KZ
Өскемен
+6°
ясно жел 4 м/с, З
483.23 534.74 5.12

Тарбағатай ауданының ардагерлері ән айтып жүр

20.07.2012, 18:00 266


«Ақжар ауылындағы мәдениет үйінде әже-аталардың хоры болғалы жатыр» деген хабарды естіп, асыға жеткен едік. Мәдениет үйінің сырты қалай ажарландырылып, айшықталса, ішкі сән-салтанаты да көз тұндырғандай екен, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

Мәдени қызметте орын алған кемшіліктер аудан басшылығы мен аудандық ақсақалдар алқасының назарына алынып, халықтың рухын көтеріп, патриоттық сезімін оятудың оңтайлы жолдары қарастырылуда. Соның жарқын бір үлгісі ретінде Ақжар ауылындағы әже-аталардан іріктелген «Ақ ниет» өнер ұжымының жұмысын атауға болады.

Жарты ғасыр бұрын Ақжар ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, дәл сол тұста оның жанынан драмалық үйірме құрылған еді. Сонымен қатар ақжарлық халық театры әртістерінің Мәскеудегі Кремль театрының сахнасында өнер көрсеткеніне де алдағы жылы елу жыл толмақ. Орайы келгенде айта кетейік, аудандық бюджеттен «Ақ ниет» мүшелерінің сахналық киімдерін тігуге 250 мың теңге бөлінген екен. Бұл қамқорлық ұжым мүшелерін шабыттандыра түскен.

– «Ақ ниетті» құрған апа-ағаларымыз өткен ғасырдың алпысыншы жылдарыдағы аға толқынның темірқазықтай жарқыраған өнерінен көз жазып қалмауды мақсат етуде. Олардың бәрі де өнерлі, көрген-түйгені мол адамдар. Ұжымдағылардың шеберліктерін шыңдауға оның төрайымы, Ақжар балалар саз мектебінің бұрынғы ұстазы, зейнеткер Салиха Мәлғаждарованың қосып жүрген үлесі зор, – дейді республиканың мәдениет қайраткері Қанафия Қайырбаев.

Ал енді өнер ұжымы мүшелеріне келсек. Мәселен, Сайлау Жүнісбекұлы аудандық кәсіптік-техникалық училищеде оқытушылық еткен жылдарында талай шәкірттерін техникалық жаңалықтар ашуға баулыған. Ұжымның мүшелері Тұрсын Дүйсенов, Ғалия Төкенова, Әрімбек Мәселұлы, Дәмеш Шырғайбаева, Бағдат Жүнісбекова, Клара Малдыбаева, Бибәтіш Ибрайымова, Бикамал Мұхамадиева, Кеңесхан Мақатов, Серік Шөкенов те – өнер десе, ішкен асын жерге қоятын жандар. Ардагерлердің өнеріне қолдау жасап, бағыт-бағдар беруге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Сахариев пен оның орынбасары Т.Халықовтың да тигізген шарапаты аз емес.

Жақында осы өнер иелерінің қатысуымен қорытынды концерт болды. Концертте сөзі мен әнін Салиха Мәлғаждарова жазған «Қазақстан – нұрлы аймақ», сөзін Төлеген Қалимажанов жазған «Ардагерлер» (әні Қанафия Қайырбаевтікі), «Тарбағатай таулары» және басқа да әндер өте әсерлі орындалды. Жалпы концертте екі сағаттан астам ән шырқалып, күй төгіліп, би биленді.

Соңынан аудан әкімі Е.Текешов осы игі шараны ұйымдастыруға ұйтқы болған аудандық ардагерлер кеңесі мен өнер ұжымының мүшелеріне алғыс айтып, облыстық байқауда жеңімпаз атануларына тілекші екендігін жеткізді.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив