KZ
Өскемен
+1°
небольшая облачность жел 2 м/с, ОШ
443.35 475.54 4.82

RADIO ALTAY жаңалықтары - 17 сәуір 2012 жыл

16.04.2012, 18:00 148


Кешкі шығарылым RADIO ALTAY


Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Өскемен қаласында жыл сайынғы «Үздік кәсіпкер - 2011» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты болып өтті.
Облыстың шағын және орта бизнесінің ірі кәсіпорындары өңір экономикасының дамуына, белгілі бір пайызда тұрғындардың жұмыспен қамтылуына, тауарлар мен қызмет көрсету саласын кеңейтуге, облыс бюджетіне түсетін салықтық түсімдердің үлесін арттыруға көмектеседі. Осынау қолдаулары және өз қызметтері үшін кәсіпкерлер марапатталды.

Швейцарияда күрес түрлерінен алқалы жиын өтті. Қазақ күресі келесі жылы Ресей Федерациясының Қазан қаласында өтетін Бүкіләлемдік студенттер ойындарының бағдарламасына енді. «Енді төл күресімізді Азия ойындарының бағдарламасына енгізсек деп отырмыз» деп мәлімдеді қазақ күрес федерациясының басшысы Серік Төкеев.

1985 жылы туған жігіт Өскемендегі Ертіс өзені арқылы өтетін техникалық көпірден мас күйінде өтіп бара жатқан кезінде құлап, суға тұншығып қаза болған. Үлбі Суда құтқару станциясының құтқарушылары мәйітті судан алып шығып, полиция қызметкерлеріне тапсырды.

Шығыс Қазақстан облыстық Достық үйінің бастамасымен ұйымдастырылған «Достық керуені» акциясы аясында Новосибирск қаласынан татар этномәдени орталығының «Ләйсән» эстрадалық ансамблі шығармашылық сапармен келіп, Өскеменде концерт қойды. «Ләйсән» ансамблі бұдан кейін Көкпекті ауданына жол тартты деп хабарлайды Алтайньюс сайтының тілшісі.

Өскемендегі «Земстрой» қазаншұңқыры ауданында 1995 жылы туған бозбала велосипедпен мұз бетімен келе жатып, мұз астына түсіп кеткен. Өтіп бара жатқандар зардап шеккенді судан алып шыққан. Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары дәрігерлер келгенше алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жүректің қайта соғуына шара жасаған және жігітті жедел медициналық көмек бригадасының дәрігерлеріне табыстады.


Күндізгі шығарылым RADIO ALTAY


Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Еліміздің рухани мұра қазынасы «Алтай – Ертіс кітапханасы» жаңа кітап сериясымен толықты. Шығысқазақстандықтардың 20 томдық кітабы – бұл серияның алғашқы басылымдары. Бүгін оның тұсаукесері Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханасында өтті.
«Алтай-Ертіс кітапханасы» – елдегі әдебиет саласының алғашқы көлемді өңірлік жобасы. Топтаманың алғы сөзін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Рухани мұра – оқырман олжасы» деп атаған.

Ерікті халық жасақшылары штабында Өскемен қаласы ішкі істер бөлімінің бастығы Әділхан Уәлиев полиция қоғамдық көмекшілерінің белсенділерін ақшалай сыйақымен марапаттап, қызметтері үшін алғыс айтты.
– Сіздермен бірге атқарып отырған жұмыс бүгінгі күні өз нәтижесін беріп отыр. Олай дейтін себебім, еліміз бойынша басқа қалаларға қарағанда Өскемен қаласындағы қылмыстардың орын алу деңгейі төмендеп, ал керісінше қылмыстардың ашылу көрсеткіші жоғарылағаны анықталды, – деді полиция полковнигі Әділхан Уәлиев.

Жас ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеп жүрген аягөздік Медет Ахметжанов «киокушинкай каратэ» жекпе-жек түрінен Ресей мемлекетінің Новосибирск қаласында аттестациялаудан өтіп, бірінші дан қара белбеуін қорғап келді.
Медет мектеп қабырғасында оқып жүріп Иса Жұмановтның бастамасымен ашылған «Киокушинкай каратэ» секциясына қатыса бастаған болатын. Медеттің өзі 2001 жылдан бастап шәкірттер тәрбиелеп, каратэнің туын желбіретіп келеді.

Биылғы жылдың 18-19 сәуір күндері Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде елімізде тұңғыш рет бірінші Халықаралық «Қазіргі таңдағы биоматериалдар, наноматериалдар және наномедицина мәселелері» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтеді. Конференцияға Қазақстанның және Америка Құрама Штаттары, Жапония, Англия, Нидерланды, Ресейдің жетекші ғалымдары баяндамалары мен мәлімдемелерін ұсынып отыр.


Таңертеңгі шығарылым RADIO ALTAY


Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое кентіндегі орталық аудандық ауруханасының қабырғаларына түскен сызаттар уақыт өткен сайын ұлғайып, ғимарат бір жағына қисая бастаған. Осыған орай, емделушілерді басқа ауруханаларға жіберуге тура келді. Содан кейін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, құрылыс басқармасы мен денсаулық сақтау саласының мамандарынан құрылған арнайы комиссия ғимаратты тексеріп шығып, пайдалануға жарамсыз деген шешім қабылдады.

Құқық қорғау қызметкерлері қайта аттестациялаудан өтеді. Елбасы биылғы Жолдауында 2012 жылдың бірінші шілдесіне дейін құқық қорғау және арнаулы органдардың бүкіл жеке құрамын қайта аттестациялаудан өткізуді міндеттеді.
Осылайша ішкі істер органдары қызметкерлерінің біліктілігі мен білімі тең сарапқа салынып, тәжірибелік және теориялық шеберлігі сынға түседі. Қазақстан бойынша 110 мың адам қайта аттестациялаудан өтуі тиіс. Олардың 70 мыңы ішкі істер органдарының, қалғаны қаржы полициясы, прокуратура және кеден қызметкерлері.

Жанармай бағасы 8 сәуірден бастап 5,6 пайызға өскені белгілі. Биыл көктемгі егістік жұмыстары 360 мың тонна дизель отынын қажет етеді. Шаруалар үшін сатылатын жағармайдың бір литрі 81-85 теңге көлемінде қалатын болды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов Үкімет сағатында мәлімдеді.

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитеті канадалық лицензия бойынша «АвиаМастер Эйркрафт» шағын кәсіпорны жасап шығарған «Арай» жеңіл моторлы ұшақтарына мемлекеттік тіркеу куәлігін берді,- деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Оларды қолдану аясы едәуір кең. Айталық, агрохимиялық және аэровизуальдік жұмыстарға, мұнай-газ құбырларын, электр қуатын жеткізу желілерін бақылап отыру мақсатында қолдануға болады.





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив