KZ
Өскемен
+8°
пасмурно жел 1 м/с, В
478.96 533.03 5.22

ШҚ облысы әкімі Бердібек Сапарбаев республикалық БАҚ басшылары және журналистерімен кездесті

30.05.2013, 18:00 168


Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Өскемендегі этноауылда журналистермен кездесті. Бұл дәстүрлі шараға облыстық БАҚ жетекшілері және тілшілерімен бірге бірқатар республикалық БАҚ басшылары мен журналистері де қатысты. Басқосуда аймақ басшысы ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында қол жеткізілген әлеуметтік-экономикалық табыстар жөнінде мәлімет беріп, тілшілердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

– Жалпы, облыстың тыныс-тіршілігінен барлықтарыңыз хабардарсыздар. Елбасының тапсырмасына сәйкес экономиканың даму қарқынын сақтап қалдық. Ең бастысы, қыстан қымтырылмай, аман шықтық. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда халықтың арыз-шағымы азайды, – деп сөз бастаған облыс басшысы өңір эконо-микасының әр саладағы даму жағдайын жеке-жеке жіліктеп айтты.

ШҚ облысы әкімі Бердібек Сапарбаев республикалық БАҚ басшылары және журналистерімен кездестіЖылдың төрт айындағы өндіріс өнімінің көлемі 336,9 млрд. теңгені құрап, 8,9 пайызға өскен. Бұл республикалық көрсеткіштен 4,4 пайызға артық. 2010-2012 жылдары Индустрияландыру картасының аясында 29 жоба жүзеге асып, бес мың адам жұмысқа тартылса, биыл қосымша бір мың жұмыс орнын қамтитын тағы сегіз жобаны қолға алу жоспарланған. Солардың ең сүйекті дегендері Өскемендегі толық циклді автозауыт пен автобөлшектер өндірісінің технопаркі, Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының құрылысы сынды тың жобалар. Қолға алынған 24 индустриялық жобаның 11-і 100 пайыз қуат күшіне еніп, аймақтың өндірісін жандандыра түсті.

Агроөндірістік кешенде құс етін өңдеу, қос сүт-тауарлы ферма ашу, «Елім-ай Көкпекті» агроөндірістік кешенін құру сынды ортақ құны 19,6 млрд. 100-ден астам инвестиция-лық жоба жүзеге асар сәтін күтуде.

ШҚ облысы әкімі Бердібек Сапарбаев республикалық БАҚ басшылары және журналистерімен кездестіТірек ауылдарды дамыту бағдарламасының аясында тек биыл-дың өзінде 855 жоба жүзеге аспақ. Негізгі капиталға құйылған инвестиция былтырғы жылдың салыстырмалы кезеңінен 33,4 пайызға артып, 614,4 млрд. теңгені құрады. Бұл инвестицияның негізгі бөлігі, яғни, 62,3 пайызы кәсіпорындардың өзіндік қаражаты есебінен түскен.

– Бір ғана №19 шағын ауданда 30-ға тарта тұрғын үй бой көтермек. Молдағұлова көшесінің бойында да бірнеше үй салынып жатыр. Ал олардың инфрақұрылымы бюджет есебінен қалыптасады, – деген облыс басшысы баспанамен қамту ісінде 10,2 пайыз көлемінде алға жылжу бар екенін, биыл 240-245 мың шаршы метр баспана игерілетінін атап өтті. Әлеуметтік бағдар-ламалардың тиімді жұмыс істеуінің арқасында жұмыссыздар саны 883 адамға кеміген.

Денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерді тұрғындардың шағым-дары көлеңкелеп келе жатуы тегін емес екенін атай келе, аймақ басшысы бұл саланы халықпен жақын-дастыра түсу үшін әртүрлі шаралар қолданылып жатқанын ескертті.


Облыс орталығындағы медици-налық мекемелердің басым бөлігі жекеменшіктің қолында болып келгенін білесіздер. Осындай алты мекеме оңтайландырылды. Жібек маталар комбинатында екі бірдей медициналық мекемені мемлекет меншігіне қаратып, ел игілігіне қарату үшін келісімдер жүріп жатыр. Бұл істі аяғына дейін жеткіземіз. Осыған дейін өңірдің шалғай елді мекендерінен шыққан түлектер үшін Семейдегі медициналық университеттен білім алу ауырлық тудырып келген. Осы мәселе алдағы уақытта шешімін табатынына үміттіміз. Облыс орталығында аталмыш оқу орнының филиалын ашу туралы бастамамызды Денсаулық сақтау министрлігі құптап отыр. Біз ғимаратпен қамтамасыз ететін боламыз, ал мамандар тартып, оқу үрдісін ұйымдастыру министрліктің міндеті болады, – деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев дәрі-дәрмекті жеткізу үшін тендердің кешігіп өткізілуінен болатын тапшылық мәселесі де біржола шешілгенін еске салды. Елдің денсаулығын тексеріп, ауруларды алдын ала анықтау жолында облыс бойынша жұмыс істеп келе жатқан бес бірдей медициналық кешеннің қатары тағы біреуімен толықпақ.

Заң талабы – баршаға ортақ


Аймақ басшысы білім сала-сындағы өзекті мәселелерге де кеңінен тоқталды. «Өткен жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша 12-ші орында қалуымызға жекелеген себептер де әсер етті деген күннің өзінде мақтануға тұрарлық көрсеткіш емес екенін білеміз» дей келе, ол биыл тестілеу нәтижесі бойынша кем дегенде алғашқы бестікке ену көзделгенін мәлім етті.

Спорт пен мәдениетті дамыту тұрғысында бой көтеріп жатқан нысандардың болашағы жайында ақпарат берген өңір басшысы «Ақ бұлақ» бағдарламасының жүзеге асуы мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында іске асқан игі серіктестік жобалар жөнінде де мәлімет берді. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев соңғы кезде назарға көп іліккен жекелеген мәселелер жөнінде толымды түсінік берді.

Сондай мәселенің бірі – Серебрянка қаласындағы бейорганикалық өндіріс зауытына қатысты өрбігенін газетіміздің өткен сандарында ха-барлағанбыз. Аймақ басшысы БАҚ өкілдеріне бұл зауыттың жұмысын қалпына келтіру үшін әуелі банкрот жариялау керектігін ұқтырды.

– Банкрот жариялаудың ар жағында кейбіреулер айтып жүрген-дей, біреудің меншігіне қарату әрекеті жатқан жоқ. 400-ге тақау адамның жұмыс орнын сақтап қалу – міндетіміз. Зауыттың қондырғылары ескіріп, кетеуі кетіп тұр. Ал оның жұмысын игеріп, әрі қарай жандандырып әкетуге кез келген кәсіпорынның әлеуеті жете бермейді. Сондықтан қазір «Қазинжиринг» ұлттық компаниясымен келісім жүріп жатыр, – деген облыс басшысы Зыряндағы жерасты суының кенет көтерілуі тұрмысына зиян келтірген жұрттың жағдайына да тоқталды.

Облыс әкімі Шығыс ауылының төңірегіндегі дауға қатысты да өз пікірін білдірді.

– «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша бой көтерген ауылдың келбетін өздеріңіз де көрген шығарсыздар. Бірақ сәні мен сапасы сәйкес келмейтін үйлер де бар көрінеді. Мердігерлер өз кемшіліктерін жөндейтін болады. Мектеп пен балабақша, медпункт салып бердік. Екі жыл бұрын бәрін жұмысқа орналастырғанбыз. Кейін сол жұмыстарынан шығып кетіпті. Біз ұсынған жұмыстар көңілдеріне жақпаса керек. «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша несие сұрағандарға несие де бердік. Соның арқасында кәсібін дөңгелентіп әкеткендер де бар. Өздігінен фотосалон, шаштараз, дүкен ашып жатқан-дар қаншама? Солардың бәріне қолдау көрсетіп отырмыз. Бүгінгі күні оралмандар үшін Үкімет барлық жағдайды жасады, – деп ойлаймын.

– Егер 468 үйдің барлығы бірдей қарызға белшеден батып отырса түсінер едім. Тек 170 үй ғана электр қуатын төлей алмай отыр. Демек, мәселе басқада деген сөз. Комиссия сол мәселелерді анықтау үшін үш топқа бөлініп жұмыс істеп жатыр. Мұндай қарыз қалайша пайда болғанын зерттеп жатырмыз. Бәлкім, есептегіш құралдары дұрыс емес шығар немесе тұрғындар электрді тиімді тұтынбай отырған шығар. Соның бәрі анықталғаннан кейін ғана шешім шығады. Бір анық нәрсе бар. Заң алдында барлық азамат бірдей. Сондықтан тұтынған электр үшін төлеу керек, – деді әкім.


Құрылыс компанияларына енді қатаң бақылау қойылады


Дмитрий Крюкович, «Хабар» агенттігінің Өскемендегі меншікті тілшісі:
– Өскемендегі машина жасау саласы мамандарын қайта даярлау орталығы ғимаратының құрылысына қатысты дау-дамай шығып жатқаны белгілі. Осы жөнінде не айтасыз? Екінші сауалым, өткен жылы Сіз
Татарстанда болғанда Қазандағы ІТ-парктің жұмысымен танысқан едіңіз. Дәл сондай парк Өскеменде қашан пайда болады, қай мекеменің базасында?

– Ол орталықтың құрылысы 2010 жылы басталған болатын. Конкурсты Білім және ғылым министрі өткізіп,
оны Алматы қаласының бір компаниясы жеңіп алған еді. Біз олармен жолығып, көмегімізді, қосалқы
мердігер тауып беруді ұсындық. Өйткені, ол компанияның материал-дық-техникалық базасы әлсіз екенін білдік. Көмектесе бастадық. 2011 жылы нысанда алғаш болғанымда оның кестеден кешігіп жатқаны анықталды. Өкінішке қарай, өткен жылы да құрылыс қарқын алмады. Ол жөнінде біз сала министрін бірнеше мәрте хабардар еттік. Министрлік нысан жыл соңына дейін аяқталады деп уәде беріп отыр. Біз жергілікті атқарушы орган ретінде ғимаратты инфрақұрылыммен қамтуға тиіспіз. Бұл міндетті біз толықтай атқарып шықтық. Ендігі шаруа министрліктің мойнында тұр. Ғимараттың жыл соңына дейін бітетініне сенім білдіріп отырмыз.
Расында да, Татарстандағы ІТ-парк – Еуразиялық кеңістіктегі ең үздік заманауи ІТ-парктердің бірі. Біз қазір ол тараппен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Дәл сондай ІТ-паркті біздегі «Алтай» технопаркінің негізінде ашу жөнінде келісімге келдік. 1-шілдеге дейін ол іске қосылуы тиіс.

Өркен Кенжебек, «Хабар» агенттігі:
– «А» корпусына облыстан қанша мемлекеттік қызметші өтті? Өңірдің туризм саласы қалай дамып жатыр?
– Біздің облыстан бұл сынға 180 адам қатысты, соның ішінде барлық аудан-қала әкімдері де болды. Бірақ, өкінішке қарай, 5 аудан мен қала әкімі өте алмады. Олардың бір ғана ұпайлары жетпей қалған. Барлығы да жақсы жұмыс істеп жүрген әкімдер. Менің ойымша, оларға тағы бір қосымша мүмкіндік беру керек сияқты. Туризмді дамытуға облыста барлық мүмкіндік бар. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Бірақ, инфрақұрылым заман талабына сай келмейді. Әсіресе, жолдарымыз. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтсақ, Зырян, Катонқарағай аудандары бағытындағы Осинск асуынан айналатын жол келесі жылы басталады. Рахман қайнарына баратын 38 шақырым жолды қалпына келтіруді осы жылдың екінші жартысында бастаймыз. Алакөлге баратын жол жөнделуде, Алматы–Үржар әуе бағытын іске қостық. Зайсан–Алматы бағытындағы ұшақ қатынасын жандандыру ісі қолға алынуда. Бұл жұмыстар келешекте де жалғасын табады.

Ирина Якунина, «Астана» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі:
– Семей медакадемиясын бітіріп шыққан түлектерді жергілікті медициналық мекемелерге тарту бағытында қандай шаралар атқарылуда? Шаңғы мен сноуборд сынды қысқы спорт түрлерін дамытуда не істелмек?

– Семейдегі медициналық академиямен жас мамандарды негізінен облыстың медициналық мекемелері-не жіберу туралы келісім бар. Қала-аудан әкімдеріне де тиісті тапсырмалар жүктелген. Яғни, жас дәрігерлерге көтермеақы төленіп, баспанамен қам-тылуы тиіс. Қазіргі кезде Өскемендегі №19 шағын ауданда жас мамандарға арнап екі жатақхана салынып жатыр. Біз қысқы спорт нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтудамыз. Шаңғы трассаларын жөндеу ісімен айналысып жатырмыз. Спорттың бұл түрін біз ең алдымен Риддер қаласында дамытуымыз керек. Сноуборд Риддер мен Зырянда жақсы өркендеп келеді.
Спортшыларымыздың нәтижесі де жаман емес. Ендігі мақсат – олардың санын көбейту. Бір қуантарлығы, ниет білдірушілер жетерлік.

Әсем Қайратбек, «КТК» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі:
– Соңғы кездері облыстағы құрылыс нысандарының сапасына қатысты сын өте көп айтылып жүр. Осы бағытта атқарушы билік қандай шараларды қолға алып отыр?

– Мұның бірінші себебі, құрылыс компаниялары өз шамаларына қарамай 4-5 нысанның құрылысын мойындарына алып алған. Екіншіден, салалық басқарма құрылыс мерзімін дұрыс белгілемейді. Олар құрылыстың басталу уақытын желтоқсанда емес, наурыз-сәуірге қоюы керек. Басқарманың бұрынғы бастығы Думан Сүлейменов қызметінен босатылды, қазір оның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Осы себепке қатысты кейінгі басқарма бастығы Игорь Литвинов те, бұған дейін менің орынбасарым болған Жомарт Мұратов та қызметтерінен кетті. Біз енді құрылыс компанияларының жауапкершілігін арттыру ісімен мықтап айналысатын боламыз.

Әлібек Қаңтарбаев, «Дала мен қала» газетінің облыстағы меншікті тілшісі:
– Қалай ойлайсыз, оралмандарды облыс орталығының іргесіне апарып тоғытуымыз дұрыс болды ма? Меніңше, ағайындарды ауылдық жерлерге орналастырған жөн болар еді.

– Оралмандардың өздерінің де талабы бар. Аудандарда тұрмаймыз, осы жерде тұрсақ деген. Одан кейін, біздің басты мақсатымыз – қаланың халқын көбейту. Көп нәрсе қандастарымыздың өздеріне байланысты. «Нұрлы көш» бағдарламасы көптеген жерлерде жақсы жұмыс істеп жатыр. Біз қандастарымызды масылдыққа тәрбиелемеуіміз керек. Біз ағайындарды Өскеменнің ортасына емес, шетіне не үшін әкелдік? Өйткені, оларға жер бердік, егін егіп, мал бақсын деп. Сондықтан жұмыс істеп, әрекет жасау керек.

Светлана Соловьева, Ұлттық баспасөз клубы облыстық филиалының төрайымы:
– Шығыс ауылында болған митингті ұйымдастырушылар заңға сәйкес жазалана ма?

– Қазір бұл іспен құқық қорғау органдары айналысып жатыр. Жуық арада кімдердің ұйымдастырғаны белгілі болады. Олар заң алдында жауап беруі тиіс. Баршаға ортақ заң бар, тәртіп бар. Оны бұзуға ешкімнің де қақысы
жоқ.

Мерей Қайнаров, облыстық «Менің өлкем» газетінің редакторы:
– Көкпекті ауданы, Казнаковка ауылы тұсындағы өткелдің паромы жөнделіп жатқаны белгілі, ол қашаннан бастап жүре бастайды? Сол маңнан көпір салына ма? Марқакөл, Мақаншы, Катонқарғай аудандары қайтадан құрыла ма?

– Паром шілде айынан бастап іске қосылады. Көпір салу үшін үлкен қаржы қажет. Бұл бағытта кореялық компаниямен жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ, нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Мемлекет басшысы Үкіметке аудандарды ықшамдау, шекараны бекіту жөнінде тапсырма берген болатын. Біз Мақаншы, Марқакөл аудандары туралы өз ұсынысымызды бергенбіз. Сондай-ақ, Курчатов қаласының маңындағы жерлерді біріктіріп, аудан ашуды да ұсынып отырмыз. Себебі, бұрынғы Семей сынақ полигонының жекелеген аумағы ғалымдар тарапынан тексеріліп, қауіпсіз деп танылды, енді сол жерлерді ауыл шаруашылығына пайдалану керек. Бұл мәселелер бүгінгі таңда Үкіметте қаралып жатыр.

«Қазақстан-Семей» арнасы:
– Соңғы үш жылда Семейде бірде-бір тұрғын үй пайдалануға берілген жоқ. Жекеменшік үй салуға жер беру мәселесі де шешілмей жатыр. Бұл орайда өзгерістер бола ма? Екінші сауалым, қалада балабақша мәселесінің де түйіні тарқамай отыр. Аталған проблема қалай шешілмек?

– Семейдегі жердің барлығы жекеменшікке сатылып кеткен. Соларды қайтару бойынша жұмыс істеліп жатыр. Біраз жер қайтарылды. Инфрақұрылымға қаржы бөлінді. Ал-дағы уақытта қалада «Қолжетімді бас-пана» және өзге де бағдарламалар-мен үйлер тұрғызылатын болады. Сондай-ақ, Семейде құрылыс комбинаты салынып жатыр, ол нысан шілде айында аяқталады. Былтыр «АЕS» компаниясының қаржысы есебінен балабақша іске қосылған, биыл жос-парда жоқ, бірақ келесі жылы салынады.

Ук.кз сайты:
– Өскемендегі трамвай паркінің болашағы қалай болмақ?
– Трамвай – тұрғындар үшін ең қолжетімді көлік түрі. Біз олардың үзіліссіз жүріп тұруын және заманға сай болғанын қалаймыз. Алайда, олардың қазіргі күйі жан шошытарлық. «Тахами Путь» ЖШС оларды жаңартуға қаржы бөлуге құлықсыз. Біз аталмыш серіктестікпен келісімге келдік. Жуырда ғана мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жаңадан «Өскемен трамвай паркі» кәсіпорны құрылды. Мемлекет тарапынан кәсіпорынға «Ертіс» корпорациясы жартылай еніп отыр. Енді жаңа кәсіпорынның даму жоспары құрылып, іс алға жылжиды.

Есімжан Нақтыбайұлы,
Ержан Әбіш

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив