KZ
Өскемен
+7°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Ою-өрнегімен көмкерілген бешпет, шапандары көз тартады

10.06.2012, 18:00 159


Ергүл Тоқай 2008 жылы Қытайдан ата жұртына қоныс аударып, Ұлан ауданының Донское ауылына көшіп келді. Ол ерік-жігерінің, қайсарлығының арқасында ауыр күндерді артқа тастап, бүгіндері балаларының шат күлкісіне бөленіп отыр.

Отағасының бұл дүниеден озғанына да 12 жылдай уақыт болыпты. Отбасында мектеп жасындағы екі баласы бар. Ауылда жұмыс жоқ. Ергүл үлкен қаладан жұмыс табылып қалар деген үмітпен Өскеменге келді. Біраз мекеме, кәсіпорындарды шарлап шықты. Ақыры «Ивушка» сауда үйіндегі тігін цехына жұмысқа қабылданды. Өзіне жүктелген тапсырма өте ауыр болса да шаруасын тап-тұйнақтай етіп орындап беріп отырды. Қолынан іс келетінін де көрсете білді. Жұмыс барысында орыс тілін білмегеніне қатты қиналып та жүрді. Қожайыны орысша тіл білмейсің деп жұмыстан шығарып жіберсе де сол цехта жүргенде кәсіби түрде іс тігудің жолдарын үйреніп алды. Отбасының иесі болып, азын-аулақ табыс тауып отырған өзі ғана. Үйде қалған балаларын ойлап, жүрегі сыздап, соларды асырап-жетілдіру қамымен базарға шығып, сауда жасаумен де айналысты.

Өзінің өр мінезділігінің арқасында қажымай келе жатқан Ергүл Ұлан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Алғиза Ибраимоваға барып, жағдайын айтып, өз бетімен жұмыс істеп көргісі келетінін білдірді.

Алғиза Дүйсенбіқызы жылы жүзбен қарсы алып, жаңа жұмыс орнын ашуына жәрдемдесті. Өткен жылдың наурыз айында Қасым Қайсенов кентіндегі сауда үйінің бір бұрышынан он шаршы метрлік орынды жалға алып, тігін цехын ашты. «Тұрмысы төмен азаматтарды қолдау жөніндегі Шығыс Қазақстан аймақтық қоры» шағын несие ұйымынан былтыр 100 мың теңге несие алды. Оны қайтарып бергеннен кейін биыл тағы 150 мың теңге алды. Сол қаражатқа бұрын қолданыста болған үш тігін машинасын сатып алды.

Ергүл бала кезінен тігіншілікке әуестенді. Қытайда жүргенде арнаулы оқу орнында үш жыл оқып, іс тігу өнерінің қыр-сырына қанықты. Жақсы бір бұйымдарды көрсе, соны өзі тігіп алуға талпынды. Кішірейіп, тозып қалған киімдерді басқа үлгіге өзгертіп, қайта тігуге машықтанды. Жұмыссыз жүргенінде отбасын асырауына бұл кәсіп үлкен септiгiн тигiздi. Ергүл жаңа жұмысын анасының көнеден келе жатқан ескі машинасымен бастады.

Біз Ергүлді жұмыс орнында жолықтырып, әңгімеге тартқан едік.

– Қандай тапсырыс болса да дайындап, белгіленген мерзімде қолына ұстатамын. Олар өздері киіп көреді, қосымша жөндейтіні болса реттеп беремін. Ұнатып алып жатады. Ешкім ренжіген емес. Былтыр осындай уақытта тапсырыс болмай қалған күндерді де өткіздім. Қазір жұрттың бәрі таниды. Кейде көшеде жолыға қалғанда хал-жайымды сұрап жатады. Соған да риза болып қаламын. Бір әжей келіп, кимешек-шылауыштың жаңа үлгісін тігіп беруді сұраса, қадірменді ақсақал ішіне қағаз салмай, сыртын оюламай тақия тігуге тапсырыс берді. Енді соларды қолға алмақпын. Шама-шарқыма қарай жұмыс істеп жатырмын, – деп бізге дайындап қойған киімдерді көрсетті.

Ою-өрнегімен көмкерілген бешпет, шапан, сондай-ақ, түрлі маталардың қиындыларынан өрнектеп, әшекейлеп, бір-біріне құрастырып тігілген көрпешелер, жастықшалар, диванға, төсекке жабатын бұйымдар көз тартады.

– Ең алдымен, ұзатылатын қыздың жасауына қоржын, ұлттық нақыштағы cыйкәделік бұйымдарға сұраныс бар. Жұртшылық тіккен киімдерімді ауыл тұрғындарының үстінен көріп отыр. Ал өзім тігіп берген киімдерді оқушылардың сахнада киіп шыққандарын да көрдім. Олар «Қыз сыны» байқауына қатысып, жүлделі орындар алды. Қыздар да қуанып, алғыстарын айтып жатыр. Айнұр, Сәуле, Махаббат өздері қалаған киімдерін тіктірді. Бәрі риза болып, алып кетті. Көңілім марқайып қалды. Келушілер кәдімгідей сенім артып, үлкенді-кішілі бұйымдарды тіктіріп жатыр, – дейді ол.

«Жаныңызда көмекшіңіз бар ма, алдағы жоспарыңыз қандай?» деген сауалымызға Ергүл:

– Келінім Алмагүлді тігіншілік өнерге үйретіп жатырмын. Ол Шығыс ауылынан келіп-кетіп істеп жүр. Келініме бұл іспен шұғылдану үшін төзімділік, шыдамдылық қажет екенін және базар жағалап, табаннан сыз өтіп, далада тұрғаннан гөрі бұл әлдеқайда артық екенін айтып отырамын.

Өз тірлігің үшін жеке істеген тиімді. Машиналарды сатып алғаннан кейін несиені қайтару керек. Алғашқы несиені осы жұмысты ашуға және картоп тұқымын сатып алып, өсіруге жұмсадым. Қаржы тауып, шаруамды жетілдіріп, қосымша басқа да қажетті материалдар әкеліп сатсам, жұмысымды біраз жандандырсам деген ой бар, – деп жауап берді.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив