KZ
Өскемен
+2°
туман Штиль
478.93 534.96 5.16

«Торпедо» «Металлургтен» басым түсті

14.10.2018, 07:04 212


«Торпедо» жеңіліп жатып жеңіске жетті. Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының 14-ші турында өз айдынында новокузнецкілік «Металлургті» қабылдаған өскемендік команда қарсыласынан 4:2 есебімен басым түсті.


Бұл ойын жерлестеріміз үшін аса сәтсіз басталды деуге болады. Бірінші кезеңнің 12-ші минутына қарай торпедолықтар 0:2 есебімен жеңіліп жатты. Екі жағдайда да қонақтар «Торпедо» ойыншыларының айдыннан қуылуын сәтті пайдаланды. Абырой болғанда, өскемендік хоккейшілер тез ес жиды. Алғашқы кезең соңына қарай есеп айырмасын бір шайбаға дейін қысқартқан торпедолықтар үзілістен кейін таразы басын теңестіріп кетті.


Айта кетерлік жайт, екі шайба да «Торпедо» сапына таяуда ғана келіп қосылған шабуылшы Талғат Жайлауовтың еншісінде. Осыдан кейін жерлестеріміз ойын тізгінін біржолата өз қолдарына алып, қарсыластың адымын аштырмай тастады.


Соңғы жиырмаминуттықта шабуылшылар Аркадий Шестаков пен Александр Шин тағы екі шайбаның авторлары атанып, есепті 4:2-ге жеткізді. Бұл есеп ойын соңына дейін сақталды. Осы ретте, «Металлургтің» қақпасына соғылған төрт шайба да қазақстандық хоккейшілерге тиесілі екенін айта кеткен жөн. Себебі, дубль жасаған Жайлауов сияқты Шестаков пен Шин де өзіміздің отандастарымыз, ұлттық құраманың ойыншылары.


Осы жеңісінен кейін 16 ұпай жинаған өскемендік ұжым турнир кестісінің 11-ші сатысына көтерілді. Келесі кездесуін Мисхат Фахрутдиновтың шәкірттері қонақта Санкт-Петербор қаласында жергілікті «Динамо» командасымен өткізеді. Бұл ойын 17 қазан, сәрсенбі күні ойналады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив