KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 1 м/с, З
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Өскеменде жұмыс берушілер съезі болды

19.06.2012, 18:00 172


Бүкіл Қазақстан көлемінде қолға алынған «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын жүзеге асырудың мәселелері бойынша азаматтарды бірыңғай қабылдау күні облысымызда ерекше сипатта өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

Бір күн бойы «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында азаматтарға аталған бағдарламаға қатысты жеке сұрақтармен қабылдау жүргізілді. Олардың сан алуан сауалдарына облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік Әбденов, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Ольга Кузовлева, облыстық білім, құрылыс, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармаларының басшылары, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың, шағын және орта бизнестің, шағын несие ұйымдарының аймақтық қауымдастық өкілдері мен мамандар жауап берді.

Аталған басшылар құрамы күннің екінші жартысында Металлургтердің мәдениет сарайында өткен жұмыс берушілердің І съезіне қатысты. Бірыңғай қабылдау күнінің шығысқазақстандық ерекшелігі де осы съезд болды.

– Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жоғары және орта арнаулы оқу орындарының түлектерімен кездесуінде жұмыс берушілер съезін өткізу жөнінде тапсырма берген болатын. Сол тапсырманы бүгінгі шарамен жалғастырып, аталған бағдарламаны әрі қарай жұмыс берушілермен бірлесе жүзеге асырудың міндеттерін айқындауды көздеп отырмыз, – деген Ольга Кузовлева съезге облыс орталығымен қатар, шет аудандардан бағдарламаға қатысуға мүмкіндігі бар 50-ден астам бизнестік құрылымдар, шағын және орташа кәсіпорын басшылары, жұмыс берушілер қауымдастығының өкілдері шақырылғанын айтты. Олардың арасында «Қазцинк», «Әділ», «Востокавтодор», «Иртышцветметремонт» АҚ-лары мен «Өскемен конденсатор зауыты», «Өскемен-Пласт», «Восток-Молоко» ЖШС-лері және «Өскемен-Водоканал» сынды ірі кәсіпорындар мен олардың бөлімшелері де болды.

Өскеменде жұмыс берушілер съезі болдыӘуелі Серік Әбденов жиынға қатысушыларды съездің ашылуымен құттықтады.

– «Нұр Отан» партиясының бастамасымен еліміз бойынша ұйымдастырылып отырған шара тұңғыш рет өткізілуде. Партияның облыстық филиалындағы қабылдауда қойылған әрбір сұрақ талданып, тиісті шешімдер шығарылып, шаралар қолданылатын болады. Ал бүгінгі тың бастаманың маңызы тіптен ерекше. Егер маман даярлаушылар өз алдына, жұмыс берушілер өз бетімен жұмыс істеуін жалғастыра берсе, ісімізде сапа болмайтынын уақыт көрсетіп отыр. Мамандардың білікті болып шығуына жергілікті билік пен оқу орындары ғана емес, жұмыс берушілер де мүдделі болуы керек. Болашақта облыс бойынша 20 мыңдай жұмысшы қажет болатыны болжануда. Соның көбі техникалық мамандық иелері болмақ. Бір ғана Риддер-дің өзінде шағын шаһарларды дамыту бағдарламасы аясында төрт жарым мың жаңа жұмыс орны пайда болмақ. Сол орындар білікті мамандармен толықтай қамтылуы үшін бүгіннен бастап бірлесе әрекет етуіміз керек. Бүгінгі съезд сол әрекеттердің бастауы деп түсініңіздер, – деді Серік Әбденов.

Бұдан кейін сөз алған Түсіпхан Түсіпбеков «Үдемелі индустриялық даму», «Жол картасы» сынды ауқымды жобалармен бірге «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы-ның жүзеге асуы да «Нұр Отан» тарапынан қатаң бақылауда болатынын жеткізді.

Жұмыс берушілер қауымдастығының атынан сөйлеген Игорь Шацких съездің берері мол екеніне сенім білдірді. «Қазақ-станның ұлттық экономикалық палатасы «Атамекен» одағының» өкілі өндіріс пен құрылыстағы қара жұмысшылардың арасында қолында күректей дипломы бар заңгер, экономист сияқты мамандық иелері көп кездесетінін айта келіп, кәсіп таңдау ісіне мектеп қабырғасында көңіл бөлінуі қажет деп есептейтінін тілге тиек етті.

Съезд соңында жұмыс берушілердің Үндеуі қабылданып, бірлесе әрекет етудің ұсынымдары талқыланды.

Жұмыс берушілер жиыны жыл сайын өтіп келе жатқан бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне ұласқан болатын. Жәрмеңкеде жас түлектерге қарағанда екі қолға жұмыс таппай жүрген орта жастағы нәзік жандылардың қарасы басым көрінді. Металлургтер сарайының фойесіне жайғасқан жұмыс берушілер алдарына өздеріне қажетті мамандықтардың тізбесін қойып, талапкерлерді қабылдаумен болды. Сондай қабылдаушының бірі «Индустрой-2» ЖШС-нің бас инженері Николай Пачкин бұл диалог жұмыс іздеушілерге де, оны берушілерге де тиімді екенін айтып:

– Жәрмеңке жаңа ғана басталғанына қарамастан, қазірдің өзінде бірнеше үміткерді тіркеп үлгердім, – деді.

Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік Әбденовтің жәрмеңке көз алдау үшін жасалатын шара емес екенін баса айтқаны бар. Бұл шарада түскен сұраныстар мен ұсыныстар талданып, жәрмеңке нәтижесінде қанша адамның жұмыс тапқаны сараланатын көрінеді. Ал нәтиже қанағаттанарлықтай болмаған жағдайда орын алған кемшіліктер мен жіберілген қателіктердің орнын толтыру шаралары қолға алынатын болады.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив