KZ
Өскемен
+18°
переменная облачность жел 3 м/с, ОШ
479.05 534.57 5.17

Зайсанның да үлесі зор болды

30.07.2012, 18:00 130


Өскеменнің қолайлы да шұрайлы жерлерінің бірінен орын бөлініп, құрылысы ерекше қарқынмен жүргізіліп жатқан орталық мешіттің айрықша сымбаты күн өткен сайын көпшілік назарын еріксіз өзіне аударуда, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

Халқымыз «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегенді тегін айтпаса керек. Егер осы мешіттің құрылыс жұмысында өздерінің ай сайынғы нәпақасын айырып жүрген құрылысшылардың іс-қимылдарын сырттай бақылап, «Тәубе! Мешітіміз баяу болса да, бой көтеріп келеді» деп, тоқмейілсіп жүре берсек, бұл қасиетті ғибадатханамыздың құрылысы тағы да бірер жылға созылары сөзсіз еді.

Осыны алдын ала байқаған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ тың бастама көтеріп, қасиетті мешіт құрылысының жоспарланған уақыттан әлдеқайда ертерек аяқталуына мұрындық болуда. Содан бері аймағымыздың аудандары бір кісідей атсалысып, жұмылып, жұдырық болып жатқалы да біршама уақыт болып қалды. Бұған дейін Катонқарағай, Зырян, Күршім, Ұлан, сондай-ақ, Жарма аудандары осы бір игілікті іске өз үлестерін қосса, өткен сенбі күні Зайсан ауданының әкімі Серік Зайнулдиннің өзі бастаған 65 адам арнайы келіп, Рамазан айындағы сауапты іске бел шеше араласты.

Аудан басшысы Серік Зинабекұлының айтуына қарағанда, бұл игілікті бастамадан елдегі азаматтар да сырт қалмай, өздері келе алмағанымен, шама-шарықтарынша қол ұшын созған көрінеді. Айталық, Ербол Келгенбаев, Болат Нұрасылов, Қуат Әбжанов және тағы да басқа кәсіпкерлер қаражат жағынан қарайласса, есімі елге танымал балуан, зайсандық Жанәділ Атаев өз тарапынан 60 орындық «Setra» жолаушылар автобусын бөліпті.

Өзге аудандар секілді бұл жолы да ірі қара мал сойылып, құрылыс басындағы 350 адамға табақ-табақ ет пен қызара бөртіп піскен палау тартылды. Ертеден қара кешке дейін аптап ыстыққа қарамай, құрылыс басында жүрген жұмысшылар Зайсанның өзінен шығатын экологиялық таза, табиғи-минералды суы мен балдай қымызын ішіп, бауырсақ, құрт-ірімшіктерінен сүйсіне дәм татты.

«Мешіт құрылысының асарына зайсандықтар келіп жатыр екен» дегенді естіп, жерлестеріне көмектесуге келген біраз өскемендіктерді де сол жерден жолықтырдық.

– Халқымыз «Ырыс алды – ынтымақ» деген ғой. Бұл елімізде бұрын-соңды болмаған жақсы бас-тама болды. Қазақ халқының қажет жағдайда бір адамдай атқа қона алатын бірлігі мен берекесінің айғағы – осы. Осындай игі бастамасы үшін облыс Әкіміне, сауапты істен сырт қалмай, апта сайын тайлы-тұяғымен асарға келіп жатқан аудан басшыларына, қаладағы студент жастар мен ерікті белсенділердің барлығына шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Баршаңызға Алланың нұры жауып, еліміздің айбыны арта берсін! дейді асарға өзімен бірге ұлын ерте келген Зайсан өңірінің тумасы Олжабай ақсақал.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив