KZ
Өскемен
+25°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СБ
479.05 534.57 5.17

Сауапты іске студенттер де белсене кірісті

23.06.2012, 18:00 130


Ертістің сол жағалауында бой көтеріп келе жатқан жаңа мешіттің құрылысына студенттер де атсалысуда. Кеше С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың оқытушылар құрамы мен студенттері таңның ертесінен құрылыс алаңына жиналды. Мақсат – имандылық үйінің құрылысына теңізге тамған тамшыдай болсын үлес қосу.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жуықта осы мешіттің жанына өңірдегі құрылыс компаниялары жетекшілерін, қалталы азаматтарды, жоғары оқу орындарының басшыларын, жалпы, өзін мұсылман санайтын адамдардың басын құрап, құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, сауапты іс жасау жөнінде азаматтық бастама көтерген болатын. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың ректоры Мейір Ескендіров жоғары оқу орындарының арасында алғаш болып бұл іске білек сыбана кірісті. Маусымның 21-інен бастап үш күнге созылатын игі шараға университет тарапынан 300-дей адам қатысады. Білім ордасының проректоры Бауыржан Ерденбековтің айтуынша, құрылыс алаңына ешкім мәжбүрлікпен келмеген. Иісі мұсылман жұртында мешіт құрылысы қасиетті де сауапты іс болып саналатындықтан, жүрегінде иманы, аузында Алласы бар жастар бұл шараға өз еріктерімен құлшына араласыпты.

– Біз балаларды мешіт ғимаратының құрылысына жібере алмаймыз. Өйткені, ол жерде қазір мұнаралар көтеріліп жатыр, өте қауіпті. Сол себепті мешіттің айналасындағы абаттандыру жұмыстарын жүргізуге бел байлап отырмыз. Құдай қаласа, жаздың соңына дейін ғимарат құрылысы да аяқталып қалар, біздің міндетіміз – ауқымы атшаптырым аулаға қызыл-жасыл гүлдер егіп, айналаны әдемілікте ұстау, басқаларға үлгі болу, – дейді Бауыржан Амангелдіұлы.

Аталмыш оқу орнының экология және жаратылыстану факультетінің соңғы курс студенті Медет Мекеновтің ертең диплом жұмысын қорғайтын күні екен. Медет соған қарамастан дайындықтың бәрін ысырып қойып, асарға келіпті. «Осы мешітке титтей болсын көмегімді тигізгім келеді» дейді ол. География факультетінің студенті Гузаль Саудуллаева да өз көмегін аямайтынын айтып, ағынан жарылды. Студенттер мен ұстаздар енді үш күн бойы осы жерде еңбек етпек.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив