KZ
Өскемен
+18°
пасмурно жел 3 м/с, ОБ
481.84 531.33 5.07

Ақырзаман: ақиқат па, аңыз ба?

25.03.2012, 18:00 190


Ақырзаман. Атының өзі әрі-сәрі күйге түсіретін, соңғы мың жылдан астам уақыттан бері ауық-ауық адамзатты үрей құшағына орап, дүрліктіріп келе жатқан ақырзаманның келетіні, анығырағы болатыны туралы алыпқашты әңгіме соңғы он жылдан бері тоқтаусыз әңгіме өзегіне айналып келеді. Биыл тіпті үдеп тұр. Себебі ағымдағы жылдың аяғында ақырзаман анық келеді екен-мыс.

Бұл әңгіме жәй әңгіме күйінде қалмай, дүниежүзінің көптеген көріпкелдері мен ғалымдарының, дін өкілдерінің, саясаткерлері мен қайраткерлерінің арасындағы таусылып бітпес пікірталас, дауға айналған тақырып болып отыр. Голливуд киногерлері түсірген ақырзаман туралы фильм де отқа май құя түскендей болды. Сонымен, шынында да ақырзаман таяп келе жатыр ма? Оның 2012 жылдың аяғында болатыны қаншалықты ақиқат?

Жалпы ақырзаман деген не өзі? Оны шынымен де жер бетіндегі тіршіліктің, тіпті жер планетасының тып-типыл жойылып кетуі деп түсінуге бола ма?

Нострадамусқа сенеміз бе, Ньютонға ма?

Жер бетіндегі тіршілікті, тіпті планетаның өзін тып-типыл жойып жіберетін алапат күштің әсерінен болатын ақырзаман туралы әуелі діни кітаптарда баяндалған және оның белгілері келтірілген. Мәселен, пайғамбардың хадисте-рінде ақырзаманның кіші белгілері ретінде ең алдымен Мұхаммед пайғамбардың дүниеге келуі аталған. Себебі Мұхаммедтен (ғ.с.) соң басқа пайғамбар келмейді. Одан соң бала әкеге бұйрық беретін заман болады, қылмыс, сатқындық, зұлымдық көбейіп, ішімдікке әуестік артады, жалған пайғамбарлар шығады, кәпірлер мен мұсылмандар соғысады, байлардың саны артады, құдайға қарағандар, иманды адамдар азайып, олар айналадағы күнәкарлықты көрген соң Алла тағалаға жақындай түседі делінген. Ақырзаманның кіші белгілерінің барлығы түгелдей орындалды дейді ғалымдар. Үлкен жеті белгілерінің де біразы орындалып қойған. Енді Мәдінің келуі, күннің батыстан шығатыны, сөйлейтін Таббатул ара атты жер жануарының шығуы, жер бетіне Тажалдың келуі, Исаның (ғ.с.) түсуі, жер шарын көк түтін басуы, бірі – Батыста, бірі – Шығыста, үшіншісі – Араб түбегінде жер сілкінуі, Яжұқ, Мажүж атты алып халықтың пайда болуы, Құран аяттарының ғайып болып, иманды адамдардың түгесіліп, барлық мұсылмандар көз жұмып, Қағбаның көкке көтеріліп, Иеменнен басталған өрт жер бетін жабатыны сияқты белгілері қалып тұр екен. Ақырзаман болғанда жер бетінде мұсылман қалмайды, оны көрмейді делінеді хадисте.

Ал осы заман ғалымдары ақырзаманды жер бетінде болатын табиғи өзгерістермен байланыстырады. Мәселен, күннің қатты ысуы немесе сууы. Америкалық ғалымдардың пайымдауынша, 2012 жылы күн белсенділігінің артуына байланысты электронды толқын жердегі барлық электр қуатын жойып жіберуі мүмкін. Тағы бір ғалымдар 2012 жылы 21-желтоқсанда күн жүйесіндегі планеталар тізбегі қалыптасады. Соның ретімен басқа да планеталар сап түзеп, нәтижесінде әлем бір кезеңнен екінші кезеңге алмасады дейді.

Ақырзаман туралы болжам жасаушылар ежелгі заман өркениетінің таңғажайып жетістігі болып саналатын ежелгі майя күнтізбесіне де сілтеме жасайды. Ол күнтізбе асқан дәлдігімен таңғалдырады және 2012 жылмен аяқталады екен. Майялықтардың көзқарасы бойынша әлем соған дейін төрт рет өзгерген, яғни, төрт дәуірді бастан кешкен. Олардың барлығы да «табиғи өзгерістер» нәтижесінде өзгерген немесе жойылған. Біз өмір сүріп отырған кезең – оның бесіншісі. Әйгілі физик Исаак Ньютон да 2012 жылдың ар жақ-бер жағында дәуір алмасуы болады деген болжам жасаған екен. Ньютон құпиясы аталатын сол еңбек қазір Израильдің ұлттық кітапханасында құпия сейфте сақталып отырған көрінеді. Ежелгі шумерліктер де аспан әлемінде тағы бір планета бар деп білген. Ол жерге жақындағанда жер бетінде табиғи өзгерістер болып тұрады екен. Ғалымдар соңғы жылдарда бұрын белгісіз бір планетаның пайда болып, жерге жақындай бастағанын байқаған. Ал әйгілі көріпкел Ванга мен орта ғасырдағы Нострадамустың ақырзаман жөніндегі пікірлері екі ұшты.

Жалпы көріпкелдер мен болжаушылыр ақырзаманның болатын уақыты туралы бірыңғай пікірде емес. Оның көбінде 2012 жыл аталғанымен, алғашында кейбіреулері осыдан мың жыл бұрынғы уақытты, одан соң 1033, 1248, 1603, 1658, 1910, 1962 жылдарды көрсетіпті. Енді бір болжаушылар ақырзаманның болатын уақыты ретінде 2000, 2011, 2014, 2016, 2018, 2020 жылдарды атапты. Тіпті британдық ғалымдар ақырзаманның хронологиясын жасап шығыпты. Онда алдын ала болжанса да, болмай қалған ақырзаман жылдары енген. Мәселен, алғаш рет осыдан мың жыл бұрын Еуропаны үрей билеген. Адамдар күнделікті жұмыстарын тастап, шіркеуге барып тығылған. Кейбіреулер мүліктерін кедей-кепшікке таратып, құдайдан жаса-ған күнәлары үшін кешірім сұрап, жалбарынған. Аквитанияға жауған қызыл жаңбыр мен Англия-ға түскен метеорит еуропалықтарды одан әрі дүрліктірген.

Қазақы түсінігіміз қандай?

Ақырзаман туралы айтқанда, алдымен ауызға бала кезімізден естіп өскен аңыз-әңгімелер мен дана билеріміз, данышпан ойшылдарымыз айтып кеткен болжам-дар, нақыл сөздер еске түседі. Мә-селен, олар «Белдеусіз үй болады, белгісізден би болады, сиыр пұл болады», «Қар суы теріс ағады», «Ақырзаман болғанда су тартылар, қарап тұрған жігітке қыз артылар» деген сияқты болып келеді. Бір нәрсені қиынсынып немесе түңіліп отырған адамға басқалардың «заманақырды төндірмей отыр» деп жататыны да есте. «Ақырзаман болғанда жер бетін топан су қаптап, тек қайығы барлар ғана аман қалады екен, ал басқалары балық болып кетеді екен» деген сияқты қорқынышты әңгімелерді үлкендердің балаларға айтып оты-ратынын ұмытқанымыз жоқ. Жас бала бір нәрсеге зеректік танытып, ойының ұшқырлығын аңғартса, үлкендердің «Ақырзаманның баласы деген – осы. Бәрін іштен оқып, біліп туады» деп жататыны да ойымызда. Біз бұл жерде ойға оралып, тіл ұшына ілінгендерін ғана сөз етіп отырмыз. Әйтпесе ақырзаман туралы қазақы түсінік жөнінде таңды таңға ұрып сөз етуге болады. Мәселен, «Мен жасырақ кезімде ауыл ақсақалдарының әңгімесіне көп құлақ қоюшы едім. Әсіресе, ескіше де, жаңаша да (орысша) сауатты, өз заманының білімді адамы болған Заманбек Кенжин деген ақсақал ақырзаман туралы әңгіме айта келіп, оның барлығын ғасырлар тоғысында міндетті түрде небір үлкен өзгерістер болатындығымен түсіндіретін. Осы ойын негіздей келіп ақсақал 1890 жылдардан бастап Совет өкіметінің орнауына байланысты оқиғаларды тілге тиек ететін» дейді бүгінде өзі де жетпіс екіге келген, Тарбағатай ауданы, Құйған ауылында тұрған Кеңесбек Ахметқалиев ақсақал.

– Сондықтан ақырзаман дегенді дүниенің құрып, бітуі деп теріс түсіндірмей, ғасырлар тоғысындағы белгілі бір өзгерістердің болуы мүмкін деп қана білу керек, – дейді ардагер.

Ұлу жайлы жыл болады

Қоян жылын шығарып салып, Ұлу жылын қарсы алар тұста қазақстандық көріпкелдер, оның ішінде жұлдызшылар, құмалақшы-лар да қалың жұртты алаңдатып отырған ақырзаман туралы болжам жасап, өз пікірлерін білдірген болатын. Әлі де айтып жатыр. Олардың дені биылғы жыл адамзатқа, оның ішінде қазақстандықтарға ешқан-дай қауіп төніп тұрған жоқ дегенге саяды.

Көріпкел Мұхтар қажы Сейденов, Қазақстанның құрметті кәсіби халық емшісі, жауырыншы Айсұлу Әмзеева да ақырзаман туралы сөз-дердің бәрі бос қауесет екендігін айтып, елді дүрліктіруге, халықтың үрейін ұшыруға болмайды деген пікірде. Биыл өмірге сәбилер көп келіп, демографиялық ахуалымыз жақсара түседі. Мемлекетімізге іштен де, сырттан да келер қауіп жоқ дейді. Ғалымдар да ақырза-ман дегенді тек бір дәуірдің екінші бір неғұрлым жетілген, дамыған дәуірмен алмасуы деп түсіну керек деп түсіндіреді.
Тақырыпты түйіндей келгенде осынау жарық дүние, діни түсінік бойынша жалған дүние қанша-лықты мәңгілік болса, ақырзаман туралы аңыздың да соншалықты мәңгілік екені ләзім. «Тумақ бар жерде, өлмек бар» екенін ескерсек, бәрі де жалғыз Жаратушының қолында екенін қайталаудан басқа амал жоқ.


Дін өкілдері не дейді?

Нұрлан қажы Асанов, Қазақстан мұсылмандары діни басқар-масының Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы:

– Біз қазір өмір сүріп отырған кезеңді адамзат баласының бастан кешіп отырған кезекті бір дәуірі деп есептесек, ақырзаман дегеніміз соның аяқталатыны болып шығады. Шындығына келгенде діни ұғымдағы соңғы сәт – қиямет-қайым. Оның екі түрі бар. Біріншісі, дүниенің тоқтауы. Екіншісі, адамның дүниеден өтуі. Ақырзаманды мұсылман көрмейді. Ал оның қашан болатыны – бір Аллаға ғана аян. Ислам ғұламалары көне кітаптарға сілтеме жасай отырып, жер бетінде болуы мүмкін табиғи өзгерістер Тажалдың келуіне байланысты туындайды деген пікір айтады. Әр дінде әрқилы айтылғанымен, Тажалдың келуі туралы барлық қасиетті кітаптарда бар. Жалпы пайғамбардың хадистерінде ақырзаман белгілері туралы толығымен баяндалған. Егер әр оқиғаға Құран аяттарымен сипаттама беретін болсақ, оның дәл келіп жатқанына күмән келтірмейміз. Тіпті Ислам дінінің келуінің өзі ақырзаманның белгісі ретінде түсіндіріледі. Жалпы ислам дініне дейін де адам баласына Алладан бірнеше елші жіберілгендігін білеміз. Олар арқылы да ақырзаманның болатыны туралы ескертілген. Бірақ соңғы түскен қасиетті Құран кәрімді ешкім өзгерте алған жоқ. Ол өзінің құндылығын жоғалтқан жоқ. Оны Алла тағала өзі қорғап, қорғаштайды. Ол жаратушымыздың адамзатқа берген уәдесі болатын. Сол сияқты ақырзаманның келуі де жаратушымыздың берген бір уәдесі екенін ұмытпаған жөн.

Көріпкелдер не дейді?

Назарбек Қожамсейіт, жұлдызшы:

– Негізінен алғанда, елді селт еткізіп, сенсациялық хабарларды таратуға құмар кейбір шетелдік ақпарат құралдарының соңғы кездері ақырзаман «жасағыш» болып алғаны жасырын емес. Қазіргі таңда кейбір көріпкелдер «2012 жылдың 21-желтоқсанында ақырзаман болады» деп елді дүрліктіріп жүр. Тіпті америкалық Голливуд киноөндірісі түсірген «2012» атты фильмдегі сюжеттер және ежелгі Майя өркениетінде өмір сүрген тайпалардың жасаған күнтізбесінің 2012 жылы 21-желтоқсанда аяқталуы халықты үрейлендіріп отыр. Алайда аталған жайттардың логикалық қисыны бар ма? Әлемді дүрліктірген бұл болжамды өз басым шешіп көруге тырыстым. Тарих тереңіне кеткен көне заманда Майя өркениеті болған. Қазір ғалымдар бұл өркениетке 5200 жыл болғанын айтуда. Майя күнтізбесі, расында, 2012 жылдың 21-желтоқсанымен бітеді. Бірақ бұл «әлемде ақырзаман орнайды» дегенді білдірмесе керек. Ежелгі өркениетті зерттеген ғалымдардың айтуынша, майялықтар ақырзаман турасында еш нәрсе демеген. Мая өркениеті тұсында да жер сілкіністері, күннің тұтылуы болып тұрған. Ал ақырзаманның қашан болатыны бір Аллаға ғана аян. Сондықтан халықтың көңіліне қаяу түсіріп, жақсылыққа деген үмітін сөндіруге болмайды. Осы орайда менің айтарым, биылғы жыл адамзат үшін жаңа кезеңнің бастауы болатынына сенім мол. 2012 жылы жақсылыққа құштар, ақжүрек, кеңпейілді азаматтардың асығы алшысынан түседі. Керісінше, пейілі тар, табиғатты ластап, үнемі жаман нәрсе ойлап жүретін бейбақтар биылғы жылдың үлесінен құр қалуы мүмкін. Бәлкім, қасиетті кітаптарда айтылған «Алтын заман» кезеңі осы 2012 жылдан ары қарай орнайтын шығар. Майя күнтізбесінің 2012 жылы 21-желтоқсанда тәмамдалуы әлемде жаңа өмір сүру стандартын қалыптастыруы ықтимал. Бұйыртса, оны да көре жатармыз.

«Жақсы сөз – жарым ырыс». Адамдарға шөкімдей болса да, жылы сөз қажет. 2012 жылды «Рухани тазару жылы» деп атар едім. Сондықтан Ұлу жылында жақсылыққа бастайтын ұлы өзгерістер көп болады деп кәміл сенемін.

Ертөстік Тасболатов, құмалақшы:

– Мен ақырзаман туралы әңгімені бала жастан естіп келемін. Қазір жасым елу алтыға келді. Әлі сол сөз. Жалпы ақырзаманды құмалақ арқылы немесе жұлдызға қарап болжауға болмайды. Ол тек Алланың ісі. Бәрі бір жаратушының ғана қолында.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив