"Бала дауысы" байқауына қатысып жатқан жерлесімізді қолдайық
Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының ұйымдастыруымен еліміздің дарынды балаларына арналған «Бала Дауысы» ұлттық ән байқауының үшінші маусымы Астананың 20 жылдық мерейтойына орай Елордада салтанатты түрде ашылған еді. Өскеменде мамыр айында өткен аймақтық кезеңнің жеңімпазы қазір ауқымды жобаның ақтық мәресінде облыс намысын қорғап жүр. деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Мәулен Ахметқалиев он екі жаста. Үш жылдан бері вокалмен айналысып жүрген жас өнерпаз облыстық, республикалық және халықаралық музыкалық байқаулардың жеңімпазы. Әннен бөлек би, сольфеджио, фортепиано үйірмелеріне де қатысады.
Классикалық әндерді сүйіп тыңдайтын Мәулен әлемдік деңгейдегі Лучано Паворотти, Андреа Бочелли және отандық жұлдыздардан Майра Мұхамедқызы мен Сүндет Байғожин сынды опера әншілерінің шығармашылығына қызығушылықпен қарайды. Сонымен қатар эстрада жанрында өзіндік стильдерімен ойып тұрып орын алған Валерий Меладзе, марқұм Батырхан Шөкенов және Маржан Арапбаеваның өнерін жоғары бағалайды. Болашақта опера әншісі болып, әлемге әйгілі итальяндық әнші, ерекше дауыс иесі Андре Бочеллимен дуэт орындауды армандайды.
Анасы Гүлназ Ахметқалиеваның айтуынша, мектепте география, экономика негіздері пәндерін құлшына оқитын Мәулен болашақта негізгі мамандығымен қатар кәсіпкерлікті де қолға алғысы келеді. Сабақ оқу мен үйірмелерден қолы босағанда ұлы адамдар жайлы кітаптар мен жануарлар туралы энциклопедияларды оқығанды ұнатады. –Алға қойған мақсаттарыма жеткен соң халыққа көмектесіп, пайдамды тигізсем,-дейді Мәулен.
«Бала Дауысы» ұлттық балалар ән байқауының бас жүлдесінің үміткері Мәулен Ахметқаливке дауыс беру үшін notka.kz сайтына кіріп, жерлесімізді қолдайық. Берілген әрбір дауыс жас өнерпазымыз үшін маңызды. Дауыс беру 8 желтоқсанға дейін жалғасады.