KZ
Өскемен
+21°
переменная облачность жел 3 м/с, З
443.44 480.51 4.88

Англияға 15 палуанымыз барады

10.05.2012, 18:00 113


Күрес түрлерінен Лондон Олимпиадасына жолдама беретін жарыстар тізбегі түгесілді. Қазақстан құрамасында жалпы есебі 15 жолдама бар.

Жеті салмақтың барлығында жолдама жеңіп алған – Алтай Танабаев жаттықтыратын еркін күрестегі палуандарымыз. Олар Антальяда аяқталған әлем чемпионатында, Астанадағы лицензиялық турнирде және Қытайда өткен Олимпиадаға іріктеу сайысында мүмкін болған жеті лицензияның барлығына иелік етті, деп мәлімдеді Alaman.kz

Ал грек-рим күресінен Лондонға екі өкіліміз бара алмайды. Бапкерлер құрамы 55 келі салмақ дәрежесінде ақтөбелік палуан Асхат Құдайбергеновке үш мүмкіндік берді. Алдымен әлем чемпионатынан құр келген Асхат Астанадағы лицензиялық турнирде Иран палуаны, әлем чемпионы Хамид Сурияннан айла асыра алмады. Азиялық додада жолдама алмаған соң Олимпиадаға билет беретін тағы бір сайысқа палуандар Асхатты жіберді. Бірақ Құдайбергеновке Қытайда да лицензия бұйырмады. Финляндияда өткен ең соңғы іріктеу турниріне бұл салмақтан Марат Кәрішалов аттанған. Алайда, ең жеңіл салмақтың күрмеуін шешуге Кәрішалов та қабілетсіз болып шықты.

Бейжің Олимпиадасында Әсет Мәмбетов атойлаған салмақ 96 келіде жолдамасыз қаламыз деп кім ойлаған?! Әсет кілемнен кетсе де, оның ізін басар Марғұлан Әсембеков, Жасұлан Сыдықов сынды палуандар жанкүйерін жерге қаратпайды деп сенгенбіз. Әсембеков Астанадағы турнирде алысқа шаппады, қалған екі бәсекеде Жасұлан Сыдықов пен Алхазур Өздиев жолдамаға таласып көрген. Өкінішке қарай, екеуі де сәтсіздікке ұшырады. Грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Мұратбек Қасымханов тап осы 96 келідегі палуандардың деңгейі төмен екендігін айтады.

Әйелдер күресінен Олимпиада ойындарының бағдарламасына 4 салмақ дәрежесі ғана енгізілген. Саржан Жақсыбековтің тәлімін көрген үш аруымыз Олимпиадаға алаңсыз дайындалуда. Ал 55 келідегі пал-уан қыздарымыз Айым Әбділдина мен Айжан Смағұловаға Лондонға бару бақыты бұйырмады.

Сонымен, Тұманды Альбион төрінде төселетін кілемде 15 палуанымыз ел намысын қорғайды. Күресте бокстағы секілді «Лицензияны кім алады, Олимпиадаға сол барады!» деген қағиданың жоқ екенін білесіздер. Бірақ, жолдама жеңіп алған палуандарымызды Лондон төрінде көруіміз әбден мүмкін, себебі, дәл осы уақытта ұлттық құраманың үздігі болып саналады олар. Тек, еркін күрестен аса ауыр салмақта белдесетін Дәулет Шабанбайдың Олимпиадаға жолы түссе деген тілек бар қазақ жанкүйерінде. Алдын ала жорамалдап, бал ашудан аулақпыз. Алайда, 120 келі салмақ дәрежесіне ауысып, жақында ғана Қазақстан чемпионы атанған Дәулетті Лондонда көргісі келетін қазақ жанкүйерінің қарасы көп. Еркін күрестен аса ауыр салмақтағы жолдаманы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Марид Муталимов иеленіп қойды. Осыдан төрт жыл бұрын Дәулет жеңіп алған жолдамамен Бейжіңге Ресейден келген келімсек Теймураз Тигиевтің тартып кеткенін білесіздер. Енді сол өкініштің орны толып, Лондонға Дәулет Шабанбай аттанар болса, намысты ұлдың бағын байламаған болар едік...

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив