KZ
Өскемен
+18°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
450.79 482.21 5.05

«Юбилейный» отандық киноға мән бергелі отыр

1.03.2012, 18:00 130


Өскемендегі «Юбилейный» кинотеатры жас-кәрінің сүйікті орнына айналғалы ондаған жылдардың жүзі болды. Оның репертуарында соңғы кездері негізінен шетелдік кинолар, аракідік көршілес ресейлік фильмдер кездескенімен, өзіміздің отандық, яғни, қазақстандық дүниелер көп болмайтын. Осы мәселені және оқырмандарымыздың «жуық арада «Юбилейный» кинотеатры жөндеуге жабылады екен, ол қанша уақытқа көрсетілімді тоқтатпақ?» деген сауалдарға жауап іздеп біз аталған мекеменің директоры Мүнира Ягудинамен сұхбаттасқан едік.

Кинотеатр жабылмайды, кеңейеді

– Мүнира Шигапқызы, сіздің бұл үлкен кинотеатрды жекешелендіріп, өзіңізге мүлде беймәлім саламен айналысуыңызға не себеп болды?

– Ол ел көлеміндегі ауыр кезең – 1997 жыл болатын. Өзім жеке кәсіпкерлікпен айналысқандықтан, әуелде оны автосалон етіп ашуды ойластырғанмын. Бірінші кезекте кинотеатрдың көрермендерінің арқасында оны кинотеатр етіп сақтап қалдық. Ол өз кезінен флагман болғанын білесіздер. Тек біздің алдымызда оны сол биігінен түсірмеу міндеті ғана тұрды. Сандық технология қанат жая бастағанын ескеріп, Қазақстанда екінші болып, осы жүйеге көшуіміз біздің бағыттың дұрыс екенін көрсеткен-ді. Соның ішінде 3Д-форматпен көрсету де бар. Уақыт бір орнында тұрмайды ғой. Соңғы жылдары кинозалдарды көбейту мәселесі туындаған. Ол үшін не істеу керек? Жан-жақты ойлас-тыра келе қосымша бес кинозал салуға бел байладық. Бұйырса, алдағы сәуір айынан бастап олардың құрылысын бастамақпыз. Құрылыс қазіргі кинотеатрдың қалыпты жұмыс істей беруіне кедергі келтірмей, оның сол жақ іргесінен жапсарластырылып, қалалық мешітке жетеқабыл аралықта бой көтеретін болады.

– Олар қанша адамдық болады деп есептеп отырсыздар?

– Негізгі үлкені қазіргі зал (580 орындық) болып қалады да, жаңадан салынатын бесеуі 100, 150, 200 адамға арналған залдар болады. Бұрындары «көк зал», «қызыл зал», «жасыл зал», тағы басқадай болып аталса, қазір олай атау сәннен қалған. Біз оларды бірінші, екінші, үшінші деп атамақпыз. Өзім көп жерлерді аралағанда мультиплекс, яғни, көпзалды кинотеатрлар уақыт талабы екеніне көз жеткіздім де, «неге бізде солай істемеске?» деген ұйғарыммен осынау үлкен шаруаны қолға алып отырмын.

– Бұл құрылыс таза өздеріңіздің қаражаттарыңызбен жүргізілетін болар?

– Мен осы қалада туып-өстім, осы кинотеатрдың тұрақты көрермені болдым. Өз басым өте патриотпын. Ал патриот адам көптің соңынан ермей, жаңа дүние бастауға және үнемі алда жүруге лайықты деп есептеймін. Осынау ерекше шаруаны бас-тауыма да сол мінезім жетекші болып отыр. Қаражат мәселесіне келсек, негізінен барлық құрылысқа өз қаражатымыз жұмсалады. Одан соң несиелеуге қатысты «Бизнестің жол картасы – 2020» атты бағдарламада мәдениет саласымен айналысатын кәсіпорындарды несиелеу көзделген ғой. Қарастырып көреміз, егер оның жөні болмай жатса, таусылатын ештеңе жоқ, өз күнімізді өзіміз көріп, бастаған шаруамызды өз қаражатымызбен аяқтауға тырысып бағамыз.

– Жаңа орында жақсы фильм-дер көруге мүдделі көрермендеріңіз біле жүрсін, бұл құрылыс қай уақытта аяқталмақ.


– Әрі кетсе, бір жылда пайдалануға беріледі деп отырмыз. Ең бастысы, бұл уақытта кинотеатр өз қызметін бір күн де тоқтатпайды. Жалпы осы бес зал салынып біткен кезде қазіргі үлкен зал ішін дұрыстау, кейбір дүниелерін жаңалау мақсатында біраз уақытқа жабылуы мүмкін. Өйткені, 2003 жылдан бері оған ағымдағы жөндеу жүргізілген емес. Ең бастысы, біз залдың инженерлік жағынан дұрыс қамтылуына, яғни, акустикасына басты назар аударғанбыз, ілгеріде де солай болады. Өйткені, кино көруге келген әр адам мұнда еркін, толыққанды демалып қайтуы тиіс.
Көрермен қалауын
білуге тырысып келеді

– Сіздердің негізгі көрермендеріңіз кімдер?

– Барлық жердегідей біздің де көрермендеріміз – негізінен 14 пен 27 жас аралығындағылар. Сондықтан біз алатын кинопрокат та солар көргісі келетін фильм-дерден тұрады. Дегенмен соңғы кездері өзге көрерменнің де қалауын ескеріп, ұлы театрлардың заманауи үрдісімен опера, балет көрсету бағдарламасын енгізіп отырмыз. Бұл бағдарлама да бекер болмаған сияқты. Оларды тамашалайтын орта жастағы көрермен аз емес екені бізді шынымен де марқайтып отырғанын жасырғым келмейді. Бұл таза эксперименттік тұрғыдағы бағытымыздың дұрыс екені ересек көрермендеріміздің Сидней операсына, Ла-Скала (Милан) және Лондонның корольдік театрының қойылымдарына қатысты айтып, жазып жатқан алғыстарынан байқалып отыр.

– Прокат мәселесін қалай шешеіздер?

– Оны өзім Мәскеуге барып, алдағы жылдарда шығарылатын әлемдік фильмдерді белгілі бір уақытқа жалға аламын.

– Жаңа залдар салып, ел игілігіне ұсынатындарыңыз өте жағымды жа-ңалық екен. Оларда біздің отандық шығарылымдар көрсетілетін бола ма?

– Солай жасауға әбден мүдделіміз. Бұйыртса, бір залды өзіміздің кинотуын-дыларға арнауды ұйғардық. Отандық туындыларға қатысты одан да өзге игіліктер болатынына сенімдімін. Тек біздің көрер-мендеріміз, сіздердің осындай сауалға жауап іздеген оқырмандарыңыз жаңа залдарымыз уақытымен пайдалануға берілгенше нақты жауапты тоса тұрғанын қалар едік. Ең басты айтарым, өз еліміздің жақсысын көрсетуден ешқашан шет қалмасымыз анық.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Ғафура Сәрсенбайқызы

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив