KZ
Өскемен
+23°
переменная облачность жел 2 м/с, ОШ
479.05 534.57 5.17

Өскемендегі мешіттің құрылысына күршімдіктер келіп, көмек көрсетті

22.07.2012, 18:00 299


Өскемендегі жаңадан салынып, құрылысы бітуге таяған зәулім мешіттің ендігі қалған жұмыстарына облыстың аудандары мен қала-ларынан тұрғындар келіп, көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

Мешітке барғанымызда осы бір игілікті істің ортасында жүрген күршімдіктерді жолықтырдық.

– Қасиетті де алып құрылысқа Күршім ауданының әр саласында қызмет істеп жүрген 50 азаматы өз ниеттерімен үш күнге көмектесуге
келді. Мешіт құрылысына қатысып, құлшына жұмыс істеп жатырмыз, – деді «Нұр Отан» ХДП Күршім аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркін Жангүдеев.

– Салынып жатқан мешіт өскемендіктердің ғана емес, жалпы облыс жұртшылығының қуанышы болып отыр. Кешеден бері алты бригадаға бөлініп, бекітіліп берілген орындарда негізінен тазалау, жинау, ертінді да-йындау, асфальт төсеу жұмыстарымен айналысып, күнделікті тапсырмаларды орындаудамыз, – деп Күршім аудандық мәслихатының хатшысы Қайролда Әбілмәжінов те әріптесінің сөзін толықтыра түсті.

Мешіттің кіреберісіндегі алаңды тегістеп, цемент төсеумен айналысып жатқан азаматтардың қимылдары ширақ, өз істеріне беріле кірісіп кеткен. Әредікте №5 Күршім орта мектебі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Базарбек Ыбыраевты әңгімеге тарттық.

– Бетонды өзіміз дайындап, құйып жатырмыз. Ауа райы жұмыс істеуге қолайлы болып тұрғанда әр минутты тиімді пайдаланып, өзімізге бекітілген шаруаны нақтылы уақытында бітіріп береміз деген ойдамыз. Мұның асты автотұрақ болады. Соған су өтіп кетпес үшін бетонның қалыңдығын ескеріп жайып, бұл істің сапасына да жіті назар аударып жатырмыз, – деді ол.

Күршімдік мұғалімдер Қайрат Құрманғалиев, Дәулет Терлікбаев және басқалары еңбек демалысында жүрсе де осы топтың құрамында сауапты іске қатысуға келіпті.

Жобалаушылар орталық мешіттің орналасу орнын таңдауға үлкен мән бергені байқалады. Мешіт әдемілігімен алыстан көз тартады.

– Бұл ізгі бастаманы ауданның ардагерлері де қолдап, жастармен бірге жұмыс істеп жатыр. Бригада құрамында өзімді қосқанда төрт зейнеткер бар, – деді Күршім аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есманбек Ақтекенов.

Мешіт құрылысы облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қолдауымен қысқа мерзімде аяқталуға таяп қалды. Имандылық үйінің құрылысына облыс тұрғындары, көптеген кәсіпорындар мен мекемелердің ұжымдары да елеулі үлестерін қосып келеді.

– Мен өз ауылымның тұрғындары атынан мешітке келіп, көмегімді көрсетіп жатырмын. Қасымда бес кісі бар. Құрылыс қалдықтарын бесінші қабаттан тасып, далаға шығарып жатырмыз. Еденді босатып, сыпырып тазалаумен айналысудамыз, – дейді Қайыңды орта мектебінің директоры Құмарбек Төлемісов.

Асарға келген күршімдіктер де мал сойып, ас беріп, қатым түсірді.

– Мешіт салынып жатқан алаңның көлемі өте үлкен, құрылыс барысында төңірегі абаттандырылады. Бұл жерде әлі де біраз еңбектену қажет. Алдағы уақытта да біз, күршімдік азаматтар, имандылық істі шын пейі-лімізбен атқарып шығуға әрдайым әзірміз, – деді осы ізгілікті жұмыстың басы-қасында жүрген Қайролда Әбілмәжінов.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив