ШҚО-да 1,2 млрд теңгенің алаяқтық қылмысы ашылды

Фото: depositphotos.com
ШҚО Экономикалық тергеу департаменті «Дейнека» ЖШС басшылығына қатысты аса ірі мөлшердегі алаяқтық, заңсыз кәсіпкерлік қызмет және жалған құжаттарды пайдалану фактілері бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Бұл үлескерлік құрылысқа заңсыз қатысуға қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Айдын Молдабековтің айтуынша, «Ертіс» ӘКК-мен мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының бірі бойынша Өскеменде үш көппәтерлі үй салу туралы шарт жасасқаннан кейін «Дейнека» ЖШС-нің басшылығы заңды негізсіз және рұқсатсыз құрылысқа үлескерлер қаржысын тарта бастаған. Осы ретте клиенттерге үлестік қатысу туралы емес, салынып жатқан үйден пәтерді ерте броньдау туралы шартқа қол қою ұсынылған.
Сонымен қатар тергеу барысында құрылыс компаниясының басшылығы «Ертіс» ӘКК-ның 200 млн теңгеден астам қаражатын заңсыз иемденгені анықталды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа берілуде.
Естеріңізге сала кетейік, ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының ақпаратынша, 2023 жылы «Дейнека» компаниясы екі нысан бойынша үлестік құрылыс туралы заңнаманы бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 320-шы бабымен жауапкершілікке тартылған.
Сол кезде үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқан компанияға қатысты сот аяқталды. «Ертіс» ӘКК басшылығы «Дейнека» ЖШС-нен залалдар мен жоғалған пайданы өндіріп алу талабымен сотқа жүгінген болатын. Сот істің барлық мән-жайын қарап, талап-арызды ішінара қанағаттандырды. Атап айтсақ, құрылыс салушыдан 46,9 млн теңге сомасында игерілмеген аванстық төлемдер өндірілді. Осы ретте сот 32,6 млн теңге мөлшеріндегі келтірілген залалды және 46,2 млн теңгеге бағаланған жоғалған пайданы өтеткізуден бас тартты.