KZ
Өскемен
+14°
туман жел 1 м/с, СБ
450.79 482.21 5.05

Ақ халатты абзал жандар ардагерлерді құрметтеді

10.05.2012, 18:00 145


Ұлы Жеңіс күніне орай Өскемендегі №2 қалалық емхананың қызметкерлері соғыс және еңбек ардагерлеріне арнап, ашық есік күнін өткізді.

«Қариялар азайып бара жатыр» деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, бүгінде қан майданды көзімен көріп, Ұлы Жеңістің туын желбіретіп қайтқан батырлардың қатары сиреп бара жатқаны белгілі. Айталық, осы емханаға тіркеліп, ем қабылдап жүрген ардагерлерден қазірде 60-қа жуық қана қалыпты.

– Бұдан 3-4 жыл бұрын бізде тіркелген соғыс ардагерлерінің саны 300-ден асатын еді. Кейінгі ұрпақтың бақыты үшін қан майдан ортасында болған аталарымыздың күн өткен сайын азайып бара жатқаны өкінішті. Дегенмен, біз қай кезде де ол кісілерге дәрігерлік көмегімізді аямаймыз, – дейді емхананың терапевт-дәрігері Гауһар Манатаева. Маманның айтуынша, қазір емханада бір мыңның төңірегінде «мылтықсыз майданда» тер төккен тыл ардагерлері тіркеліп, ем-дом алатын көрінеді.

Бұл жолы ұйымдастырылған ашық есік күнінде дәрігерлер мен мейірбикелер емханаға келген әрбір қарияға үстеріндегі аппақ желеңдеріндей кіршіксіз көңілдерімен әсем гүл шоқтарын сыйлап, құрмет көрсетіп бақты. Сосын оларды ешқандай кезексіз барлық медициналық тексерулерден өткізді. Айта кетейік, ардагерлерге мұндай ілтипат тек бүгін ғана көрсетіліп жатқан жоқ. Олар мұндай шараны әр жылы екі, тіпті үш рет өткізеді екен. Ал, емханаға жете алмайтын егде жандардың үйіне барып, қызмет көрсету де дәстүрге айналған көрінеді.

Бұл күні дәрігерлер мен мейірбикелердің мейіріміне бөленген ардагерлердің әжімді жүздерінен ақ желеңді абзал жандарға деген алғыс пен қоғамға деген құрмет ап-анық көрініп тұр еді.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив