KZ
Өскемен
+22°
переменная облачность жел 3 м/с, В
479.05 534.57 5.17

RADIO ALTAY жаңалықтары - 14 маусым 2012 жыл

13.06.2012, 18:00 104


Кешкі шығарылым RADIO ALTAY


Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Семей мемлекеттік медицина университетінде Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Шәріпбек Әмірбеков пен Семей мемлекеттік медициналық университетінің ректоры Төлебай Рақыпбеков екі ірі жоғары оқу орны арасындағы ғылыми-педагогикалық кадрларды бірлесіп даярлау жөнінде әріптестік туралы келісімшартқа қол қойды.

Катонқарағай ауданында панты даярлауға алғашқылардың бірі болып «Ақсу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Бұғы паркі» шаруа қожалығы кірісті. Әрбір мүйізді маралдан орта есеппен 5-5,5 келі мөлшерінде шикізат алынуда.

Күршім ауданындағы төрт тірек ауылдарының бірі –Сарыөлеңде демалыс саябағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Саябақ құрылысына бюджеттен 6,5 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ клуб ғимараты жөнделіп, екі орталық көшеге асфальт төселетін болады.

Зайсан ауданы «Шұғыла» шаруа қожалығының иесі Қуаныш Ыдырышев қазір 30-ға тарта түйе өсіріп отыр. Қожалық ұжымы түйелерді сауып, дертке шипа болатын шұбатын ел игілігіне ұсынуда.

Күршім ауылында орналасқан шекара жасағында жас жауынгерлердің ант қабылдау рәсімі болып өтті. Сол күні жас жауынгерлерге Қазақстанның түкпір-түкпірінен туыстары келді. Жас сарбаздарды әскери бөлімнің командирі, подполковник С.Рахимов, салтанатқа шақырылған ресми тұлғалар, ата-аналар құттықтады.

«Алтын арқау» қоғамдық бірлестігінің тіл жанашырлары облыстағы жер, су аттары мен елді мекендердің тарихи атаулары жөнінде көптеген ізденісті шаруалар тындырып, нақты ұсыныстарын ономастикалық комиссияға тапсырған болатын. Нәтижесінде азаматтық қоғам өкілдерінің ұсынысы негізінде Өскеменнің іргесінде «Атығай асуы», «Айыртау», «Мамай батыр» атаулары дүниеге келді.


Таңертеңгі шығарылым RADIO ALTAY


RADIO ALTAY жаңалықтары - 14 маусым 2012 жылСәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Өскеменде қаланың лифт шаруашылығын қайта жандандыру жөніндегі бағдарлама әзірленді. Қаладағы көпқабатты биік үйлерде 518 лифт бар. Соның елуге жуығы тозып істен шыққан. Биыл Өскемен қаласында жаңа 15 лифт орнатылады. Осы мақсатқа бюджеттен 117 миллион теңге жұмсалады.

Тарбағатай ауданында «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына орай «Тұлпар» шаруа қожалығы тоқсан миллион теңгенің несие қаржысына 400 басқа арналған бордақылау алаңын салып, оған қоса мал соятын пункт ашпақ. Ал «Шәмшия» шаруа қожалығы да 32 миллион теңгенің қаржысына дәл осындай бордақылау алаңын салып, онда 400 малды семіртуге қоймақ.

Өскеменде осымен 13 мәрте өткізіліп отырған облыстық Абай оқуларына жалпы жиыны 63 оқушы қатысты. Семейдегі №13 мектептің оқушысы Аяулы Ахметқазина байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Ол енді республикалық байқауда облыс намысын қорғайтын болады.

4-маусымда велосипедпен Көкпекті-Алматы-Түркістан бағытында жолға шыққан Көкпекті ауданының тұрғыны Рашид Байпақпаев Алматы облысына келіп жетті. Рашид 20 күннің ішінде 2 мың шақырым жол жүріп өтпекші.

Аягөз аудандық ішкі істер бөліміне «Кигізбай» шаруа қожалығының басшысы, жайылымда жатқан малдарының арасындағы үш қойын белгісіз біреудің ұрлап кеткенін айтып хабарласқан болатын. Содан кейін де осы отыз жастағы жігіттің жеті бас қойын жымқырып кеткен. Тексеріп, жұмыстарының нәтижесінде 33 жастағы күдікті құрықталды.

Шығысқазақстандық полиция қызметкерлері орман шаруашылықтарының бірінде Риддер қаласының үш тұрғынын ұстады. Олар жалпы саны 12 мың түп «Торлы жуаны» жинап алған. Бұл өсімдік Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Қазір осыған байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив