KZ
Өскемен
+16°
переменная облачность Штиль
443.44 480.51 4.88

Алыстан келген ағайын тағы да аңтарылып отыр

15.02.2012, 18:00 263


Қазақстан Республикасының 2007 жылы бекітіліп, бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілген «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы оралмандар мәселесін заман талабына сай, толық шешуге қауқарсыз екендігі көп уақыттан бері айтыла-айтыла жауыр болып, нәтижесінде өткен жылдың маусым айында Парламент жаңа Заң бекіткені белгілі.

Қандастарымыз жаңа заңнан жағымды өзгерістер күткен еді. Өкініштісі, осы заңнан кейін ата жұртым деп келген ағайындар жаңа мүмкіндіктерге ие болудың орнына бұрынғысына зар болып, тығырыққа тіреліп қалды. Алды өткен жылдың наурыз айында оралман мәртебесін алып, ықтиярхатқа құжат тапсырған ағайындар қазір не Қазақстан азаматтығын, не квоталық жәрдемақысын ала алмай сандалып жүр.
Бұған себеп: жаңа заңда шеттен келген ағайындардың бұрынғы тұрған елінің азаматтығынан шығу мәселесін реттейтін баптың жоқтығы. Жаңа заң қабылданғанға дейін шеттен келген ағайындарымыз Қазақстан азаматтығын қабылдауға құжат тапсырған кезде бұрынғы тұрған елінің мемлекет басшысына сол елдің азаматтығынан бас тартқаны жөнінде нотариуспен расталған өтінішін Қазақстан азаматтығын қабылдауға өткізетін құжаттарға тіркеп келген еді. Бұл өтінішті көші-қон комитеті (бұрынғы атауы) сол елдің Қазақстандағы елшілігіне тапсыратын. Жаңа заңда ондай баптың болмауына байланысты енді Сыртқы істер министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің көші-қон саласындағылардың өзі абдырап қалды. Олар өздерінше тәртіп белгілеп, оралмандарды «бұрынғы тұрған елдеріңнің азаматтығынан бас тартқандарың жөніндегі өтініштеріңді сол елдің Қазақстандағы елшілігіне тапсырғандарың туралы анықтама әкеліңдер, біз Моңғолияның, Қытайдың еліміздегі елшілігімен келістік» деп алдарқатты.
Ағайындар ендігі жерде бұрынғы тұрған елдерінің Қазақстандағы елшілігін сағалауда. Бірақ, Қазақстандағы Қытай мен Моңғолия елшілігі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен мұндай келісімге келмегендерін айтып, анықтама беруден бас тартты.
Басқа облыстарды қайдам, Моңғолиядан Шығыс Қазақстанға көшіп келіп, Қазақстан азаматтығына құжат тапсыра алмай жүрген бір топ отбасы Сыртқы істер министрлігінің облысымыздағы консулы Совет Иманғаливтың көмегімен министірліктің консулдық департаментінің бастығы Рысқали Дәуренбек мырзаға өтініштерін жолдаған. Алайда, бұдан да нәтиже шыққан жоқ. Сылтауы таусылған облыстық ішкі істер басқармасының көші-қонға жауапты басшылары оралмандарды «Бұл мәселеге байланысты жаңа шешім 2012- жылдың басында шығатын болды» деп алдарқатқан еді. Дегенмен жыл басталғалы да екі айдай уақыт өтіп кетсе де, мәселенің шешілетін сыңайы жоқ.
Сөйтіп, «Қазақстанның азаматтығын қабылдап, қызмет істеу құқына ие болсам, квоталық жәрдемақыға тиесілі аз-маз ақшаға тапқан-таянғанымды қосып, баспана алсам» деген оралман ағайындар бүгінде шынымен-ақ абдыраулы. Олардың қай-қайсысына кезіксеңіз де, тұрмыстарының қиындап кеткенін айтады. Ол ол ма, бұл ағайындардың біразының жаңа заң бойынша бір жылға берілген оралмандық мәртебесінің уақыты да бітуге таяу. Ал заң бойынша оралмандық мәртебенің уақыты бір жылдан артыққа ұзартылмайды. Олар оралмандық мәртебелерінің уақыты бітсе, квоталық жәрдемақы алмақ түгілі, азаматтыққа зар болып қалмақ.
Оралмандардың осындай қиыншылықтарына басы қатып жүрген құзырлы органдар бар ма екен,сірә...

Бодаухан Тоқанұлы

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив