KZ
Өскемен
+12°
пасмурно жел 4 м/с, В
481.84 531.33 5.07

Өскеменді үш күн бойы әнге бөктірді

30.04.2012, 18:00 73


Вокал әншілерінің халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы республикалық байқауы мәресіне жетті.

Аталмыш тұлғалардың 100 жылдық мерейтойы қарсаңына орай ұйымдастырылған дүбірлі дода Өскемендегі өнер колледжінде Шығыс аспанына ән қалықтатты.
Айта кетейік, бұл шараға республикамыздың тоғыз қаласының 10 өнер коллледжінде оқып жатқан (Алматы қаласынан екі оқу орны) өнерлі жастар қатысып, бақ сынасты.
Ансамбльдің сүйемелдеуімен орындаушылардың және жеке ән салушылардың талабы мен талантын сынға салған байқау Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығында мәресіне жетіп, қатарластарынан озғандардың есімдері белгілі болды.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шаһмардан Әбілов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, облыстық филармонияның директоры Кенжеғали Мыржықбай бастаған қазылардың шешімімен сайысқа қатысқан сегіс ансамбльдің төртеуі жүлделі орындарға ие болды. Атап айтсақ, Қызылорданың музыкалық колледжінен келген трио 3- орынға, Астанадағы ұлттық өнер университеті мен Семейдің музыкалық колледжінен келген қос дауысты екі топ екінші орынға табан тіресе, Алматыдағы республикалық эстрадалық- цирк колледжінен келген квартет жүлделі 1-орынды қанжығаларына байлады.
Ал, жеке орындаушылық сайысы бойынша классикалық әндерден бақ сынаған 31 қатысушының 18-і жеңіс тұғырына көтерілді. Семейлік Боранбай Қалибаев, астаналық Шыңғыс Расылхан, қос қызылордалық Әбділда Алтынбек пен Азат Мәлік қатарластарынан қара үзіп, бірінші орыннан көрінді. Тағы бір қызылордалық Қайрат Сарыбаев, астаналық Жадыра Абдуллаева, алматылық Мәди Жылқышиева, павлодарлық Айгерім Жанғазы сынды өнерпаздар екінші орын алса, ал жүлделі үштіктің үдесінен Жезқазғанның намысын жыртқан Ержан Стамбакиев, Алматыдан келген Тұңғышбек Мусаиф, өскемендік Иван Маляр және Талдықорғаннан келген Жексембеков көрінді. Сондай-ақ, өрелі өнер көрсеткен Айгүл Үргеншбаева мен Тұрсын Төремұратов (Астана), семейлік Ақберен Атабаев, алматылық Рашид Әлиев, Ұлпан Әбдікәрімова мен Алтынай Алматова (екеуі де Қызылордадан) арнаулы дипломдармен марапатталды. Сайыстың ақтық мәресінде өнер көрсеткен бұл өнерпаздар халықтың ыстық ықыласына ие болды.
Шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтқан қазылар алқасының төрағасы Шаһмардан Әбілов республикалық деңгейде өткен бұл байқауды алдағы уақытта халықаралық деңгейге көтеру керектігін айтты.

altaynews.kz





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив