KZ
Өскемен
+20°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СШ
471.46 504.79 5.53

Базарлы маусым басталды

28.06.2024, 13:11 52 Мадина Амангелдіқызы

Көзді ашып-жұмғанша  оқу жылы да зу етіп өте шықты. Міне, оқушылардың жазғы демалысы да басталып қойды. Балалардың осы уақытты тиімді, пайдалы, бастысы, қауіпсіз жағдайда өткізуіне өңірде қандай жұмыстар жүргізілді екен?

Жалпы жазғы лагерьлерге бірінші сыныптан 10-сыныпқа дейінгі балалар жіберіледі. Мектеп бітіруші 11-сыныпқа көшкен оқушылар ҰБТ-ға дайындалатындықтан жазғы демалысқа жіберілмейді.

100 мыңға жуық бала қамтылады

Шығыс Қазақстанда биыл 1-10 сыныптар аралығындағы 93 519 (99,9%) оқушы жазғы демалыспен және сауықтырумен қамтылатын болады. Оның ішінде 9056 оқушы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары.

Облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышеваның айтуынша, биыл өңірде 487 жазғы лагерь ұйымдастырылған, оның 13-і қала сыртында орналасқан. Қала сыртындағы лагерьлерде 8575 оқушы демалады.

Оның ішінде, «Жаздық  жолдама» республикалық жобасы аясында ауылдық жерлерде орналасқан мектептердің 5-8 сыныптарындағы олимпиада, конкурс және жарыстардың 689 лауреаты мен жеңімпазы, оқу озаттары «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қаражаты есебінен «Дарын» лагерінде демалады.

– Мектеп жанындағы 270 лагерьде 23 149 оқушы, 204 бейінді алаңдарға және басқа да жобаларға 61 840 оқушы қатысады. Жазда 2489 педагог, 250 медицина қызметкері, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледждердің педагогикалық жасақтары жұмысқа тартылатын болады, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева.

Балалардың демалысын ұйымдастыруға тәлімгерлер, қосымша білім беру педагогтары, медицина қызметкерлері, сондай-ақ колледждер мен университеттердің студенттері жұмылдырылған. Одан бөлек күндізгі лагерьлер, пікірсайыс алаңдары, шығармашылық студиялар, спорт секциялары ұйымдастырылып, коворкинг орталықтары, аулалық клубтар мен үйірмелер жұмыс істейді.

Жас натуралистер стансаларында далалық экологиялық мектептер қызмет етеді, оларда жас зерттеушілер ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы мониторингке қатысады.

Тегін жолдамалар берілді

Сонымен қатар биыл тасқыннан зардап шеккен өңірлердің балаларына Шығыста тегін демалыс ұйымдастырылады. Білім басқармасы бұған дейін тасқыннан зардап шеккен облыстардағы 60-қа жуық бала осы жазда Шығыс Қазақстандағы демалыс лагерьлеріне тегін жолдама алатыны жайлы хабарлаған.

– Арнайы әзірленген бағдарламаның арқасында балалар бос уақытын қызықты әрі пайдалы өткізіп, жағымды әсер алады, көңіл күйлерін көтереді. Маусым алдында қажет болған жағдайда мұғалімдер мен жолбасшылар оқушыларды психологиялық курстардан өткізеді, – деген болатын басқарма басшысы Иннеса Чернышева.

Сондай-ақ мүмкіндік болса демалысқа келетін балалардың саны тағы да арттырылатыны жайлы айтылды. Балаларға арналған туристік маршруттар жасалып, өлкенің көрікті жерлері көрсетілмек.

Жазғы лагерьге қалай тегін жіберуге болады?

Кейбір оқушылар жазғы лагерьге мемлекет есебінен тегін бара алады. Лагерьге тегін жолдама:

-              атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың балаларына;

-              жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен АӘК алмайтын отбасы балаларына;

-              жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;

-              төтенше жағдайлар салдарынан жедел көмек қажет ететін отбасы балаларына;

-              өзге де санаттағы мемлекеттік білім беру мекемелерінің білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне беріледі.

Ата-ана не қамқоршылар баласының қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде демалуға жолдама алуы үшін құжаттар тапсыра алады.

-              Офлайн түрде: облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қаласының білім басқармаларына, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың білім бөлімдеріне, білім беру ұйымдарына;

-              ХҚКО-ға.

-              Онлайн түрде: eGov порталы арқылы, ЭЦҚ болуы қажет.

                      Қажетті құжаттар:

-              өтініш;

-              жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат;

-              электронды нысандағы баланың туу туралы куәлігі немесе оның қағаз тасығыштағы көшірмесі;

-              неке қию немесе бұзу туралы куәліктің көшірмесі;

-              № 071/у нысанына сәйкес медициналық анықтама;

-              мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесі.

 

 

Жаз – балалар мен олардың ата-аналарының асыға күтетін жыл мезгілі. Жазғы демалысты қызықты өткізіп жүргенде қауіпсіздік ережелерін сақтауды да естен шығармаған абзал. Осы мақсатта біз жаз мезгілінде балалардың суға шомылу, орманға бару немесе қалада саяхаттау кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтауы бойынша Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген жадынамаларды ұсынып отырмыз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив