KZ
Өскемен
+21°
ясно жел 3 м/с, З
441.58 480 4.86

Шалабайда шешімін күткен мәселе көп

11.06.2012, 18:00 142


Жарма ауданы бойынша тірек ауылдар қатарына кірген үш ауылдың бірі – Шалабай. Алайда, бағдарламаға сәйкес осы елді мекендегі атқарылар негізгі шаруалар 2014 жылға жоспарланып отыр.

– Ауылымызды асыл тұқымды мал зауыты мәртебесі бар іргелі шаруашылық және жанымызда алтын шығаратын «Бақыршық» тау-кен комбинаты болғандықтан әрі шойын жол осы жерден өтетіндіктен, даму мүмкіндігі мол, болашағы зор елді мекен ретінде тірек ауылдар қатарына қосты, – дейді ауылдық округтің әкімі Жанар Есембекова. – Соның арқасында біршама әлеуметтік мәселелер шешіледі деп үміттеніп отырмыз.

Шынында да Шалабайда шешімін күткен мәселелер жеткілікті көрінеді. Айталық, ауыл таза ауызсуға жарымай, тұзды суды қанағат етіп отырғанына біраз жылдардың жүзі болды. Мәдениет үйі бұзылып кеткендіктен, ауылда клуб не кітапхана, дәріхана жоқ. Жастар бас қосатын, тұрғындардың жиынын өткізетін қолайлы орын керек. Жастар әзірге Шалабай шаруашылығы ашқан дәмхана мен бильярд залына барып жүр. Іргеден өтетін пойыздың ауылға тоқтамауы да, қолайлы интернет-байланыстың болмауы да ауыл тұрғындарының мұқтажы болып отыр.

Тірек ауылдар қатарына кірген елді мекенде биыл атқарылатын біраз шаруалар анықталғанымен, әлі жұ-мыс бастала қойған жоқ. Себебі, қажетті құжаттардың «ауы мен бауы» бітпей жатыр. Жоспар бойынша ауылда жол жөндеу мен үш көшені жарықтандыру қажет. Оған он миллион теңге қаржы қарастырылыпты. Оған қоса «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша «Қыдырғали» шаруа қожалығының жетекшісі Секен Қыстаубаев деген азамат несие қаржы алып, қымызхана, Жаңауылдың тұрғыны Күлпән Олжаева кондитер цехын Салықбаева Әлия шаштараз не сән салонын ашуды қолға алмақ көрінеді. Бірақ, әзірге несие қаржы қолға тие қоймағандықтан, жіпсіз байланып отырған жайлары бар екен. Жалпы алғанда Шалабай ауылын дамытуға биыл тірек елді мекен ретінде 52 миллион теңге қарастырылып отыр.

– Биыл ауданымызда негізгі жұмыстар Жарықта жоспарланған. Келер жылы Үшбиікке көңіл бөлеміз. Одан соң Шалабайда бірқатар жобаларды іске асырамыз, – дейді аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шалтабаев.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив