KZ
Өскемен
+17°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
478.93 534.96 5.16

Өскеменде «Ақ Ертіс» фестивалі басталды

8.09.2017, 08:58 180

Асқақ Алтайдың баурындағы әсем шаһар Өскеменнің аспанында бүгін тағы да ән қалықтамақ. Аймақ басшысы Д. Ахметовтің бастамасымен қолға алынған «Ақ Ертіс» халықаралық классикалық музыка фестивалі осымен үшінші рет шымылдығын түрмек. Айтулы мәдени шараның басталуына орай облыстық драма театрында арнайы баспасөз мәслихаты болып өтті.


Қала әкімінің орынбасары О. Булавкина өз сөзінде фестивальдің қала күніне орайластырылып өтіп отырғанын жеткізді. Әрине, бұл өскемендіктер мен қала қонақтарына үлкен тарту екені сөзсіз.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, опера әншісі Шахимардан Әбілов журналистерді ең алдымен қала күнімен құттықтай отырып, осыдан тура үш жыл бұрын ғана облыс әкімі Даниал Кенжетайұлымен бірге Өскеменде үлкен классикалық музыка фестивалін ұйымдастыру туралы кеңесіп, әңгімелескенін, бүгінде өнер әлемінде үлкен орны бар «Ақ Ертіс» халықаралық фестивалінің қалай өмірге келгенін есіне алды.


- Міне, оған да үш жыл болып қойыпты. Әрине, фестиваль деген үлкен рухани дүние ғой. Оның үстіне Өскемен жәй жер емес. Бұл өр Алтай, ғажап табиғат қана емес, сонымен бірге қазақтың ұлы ақыны, философы Абайдың туған жері. Қазақ десек, Абай дейсіз, Абай десек қазақ дейміз ғой. «Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағын кесері бар. Ақылдының сөзіндей ойлы күйді, Тыңдағанда көңілдің өсері бар» дейтін де сол Ұлы Абай. Өнер арқылы, жүрек пен ақыл арқылы ғана біз Қазақстанды, оның рухани дүниесі мен экономикасын әлемге таныта аламыз. Елбасымыз Н. Назарбаев та үнемі бізге Абай жолымен жүру керектігін айтады, - деді танымал опера әншісі Ш. Әбілов.

Сонымен қатар, баспасөз мәслихатында Түркиядағы Самсун қаласындағы опера және балет театрының дирижері Михаил Кирхгофф, Донисетти классикалық музыка байқауының лауреаты Айшегюль Кирманоглу, «Астана опера» театрының әншісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Сүндет Байғожин сөз алып, фестиваль жайлы жылы лебіздерін білдірді.


- Мұндай фестивальдер көрермен үшін ғана емес, әншілер үшін де өте пайдалы. Біз бір-бірімізбен араласып, шеберлігімізді шыңдаймыз, рухани жағынан өсіп, толысамыз. Сондықтан да мен осындай халықаралық деңгейдегі фестивальді ұйымдастырып, өткізіп отырған облыс басшысына үлкен алғысымды айтамын, - дейді Айшегюль Кирманоглу.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив