KZ
Өскемен
+27°
ясно жел 3 м/с, Ю
471.46 504.79 5.53

Абайдың алдында «қарақшыны» жағып мереке өткіздік

15.03.2012, 18:00 143


2012 жылдың ақпанның 26-шы жұлдызында Өскемен қаласында Республика алаңында Масленица мерекесі аталып өтті.

«Масленица» мерекесі қысты шығарып салу мен көктемді қарсы алатын ежелгі славян дәстүрлерінен қалған. Ежелгі Русьте ақпан айын жылдың ең соңғы айы деп есептеп, қаһарлы да боранды мезгілді осылай «қарақшыны» өртеу арқылы шығарып салып, жылы көктемнің шуақты күндерін отпен қарсы алады.
Аталмыш мерекеде «Бастеньки», «Ладушки», «Злато», «Русская песня», «Вдохновение», «Коханя», секілді фольклорлық ансамбльдер мен вокалды топтар және «Экстази», «Пируэт» атты би ұжымдары өз өнерлерін паш етті. Сонымен қатар Донское ауылынан «Перезвон» мен «Пряхи» ансамбльдері келді.
Бірақ...
Республика алаңында, қазақтың әулиесіне айналған кемеңгер Абайдың алдында, ШҚО әкімдігінің алдында, екі жағынан қаламыздың киелі шаңырағы болып отырған екі мешіттің арасында «Қарақшыны» өртеп, асыр салып, би билеп жату әбестік емей немене? Абалақ-сабалақ, түрінен адам үркитін «қарақшыны» өртеуге басқа жер табылмады ма? Қаламыздың ортасынан ойып тұрып орын тепкен Абайдың ескерткіші ашылғанда, шығыс халқы ғана емес күллі қазақ елі қалай қуанышқа кенелгені есімізде. Енді келіп данышпанның алдында от жағып, аруақтың басында әңгіртаяқ ойнатқандай «шүлдірлеп» думан қылу шеттен шыққандық емей немене? Мүмкін, шайтанға ұқсас «бабай-қарақшы» осыған рұқсат берген шенеуніктерді шынымен де азғырып жіберді ме екен... Әлде, «шап-шағын қаламызда» мерекеге орын табылмай, қыл аяғы орталық алаңда өткізе салайық деп шешті ме?
Осыдан бір апта бұрын қалалық ішкі саясаттың бастығы Бакинова Бұлбұл Рамазанқызының кабинетінде «Өскемен» газетінің бір топ журналисі газеттің алдағы уақыттағы жоспары, тынысы мен тірлігі туралы келелі әңгіме өрбіткен едік. Аста-төк бөлмеге бірнеше ақ парағын сылдырлата бойшаң орыс жігіті кіріп, Бұлбұл Рамазанқызына «Масленица» мерекесіне байланысты эскиз-қағаздарын көрсете бастады. Аталмыш қағаздағы жазудың бәрі шетінен орыс тілінде болғаны намысына тиіп, ашуын келтірген басқарма бастығы «Неге қазақша бірауыз сөз жоқ! Вы ж все таки в Казахстане живете!..» деп баса сөйлегенін отырған біздер жақсы естідік. Абдырап қалған жігіт лезде «Аскар Кисаевич так сказал» деп тайқып шыға келді. Қыл аяғы ештеңе естімегендей, ештеңе болмағандай орталық алаңда орыс плакаттарын қаптап іліп, Абайдың алдында «қарақшыны» жағып мереке өткізді. Қазақстанда 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрып жатыр. Енді осы ұлт пен ұлыстың бәрі орталық алаңда өз мерекелерін өткізе берсе тұғырлы тәуелсіздігіміздің іргесі қалай шайқатылғанын өзіміз де байқамай қаламыз-ау.
Бір қуантарлығы осы мерекені өткізген ШҚО филармония қызметкері Ерлан Шұқатаевтың жасаған «жаңалығы». Басына қазақтың түлкі тымағын киіп алып, үстіне оюы жарасқан шапан киіп орыстың «масленицасын» өткізгені бәрін де аң-таң қылды. «Осы арқылы мен қалың қазақтың намысын оятқым келді»,- деді ол бізге берген бір ауыз сұхбатында.
«Талайды артқа тастадық» деп Республика алаңында мерекесін өткізген орыстардың «Масленицасына» май құйып, үстіне осылайша «Қазақстанда тұратындарыңды ұмытпаңдар» дегендей шапан жауып жібердік...

Р.S.
Құрметті оқырман, аталмыш мақала шыққалы бері біраз уақыт өтті. Өскемен шенеуніктері арасында бұл біраз у-шу жасаған мақала. Мен қызмет ететін «Өскемен» газетінің редакциясы қалалық Ішкі саясат басқармасына қарайды. Өткір сөз шамына тиді ме екен, содан бері Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Асқар Нұрғазиев тарапынан қудалау көріп жүрмін. Газет редакторына бір емес, бірнеше рет хабарласып, мені жұмыстан қуу туралы бұйрықтар берді. Сонда шыңдық үшін жұмыстан шығару заңды ма? Бәріміз бұғып қашанғы отыра береміз? Мені көпшілік ақын ретінде жақсы біледі. Ақынын арда тұтатын қазақтық шенеуніктердің қанында сақталса осындай масқаралыққа дейін жетер ме еді?


Азамат Тасқара




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив