KZ
Өскемен
+19°
ясно жел 2 м/с, З
443.35 475.54 4.82

«Наурыз мейрамы» ескерткіш монеталары айналысқа шығарылды

19.03.2012, 18:00 147


«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының № 2155 Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2012 жылғы 20 наурызда «Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары» монеталар сериясынан «proof» сапасымен күмістен жасалған номиналы 500 теңгелік және нейзильбер қоспасынан жасалған номиналы 50 теңгелік «Наурыз мейрамы» ескерткіш монеталарын айналысқа шығарады.

Ескерткіш монеталардың сипаттамасы:

Күміс монетаның және нейзильбер қоспасынан жасалған монетаның бет жағындағы және сырт жағындағы бейнелері бірдей. «Рroоf» сапалы күміс монетадағы бейне жалтыратып салынған.

Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде ою-өрнектің аясында Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін сан (күміс монетада «500», нейзильбер қоспасынан жасалған монетада «50») және «ТЕҢГЕ» деген жазу бар. Сол және оң жақ бөліктерде ұлттық ою-өрнек элементі бір деңгейде бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» және орыс тілінде «РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН» деген жазу бар. Жазулар нүктелермен бөлінген.

Монетаның сырт жағында (реверсінде) халықтың көктем мерекесі - Наурыз мейрамын қарсы алған Қазақстанның көпұлтты халқын аясына біріктірген үйдің символы ретінде киіз үйдің шаңырағы бейнеленген. Жоғарғы жағында айналдыра мемлекеттік тілде «Наурыз мейрамы» деген жазу бар. Оң жағында моншақталған жиектің бір бөлігі, соғылған жылын білдіретін «2012» деген сан және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі бар. Сол жағында моншақталған жиектің бір бөлігі (күміс монетаның сол жақ бөлігінде монета дайындалған металды, оның сынамы мен массасын білдіретін «Ag 925 31,1gr.» деген жазу бар).

Монетаның бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазулар бедерленген.

Ескерткіш монеталар:

1) сынамы 925, массасы 31,1 грамм күмістен, диаметрі - 38,61 мм., «proof» сапасымен дайындалған, таралымы - 4 мың дана, қыры (гурты) бедерлі;

2) «нейзильбер» қоспасынан жасалған, диаметрі - 31 мм., массасы - 11,17 грамм, таралымы - 300 мың дана, қыры (гурты) бедерлі.

Номиналы 500 теңгелік және номиналы 50 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ шоттарға, салымдарға, аккредитивтерге есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің осы ресми хабарға түсініктемесі

«Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары» сериясынан «Наурыз мейрамы» ескерткіш монеталары қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен ұлттық мәдениетін кеңінен тануды насихаттайтын серияны жалғастыратын, күмістен және нейзильбер қоспасынан жасалған монеталардың жетінші жұбы болып табылады.

Наурыз мейрамы - Жер бетіндегі ең ежелгі мейрамдардың бірі. Ол көктем мен табиғаттың жаңаруы мерекесі ретінде бес мың жылдан аса уақыт бойы аталып келеді. Наурыз - жаңарудың, тазарудың, көктемнің, жаңа өмірдің, махаббат пен сұлулықтың символы. Наурызды мерекелеу дәстүрі адамның ең жақсы қасиеттері - ашықтықты, ақпейілділікті, кішіпейілділікті, мейірбандықты ашуға бағытталған.

Ескерткіш монеталарды «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған.

Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі - ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.

«Proof» сапасымен жасалған ескерткіш монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.

Нейзильбер қоспасынан жасалған ескерткіш монеталардың бір мың данасы жақсартылған сапамен дайындалған және сату үшін арнайы пластикалық термовакуумды орауға оралған.

Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында, Алматы қаласында мына мекен-жай бойынша сатып алуға болады: Панфилов көшесі, 98. Анықтама үшін телефоны (727) 273-83-98.

Мәлiметтiң көзi: ҚазАқпарат




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив