсақ-түйек жұмыстарын айтпағанда, 21 тамызда құрылыс жұмысы аяқталып, мешіт ел игілігіне берілетін болады, – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен аймақтық өкіл имамы Нұрлан қажы Асанов.

Осы аптаның сейсенбі, сәрсенбі күндері ғибадат үйінің асарына тарбағатайлықтар келді. 400 шақырым жол жүріп келген олар бірінші күні ғибадатхананың маңындағы қара күшті қажет ететін ауыр жұмыстарды атқарды. Бұл ауданның басқалардан ерекшелігі сол, екі ірі қара сойып, 417 адамға түстік ас берсе, кешке ораза ұстап жүрген мұсылмандарға ауыз аштырды.

– Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен іске асып жатқан бұл игі шара өңіріміздегі әр азаматты бейжай қалдырмасы анық. Жалпы ислам діні – береке-бірлікті насихаттайтын дін. Облыс орталығында үлкен ғибадатхана салу аймағымыздың басшысының көрегендігі деп білемін. Әрі осы мешіт аймағымыздың ажарын ашатын сәулетті ғимарат болады. Сондықтан осындай сауапты іске өз үлесімізді қосуға мүмкіндік алғанымызға қуаныштымыз, – дейді Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Сіләмбек Әзімханов.

Екінші күні де мұндағы жұмысқа ертемен келген тарбағатайлықтар мешіт маңындағы қоқыстарды тазалау сынды шаруаға бел шешіп, кірісіп кетті. Айта кететін тағы бір жайт, бұл ауданнан келген азаматтар қара жұмыстың қандайынан да тартынбайтындарын анық көрсетті.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив