KZ
Өскемен
+19°
переменная облачность жел 1,7 м/с, СШ
443.44 480.51 4.88

Қайрат Нұртас СЕМЕЙ ХАЛҚЫН қалай алдап соқты?

21.02.2012, 18:00 129


«Ауырмайды жүрек» деп ән салып, талай қыздың арманына айналған Қайрат Нұртас Семей халқының жүрегін ауыртып кетті. Иә, дәл солай. Қалың тыңдарман өнеріне тамсанып, «әулиедей» көріп жүрген әнші жігіт ақпанның 15-і күні кешкі сағат 9.00-ге белгілеген концертін өткізбестен табанын жалтыратып кетті.


Ал қып-қызыл ақшаға билет сатып алып, ән тыңдауға келген дүйім жұрт болса тақырға отырғызған «тазша баланың» мына әрекетіне қатты күйінді. Қалалық мәдениет үйінің алдында жиналып алып, жас әншінің құлағын бір шулатты. Қайраттың ел абыройын айрандай төккен оқиға былай болыпты.

Жергілікті тұрғындардың айтуына сенсек, «15-ақпанда Қайрат Нұртастың жеке концерті өтеді» деген хабарландыру Семей көшелерінде бір ай бұрын ілініп, телеарналардан көрсетіліпті әдеттегідей. Сүйікті әншісінің сонау Алматыдан ат арытып келетінін естіген жұртшылық дәл сол күні тайлы-тұяғы қалмай қаладағы мәдениет үйіне ағылмасы бар ма, кең ғимаратқа сыймай қалады. Содан не керек, Алатаудың баурайынан арнайы сапарлап келген соң сарыла күткен көрермендерінің көңілін табуды жөн санады ма екен, әлде түсетін ақшасына қызықты ма екен, кім білсін, әйтеуір Қайрат мырза кешкі 7.00-дегі концертіне кіре алмай қалғандар үшін екі сағаттан соң 9.00-де тағы да ән шырқап беруге келісіпті. Алайда ән кешінің алғашқысын ойдағыдай өткізген ол екінші концертіне келместен қарасын батырған екен. Қыстың аязды күнінде мәдениет үйінің алдында бір сағаттан астам уақыт күткен жүз қаралы адам ақыры төзімдері таусылған соң шу көтеріп, жағдайды түсіндіріп беруді талап етеді. Мән-жайды анықтауға тырысқан мәдениет үйінің әкімшілігі Қайраттың продюсерін «итпен іздеп» әрең табады. Табуын тапқанымен продюсердің: «Қайрат ауырып қалды, концертті өткізе алмайды» деген уәжі ешкімді қуанта қоймады, сендірген де жоқ. Себебі, бір сағат бұрын ғана Қайрат Нұртас сахнада ортекедей ойнақтап, ән салып жүргенін елдің көзі көрген. Сөйтсек, уәделі ән кешінің өтпей қалу себебі басқада жатқан секілді.

Қайрат Нұртас СЕМЕЙ ХАЛҚЫН қалай алдап соқты?– Бұл концертке филармонияның ешқандай қатысы жоқ. Қайраттың әкімшісі бізге хабарласып, ғимарат сұраған соң көмектесіп жіберуге келіскенбіз. Концерт болатын күні жұрт көп жиналды, тіпті, мәдениет үйінің аузы-мұрнынан шығып кетті. Көрермен қауымның көптігін ескерген Қайраттың әкімшісі кешкі сағат 9.00-де концертті қайталап қоятындарын мәлімдеп, билеттерді саудалай бастады. Біз егер жүздің үстінде ғана адам жиналса, ән кеші өте ме, жоқ па деп сұрадық және адамдарды босқа әуреге салып жүрмеуді ескерттік. Әкімші жігіт «Әрине, өткіземіз» деп нақты жауап берген, алайда артынан жүзден астам адамға билеттің сатылғанын білген соң алғашқы ойларынан айнып қалды. «Қайратымыз ауырыңқырап тұр, өткізе алмаймыз» деген себептерін алға тартты, – дейді Семей қаласындағы Ә.Қашаубаев атындағы филармонияның әкімшісі Дина Бейсембаева.

Қош, солай-ақ делік. Әкетіп бара жатқан ауруы болса, өзін тағатсыздана күткен тамам жұрттың алдына шығып жағдайын түсіндірсе ешкім де оның шапанын шешіп алмас еді ғой.

Шынтуайтына келсек, бұл – қара ормандай қалың тыңдарманды құрметтемеу, аппақ адал ниетімен әншісін құшақ жая қарсы алатын ағайынның еркелеткенін көтере алмау. Өнер – халықтікі, өнерпаз да халық үшін жаратылған адам. Ендеше, біздің әншілерге құлқынның қамынан гөрі ұлтының алғысын алғаны әлдеқайда абзал емес пе?! Бұдан соң семейліктер Қайраттың өнерін тамашаламақ түгілі әндерін тыңдамауға бекініп отыр.

P.S. Айтпақшы, Қайрат Нұртастың бұл – Шығыс жұртының шырқын алғаш қашыруы емес. Өткен жазда ол Зайсан қаласында өзінің ән кешін межелі мерзімнен үш сағатқа кешігіп бастағаны бар. Ен-дігісі – мынау. Бір қызығы, қазақ эстрадасының тағы бір жас жұлдызы Бейбіт Қорған өзінің гастрольдік сапарларының бірінде бес адамның алдына шығып, зәулім сарайда өнер көрсеткен-ді.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив