KZ
Өскемен
+8°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, В
443.37 474.49 4.83

Қалибек АЛТЫБАЕВ, сөзжұмбақшы: – Сөзжұмбақтарым арқылы АБАЙ ӘЛЕМІН тануға үлес қосып келемін

26.03.2012, 18:00 342


Сөзжұмбақ сызу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер. Үлкен білім мен терең зердені қажет етеді. Бүгін біз саналы ғұмырын сөзжұмбақ сызуға арнаған, қазақтың танымал сөзжұмбақшысы, Журналистер одағының мүшесі, Зайсан ауданының Құрметті азаматы Қалибек Алтыбаевпен сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Абайды 12 жасымнан оқыдым...»

– Талай жылдан бері сөз-жұмбақ сызумен шұғылданып келесіз. Осынау әлемге қалай келдіңіз?

– Бала кезімнен Зайсан өңірінің тау-тасында мал бақтым. Мал бағып жүргенде жанымызда Сауыр қызыл отауы болды. Таңертең қойға кеткенде қап-қалың роман-кітаптарды қойныма қыстырып алып кетемін. Кешке қарай малдан қайтқанда әлгі қалың кітапты оқып бітіріп келемін. Ол аз болғандай, түнгі он бір-он екіге дейін қызыл отаудың ішінде газет-журналдарды ақтарамын.

– Ол кезде неше жастасыз?

– Сол он төрт-он бес жастағы кезім ғой. Бір күні үйге қонақтар келді. Аупартком хатшысы Мұрат Дәуленов бастаған ауданның атқамінерлері. Олар кіріп келгенде қолымда тағы да кітап, шұқшиып отырғанмын. Дәуленов: «Қандай кітап оқып отырсың?» деп сұрады. Шолоховтың «Тынық Доны» еді. Қолына алып көрді де: «Мынау үлкен кітап қой!» деді таңданғандай болып.
Бір күні қызыл отауда «Қазақстан әйелдері» журналын ақтарып отырсам, соңғы бет-терінде төрт-бес кроссворд жарияланыпты. Бірақ, біреулер әлгі кроссвордтардың шешуін тауып, торшаларына жазып қойыпты. Мен енді журналдың келесі санын тостым. Жазылған жауаптардың дұрыстығын тексеру үшін. Расында журналдың жаңа санында әлгі кроссвордтардың жауабы жар-ияланыпты. Жауаптардың көбісі дұрыс болып шықты. Содан бастап кроссвордқа деген құштарлық пайда болды. Бұл – мөлшері 1958 жылдардың шамасы. Содан өзім де біраз кроссворд жасап көрдім. Бірақ бұл әрекетімнен ештеңе шыға қоймады.
Ол «Қазақ каленьдары» шығатын кез. Сансөз деген бар. Бұған қоса криптограмма, анаграмма, ребус дейтін түрлері көп. Ұқпаймын оларды. Шешуінің қалай шығатынын түсінбеймін. Бірде тау ішінде қой жайып жүріп, Жүсіп Қисымов деген адамның сансөздерін жауаптарымен салыстырып отырып, ақыры әлгінің кілтін тауып алдым. Содан кейін-ақ өзім жасаған сансөздерді облыстық «Коммунизм туы» газетіне жібере бастадым. Ол кезде бұл газетте Талаптан
Иманбаев деген сөзжұмбақшы бар-тын. Сол кісі маған жазбаша нұсқаулар беріп, жалықпай жауап хаттар жазады. Сөйтіп жүргенде 1960 жылы облыстық газетке ең алғашқы сөзжұмбағым шықты. Одан кейінгі екі жылда «Қазақ каленьдарында» жарияландым. Міне, содан бері осы сөзжұмбақ саласында қажымай-талмай ізденіп келемін.

– Соның жемісі бірнеше кітаптарыңыз ғой?

– Бүгінгі күнге дейін бірталай кітаптарым жарық көрді. «Сан сұраққа саяхат», «Абайдың алып айдынынан», Зайсан өңірінен шыққан ақынжазушылардың туындыларына негізделген «Зайсан өрнектері» кітабы, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с), оның айналасындағы сахабалары, жалпы ислам діні, хадистер тақырыбын сөзжұмбаққа арқау еткен «Шырағың мәңгі сөнбейді» атты кітабым шықты.

Әйгерімнің азан шақырып қойған аты – Шүкіман[left][/left]

– Ал енді үш алып – Абай, Шәкерім, Мұхтар тақырыбына қалай келдіңіз, соған тоқталсаңыз.

– Абайды 12 жасымнан оқы-дым. Дұрысы, «Абай жолын». Әкем соғыстан жанын әрең сүйреп келген ардагер, шешем жарымжан адам еді. Жан сақтау керек. Бесінші кластан бастап оқуды тастап, қой жайып, тырбанып тіршілік етуге тура келді.
Өмір дегенің естелік екен ғой. Сауыр тауының ішінде, Обалы деген жерде төрт кластық бастауыш мектеп болды. Сол мектепте жиыны он шақты бала оқимыз. Соғыс ардагері Жүніс Сәрсенов деген адам бар еді. Мектеп меңгерушісі. 1959 жылдың бір-бірінен айнымайтын бір күні Аққоян деген жерде қой жайып жүргенде қасыма салт атты екі адам келді. Бірі – сол Жүніс аға, екіншісі – ферма меңгерушісі Зәкен Кітапбаев деген кісі. «Естіп жүрміз, кітапты көп оқиды екенсің» деп қоржындарынан қос кітап алып берді. Бірі – «Абай жолы» да, екіншісі – Шолоховтың кітабы. «Осыларды оқы, бір айдан кейін сенен сынақ аламыз, ары қарай сабағыңды жалғастыруға көмектесеміз» деді.
Абайдан содан бері қол үзгем жоқ. Абайдың айналасындағы адамдардың тіршілігі сол балалық шағымнан қызықтыра бастады десем, артық айтпағандық болар.
Ұлы Абайдың, Шәкерімнің, Мұхтардың ізі қалған Семейдің зиялы жұртымен бертінде жақын араласа бастадым. Одан беріде «Абай» журналы қайта шыға бас-тады. Абайдың 150 жылдық тойы өтті.
Маған Семейдегі республикалық Абай қорының президенті Балтабек Ерсәлімовтің, Абай қорық-мұражайының бұрынғы директоры Төкен Ибрагимовтің, өскемендік танымал ұстаз Қанипа Бітібаеваның ой-пікірлерінің, кеңес – пайым-дарының пайдасы ұшантеңіз болды. Содан бері ұлы Абай тақырыбынан айнымадым. 2011 жылы Семей баспасынан Абай, Шәкерім, Мұхтар шығармашылығына құрыл-ған сөзжұмбақтардан тұратын «Үш кемелдің шалқарынан» атты кіта-бым шықты. Қазіргі күні «Абайды оқы, ойлан, тап» атты кітап жазып жүрмін. Алла бұйыртса, жақын келешекте жарық көріп қалар. Бұл дүнием Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінен жасалды. Ашығын айтсам, Абай шалқарын игеруге осылай үлес қоссам деген ойым бар.
«Ақылмен ойлап білген сөз,
Бойыңа жұқпас сырғанар.
Ынталы жүрек білген сөз,
Бар тамырын қуалар», – дейді Абайдың өзі. Сөзжұмбақтың күші неде? Шешуінің көпке дейін ойда сақталып қалатындығында. Жалпы сөзжұмбақ – оқыған-тоқығаныңды санада бекітетін құрал. Мысалы, «Әйгерімнің азан шақырып қойған аты – Шүкіман, ал Тәкежанның әйелі – Қаражан екен ғой...» дегенге ұқсас сауалдарды шеше отырып, оқырман осылайша көп деректерді есте сақтайды. Абайдың ақын шәкірттерінің өзі үлкен бір шоғыр-жұлдыз ғой, сол себепті осынау тақырыпты да сөзжұмбақтарыма түсіру-ге бел байладым.
1963 жылы партияға өттім. Аудандық газетке мақала, өлеңдерім бұр-қырап шығып жатты. Содан Кеңес Армиясы қатарында жүргенімде де «Красный воин» деген әскери газетте кроссвордтарым жарияланып жүрді. Ротада комсомол хатшысы болдым.
Әскер қатарынан оралған соң мені «Кендірлік» кеңшары комсомол ұйымының хатшылығына бекітті. 1968 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудеме тақтым. Арада көп уақыт өтпей «Қаратал» кеңшарына жұмысшы комитетінің бастығы болып барып істеп жүргенімде 1973 жылы Благодарнен ауылдық кеңесінің төрағасы етіп сайлады. Сонда қызмет жасай жүріп, Алматының жоғарғы партия мектебін сырттай бітірдім.
Бұның барлығын тәптіштеп айтып отырғаным, мен қайда жүрсем де қолымнан қаламымды тастамай, сөзжұмбақ құрастыруымды дамытумен болдым.

Меринос қойын Зайсанға Сорокин деген саудагер әкеліпті


– Шежіре жазумен де айналысасыз ғой?

– Мен негізі тарихшы адаммын ғой. «Атамекен Зайсан», Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнап «Ұстаз – елдің тірегі» атты 450 беттік кітаптарымды шығардым. Оған Зайсан өңірінде 1874 жылдан бері өмір сүріп, ұстаздық еткен жандардан бастап, қазірде тәлім берумен шұғылданып жүрген мұғалімдер енді. Осы тұста бұл тақырыпта көп ізденгенімді айта кеткенім жөн болар. «Тегін білу – тектіліктің тірегі» атты тағы бір кітабым ел қолына тигелі де біраз уақыт болды. Мен тегі, Сауыр тауындағы Сайқан қыстағында Керей Жәдіктің ішіндегі атақты Толған бидің тұрған үйінде туылғанымды ерекше мақтан ететінім рас.
Жалпы, Зайсан дегенің сауда ертеден жүріп, дамыған жер ғой. Мұнда XIX ғасырда 32 гильдиялы саудагер болған екен. Ойлап көріңіз, 32 мәртебесі жоғары саудагер! Олардың бірінші гильдиялы саудагерлері шетелдермен, ал екінші гильдиялысы ел ішінде сауда жүргізген дегендей. Сонымен қатар Зайсанда қазақ зиялыларының болмағаны жоқ. Олардың қатары Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Тайыр Жомартбаев және тағы басқалар болып, жалғаса береді.
Мәселен, осында 1904 жылы ашылған бастауыш мектебіне Бекмұхамбет Сатыбалдыұлы деген өте сауатты ұстазды указной молда етіп патша ағзамның өзі бекітеді. Бұл мектепте арифметика, жағырафия, орыс тілі оқытылған. Ал сөз болып отырған Б.Сатыбалдыұлы Төртуыл елінің Ыбырай Алтынсарині ғой. Оның Әдембек деген баласы Алаш офицері болғандықтан аты шықпай қалған. Әдембек 1932 жылы Семей түрмесінде өлтірілген екен. Осы киелі Зайсанда 1874 жылы Бейсен ауыл шаруашылығы мектебі, ал 1876 жылы Ломоносов мектебі ашылады. Бейсен мектебінде кіші мал дәрігерлері, агрономдар даярланса керек.
Семей өңірінің Абыралы болысында хатшы болған Омар Бітібаев та Зайсанның Қоныс ауылының тумасы. Ол 1939 жылы ұсталып кеткен. Сондай-ақ, Сапарғали Сырымбетов, Жүнісхан Сәрсенов деген ұстаздардың да тарихи еңбектері зерттелмей жатыр.
1912 жылы АҚШ-тың атақты Чикаго қаласында өткен фестивальда Зайсандағы Хохловтың ара балы сапасы мен дәмділігі жағынан бірінші орын алған екен. Сауырда өсетін сарлық қойының етін орыс патшасының өзі әдейі алғызып отырған. Меринос қойын Зайсан өңіріне Сорокин деген саудагер бай алып келген деген сөз бар. Осы Сорокиннің 50 мың қойы, 10 мың ірі қарасы, жүргенде жер қайысқан қалың жылқысы болған көрінеді. Сол Сорокиніңіз атағы жер жарған «скотопромышленник» атанған, тері өңдеу өнеркәсібін жолға қойған. Бұл – XIX ғасырдың аяғы. XX ғасырдың басында Зайсанда алғаш кинозал ашқан да – осы Сорокин.
Станислав Черных деген мұра-ғатшы өзінің бір еңбегінде «Сорокин Николай патшамен тікелей байланыста болған» деген дерек келтіреді. Қожадан қыз алған оған қожалар «дінді қабылдайсың, қажылыққа барасың» деп шарт қояды. Ол осы шарттың барлығын орындайды. Ол қайтыс болғанда туыстары келіп, мәйітін былғарыға орап, алып кеткен деседі. Мұның бәрін әңгіменің реті келгенде айтып жатқаным ғой.

– Сұхбат соңындағы сұрақ: сөзжұмбақ өнерін дамытуға сіңірген еңбегіңіз бөлек екеніне дау жоқ. Ал енді осы еңбек еленіп жүр ме?


– Кеңестер Одағында Тарас Шевченкоға, Иван Купалаға, Лермонтовқа, Абайға, Пушкинге арналып шыққан жеке библио-графиялық, энциклопедиялық кі-таптар болды. Бірақ жеке адамға арнап жазылған сөзжұмбақ кі-табы болған жоқ деп ойлаймын. Пендеміз ғой, соны ойлағанда кейде санама түрлі ойлар келеді. Ал тікелей сауалыңа айтарым, қазір сөзжұмбақ-кітаптарымды ырымға таба алмайсың. Соған қарағанда қалың ел олардың игілігін көріп келе жатқан сыңайлы...

Әңгімелескен – Сайлау Төлеуов

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив