KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 3 м/с, З
483.23 534.74 5.12

ШҚО-да медициналық қызметтің сапасы артып келеді

31.07.2012, 18:00 102


Өскемендегі ұлттық баспасөз клубында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы В.Овсянниковтің қатысуымен дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

Еліміздегі медицина мәселесінің аса маңыздылығын ескерген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «Халықтың денсаулығының деңгейі сол мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және индустриялдық дамуының көрсеткіші іспетті. Сондықтан әлемдегі дені сау халық қана өзгелермен бәсекелес бола алады» деген-ді. Бұл туралы Елбасымыздың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында ерекше атап өтілгенін айта кетейік.

Бір кездері бүкіл республика жұртшылығы құлақтанған Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау саласын-дағы дау-дамай саябырсып, жаңа басшы тағайындалғалы облыс дәрігерлерінің жұмыс ырғағы да бірқалыпқа түсе бастаған секілді.

Дөңгелек үстел барысында облыстың бас дәрігері ең әуелі еліміздегі денсаулық сақтау саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтың жыл өткен сайын қомақтыланып келе жатқандығын айтып өтті.

– Бірден айта кетуіміз керек, бүгінгі таңда облыстық денсаулық сақтау саласының материалдық базасы өткен жылдармен салыстырғанда анағұрлым жоғары дәрежеде. Биыл жер-жерлерде салынып жатқан жаңа құрылыс нысандарын айтпағанда, қолданыстағы медициналық мекемелер мен емдеу-сауықтыру нысандарын күрделі жөндеуден өткізу үшін ғана мемлекет тарапынан 450 млн. теңге қаражат бөлініп отыр. Ал жалпы облыс медицинасының жұмыс сапасын арттырып, тұрғындардың талап-тілектерін толық қанағаттандыру, әртүрлі медициналық қондырғылар мен жабдықтар алу мақсатына осы жылы 48 млрд. теңге бөлінгендігін, оның 23 миллиардын жергілікті бюджет бөліп отырғандығын, сондай-ақ, бұл қаражаттың өткен жылдармен салыстырғанда 10-12 пайызға артық екендігін ерекше атап өткім келеді, – деді В.Овсянников.

Басқарма бастығының мәліметіне қарағанда, бюджеттен бөлінген қаржыны игеру мәселесінде кемшіліктер жоқ, ағымдағы жылдың жарты жылына бөлінген ақшаның осы уақытқа дейін 97,6 пайызы игеріліпті. Осыдан біраз жыл бұрын компьютерлік томография деген біздің облыс үшін қол жетпес арман секілді болса, қазір білікті мамандарымыз сол медициналық жабдықпен халыққа қызмет етіп, ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістіктерге қол жеткізіп жатқан көрінеді.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға сай облысымыздағы денсаулық сақтау саласында да ілгерілеу жоқ емес. Айталық, ана өлімі өткен жылдары мың адамға шаққанда 36 пайыз болса, биыл ол көрсеткіш он пайызға төмендеген. Сол секілді туберкулез ауруының ара салмағы өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген.

Жиын барысында облыстық медицина саласында айтарлықтай реформа жүріп жатқандығы, әртүрлі санитарлық-эпидемиологиялық сырқаттардың саны азайып, тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің де көрсеткіштері бұрнағы жылдардан екі-үш есеге артқандығы, Семей қаласында балалардың туберкулез ауруханасы мен онкологиялық орталықтың, Глубокое ауданының орталығында жаңа аурухананың құрылысы басталғандығы, сонымен қатар Өскемендегі қан құю орталығының құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, пайдалануға берілетіндігі де айтылды.

Облыстық денсаулық сақтау саласының бірқатар жетістіктерін жеткізген басқарма бастығы саладағы көптеген кемшіліктерге де тоқталып, әсіресе, туберкулез ауруына шалдыққандарды емдеу мәселесінде осы күнге дейін көптеген келеңсіздіктерге жол берілгендігіне, қайсыбір медицина қызметкерлерінің өз жұмыстарына жүрдім-бардым қарайтындығына наразылығын білдірді.

Денсаулық сақтау саласына қатысты журналистердің қойған бірқатар сауалдарына жауап қайтарған бас дәрігер Мемлекет басшысының аталған салаға ерекше назар аударып отырғандығын айта келе, болашақта халыққа көрсетілер медициналық қызмет сапасының арта түсетіндігін жеткізді.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив