KZ
Өскемен
+8°
пасмурно жел 1 м/с, Ю
478.96 533.03 5.22

Ербол ҚОҢЫРАТОВ, грек-рим күресінен Азия чемпионы: – Қандай дүбірлі ДОДАҒА ҚАТЫССАМ да, Шығыстың мәртебесін асқақтатуға тырысып келем

15.03.2012, 18:00 252


Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында жалауын көтерген Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының грек-рим күресінің шеберлері қоржынымызға бір алтын, бір күміс, үш қола медаль салып берді. Осынау дүбірлі додада топ жарып, алтыннан алқа таққан Ербол Қоңыратовпен туған жері Семей қаласына келген алғашқы күні кездесіп, аз-кем әңгімелесудің сәті түскен болатын.

– Жақында өткен Азия чемпионатында грек-рим күресінен қазақ туын жоғарыдан желбіретіп, Азияның үздігі атандың. Қандай жеңіс болса да оңайлықпен келмейді. Бұл жолғы сайыс несімен ерекше, несімен қиын болды?

– Біз жарысқа дәл салмақ өлшенетін күні келдік. Жолдан жол, шаршатып жіберді. Ұшақпен төрт сағат, автобуспен 300 шақырым жол жүріп, жарысқа тура екі сағат қалғанда Гумиға жетіп, таразыға тартылдық. Корея мен біздің елде үш сағат өзгешелік болды. Соған байланысты тынығуым, 8 келі салмақ түсіруім қиынға соқты. Жарыс ертеңінде түстен кейін басталды. Жартылай финалда қытай Линг Мамен, финалда жапон палуаны Казума Курамотомен белдестім. Ең бірінші белдесуім өзбек палуаны Санжарбек Жұмашовпен болды. Өзбекті оңай жеңдім. Екінші белдесуде қырғыз палуаны Азат Қойшығұловтан айламды асырдым. Қиын болған белдесулер қатарына қытай мен жапон палуандарымен болған кездесулерді айтуға болады.
Жалпы, мен белдескен төрт елдің палуаны да осал қарсыластар емес екенін көрсетті. Дегенмен, қытай және жапон палуандарының қарымы мықты екен. Өзбек пен қырғыз ағайындардың палуандары әлгілерге қарағанда осалдау болды. Бір байқағаным, қырғыз-дар күресте басқадан жеңілсе де, қазақтан жеңілгісі келмейді. Кенесары ханның басын сатқан олар қандай мүддеде болса да, бізбен тайталасып келеді... Бірақ оларға есе жіберген кезіміз аз.

– Шешуші белдесуде жапон палуанынан басым түстің. Қарсыласың да осал болмаған секілді. Алғашқы кезеңде есе жібердің. Ол неге байланысты?

– Жапон Казумамен болған бірінші белдесуде аяқ астынан бір ұпайымнан айырылып қалдым. Екінші белдесуде бір жарым минут бойы бір-біріміздің осал тұсымызды таппай, аңдысумен болдық. Төрттағанға тұруға келгенде ереже бойынша таңдауды мен жасадым. Сөйтіп, уақытымыз аяқталуға 30 секунд қалғанда 1 ұпай алдым. Ол жығылған кезде екі ұпай жинау үшін накат деген әдісті қолдандым. Екінші белдесуде 3:1 есебімен ұттым. Үшінші белдесуде ұпайым көп болғандықтан, таңдау менің құзырыма бұйырды. Грек-рим – өте қиын күрес, мұнда бір шаршасаң, еңсеңді тіктей алмауың мүмкін. Үш белдесуді өткерген мен үшін соңғы сәттер көп күш-қуатты қажет етті. Тағы да төрттағанға тұрарда оны астыға қойдым да, өзім үстін таңдадым. Ол тұрып кетуге тырысқандай болды. Егер ол тұрып кетсе, пайда жапон жағына шешілгелі тұр. Орайлы сәтті оңтайлы пайдаланбасам, ұтыламын. Содан не керек, жапон палуаны тұрып бара жатқан кезде кілемнен шығарып жіберіп, бір ұпай алдым. Оның бапкерлері кубик деген ереже бойынша төрешіге келіспейтін сыңай танытты. Сосын анық-қанығына көз жеткізу үшін бейнетаспадан күресті көрдік. Сөйтсек, менің жасаған әдісім дұрыс екен. Маған тағы бір ұпай берді де жапонды төрттағанға тұрғызды. Сол мезетте айламды асырып, 3 ұпайлық әдіспен лақтырдым. Ұпай 5:3 болды да, екеуміз де тұрып кеттік. Сосын ол маған қарсы тағы да ұмтылып, бір әдіс жасағысы келді. Ол кезде уақыт тәмамдалуға жақын қалған болатын. Ұрыста тұрыс жоқ. Мен жетіп келген оның артына шығып кетіп, әдіс жасап, тағы бір ұпайды қоржыныма салдым. Осылайша 6:0 есебімен таза жеңіске жеттім. Техникасы барынша дамыған жапондықтардың күресте де оңай шағылар жаңғақ емес екендігіне көзім жетті.

– Туған жеріңіз, ата-ана, ағайын-туыс жөнінде айтып өтсеңіз...

– Туған жерім – Шығыс Қазақстан облысына қарасты Үржар ауданы. Мектепті де сол жерде оқыдым. Бірақ бәріміздің алтын қазығымыз Семей қаласы болғандықтан, жарыстарға Семейдің атынан шығамын. Қандай дүбірлі додаға қатыссам да Шығыс Қазақстанның мәртебесін асқақтатуға тырысып келем. Шығыс Қазақстанда қалыптасқан спорт мектебі бірнеше өрендерді баулып, бір ғана өңірдің атынан емес, бір елдің атын асқақтатардай дәрежеге жетті. Облысымыздағы спорт саласының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып отырған облыс
Әкімі Бердібек САПАРБАЕВҚА, әкімшілік қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз. Спортшыларды әрдайым қолдап, демеп отырса, олар еш уақытта жерге қаратпайды деп ойлаймын.
Әкем Азатбек Қоңыратов он ағайынды болған. Ал үйде төртеу-міз. Ағам және екі қарындасым бар. Анамның есімі – Гүлжанат.
Жақсылық Үшкемпіров ағамыз Семейге оқуға түсемін деп барып, сол жерде еркін күреске қатысыпты. Бір жылдан кейін грек-рим күресінің әліппесін Семейден бастапты. Айта кетсек, Үржардан жастар арасындағы екі дүркін әлем чемпионы Әсет Иманбаев, Дәурен және Дархан Баяхметовтар (Дәурен – оқушылар арасындағы әлем чемпионы, Азия чемпионы), Алмат Кебіспаев шықты. Семейлік Асқар Жүрсінбаев, Нұрлан Қойжайғановтың есімін бүгінде ел жақсы біледі. Осы палуандардың бәрін Қанат Нұртазин ағамыз спортқа баулыды.
– Күреспен қай кезден бері айналысып жүрсіз?

– Мектепте жүргенде 4-сыныпқа дейін ешқандай спорт түрі-не қатыспадым. Ағаларым күреске қатысып жүретін. Менің де күреске барғым келетін, бірақ ыңғайы келмей жүрді. Сөйтіп жүріп, бесінші сыныпты бітіріп, жазғы демалыс басталайын деп жатқанда мектепке фотограф келіп, әр баланың қандай салаға қызығушылығы бар екенін жазып алды. Мен фото шығару ісін үйрену үшін фото үйірмесіне жазылдым. Ертеңінде фотоға түсіруді үйренетін жерге бардым. Қызығып, суретке түсіру ісін меңгергім келді. Фотоға түсіретін үйірмеден шығып келе жатыр едім, анадай жерде тұрған күрес залына көзім түсті. Ертеңінде фото залына емес, күрес залына бардым. Содан бері күрес-
тің маңайында айналсоқтап жүр-ген жайым бар. Күреспен 1995 жылдан бері айналысамын. Әуел-де тек қызығушылықпен күресе-тінбіз. Ауданның спортзалында дос балалармен күресіп жүретін-мін. Сегізінші сыныпқа дейін кү-респен әуестендім. Осы кезде аудандық, облыстық жарыстарда жүлдеге қол жеткіздім. Сөйтіп жүріп, Алматыдағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мек-теп-интернатына оқуға түстім. Бұл жерде Рысбек Нұрғазин ағамыз-дан күрестің қыр-сырын үйрендім. Осыдан кейін ғана бұл спорт түрінің не екенін нақты түсіне бас-тадым. Қазір есептеп отырсам, күреске келгеніме 15 жылдың жүзі болыпты. Аз да, көп уақыт та емес.

– Мұның алдында қандай жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдыңыз?


– Ең бірінші – Түркияның Измир қаласында 2005 жылы студенттер арасында өткен әлем біріншілігінде үшінші орын алып, ерекше қуанғаным бар. Одан кейін көптеген халықаралық дәрежедегі турнирлерде алдыңғы орын-дарға қол жеткіздім. 2006 жылы Мәскеуде өткен Иван Поддубный атындағы турнирде топ жардым. 2008 жылы Кореяның Жижу қаласында өткен Азия біріншілі-гінде 3-орын алдым. Ең ірі жеңісім – осы Азия чемпионаты болып тұр. Спортшының бақыты – елінің туын жоғары желбіретіп, Әнұра-нын әуелету ғой. Менің де көксе-ген мұратым осы деп білемін.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив